
Қазіргі таңда ауданымызда бірнеше нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – Шардара қаласындағы Түгелбаев көшесі бойында салынып жатқан шағын өндірістік аймақ. Апта барысында аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы аталған өндірістік аймақтың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жоғарыда біз сөз еткен нысанда өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шағын өндірістік аймақтың іске қосылуы жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға, өндірістік жобаларды орналастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Арман Романұлы нысандағы құрылыс жұмыстарының қазіргі барысын зерделеп, орындалу сапасына, жобалық талаптардың сақталуына және белгіленген мерзімдердің орындалуына назар аударды. Жауапты сала мамандары мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы, әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Арман Романұлы Шардара қаласындағы №3 және №4 шағын аудандарға тартылып жатқан ауызсу құбыры желісінің құрылыс жұмыстарын көріп, инженерлік инфрақұрылым нысанының орындалу барысын бақылауға алды.
А.Қарсыбаев нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарының тек қағаз жүзіндегі есебімен шектелмей, нақты орындалу барысына ерекше мән берді. Атап айтқанда, құрылыс сапасы, жобалық шешімдердің сақталуы, жұмыс қарқыны, белгіленген мерзімдердің орындалуы, еңбек қауіпсіздігі және тұрғындардың қажеттіліктері назарға алынды.

Аудан басшысының құрылыс нысандарын жергілікті жерде тұрақты зерделеп, анықталған мәселелер бойынша жауапты мамандар мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беруі – жұмысты жүйелі ұйымдастырудың маңызды көрінісі.
Шардара қаласындағы Түгелбаев көшесі бойындағы шағын өндірістік аймақ пен №3 және №4 шағын аудандарға тартылып жатқан ауызсу желісі – әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобалар. Бірі – кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға жаңа мүмкіндік қалыптастырса, екіншісі – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Шағын өндірістік аймақтың толыққанды іске қосылуы кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік қызметін кеңейтуге, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады. Ал ауызсу желісінің құрылысы – халықтың күнделікті тұрмысында аса маң-ызды орын алатын инженерлік инфрақұрылымды жетілдірудің нақты қадамы.
Осындай нысандардың уақытылы, әрі сапалы іске асуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау, мердігерлердің міндеттемелерін сапалы орындауын қамтамасыз ету және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою – басты талаптардың бірі.
Жалпы, Шардара қаласында жүзеге асырылып жатқан шағын өндірістік аймақтың құрылысы және №3, №4 шағын аудандарға ауызсу желісін тарту жобасы халықтың әл-ауқатын арттыруға, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және қаланың инженерлік-инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Ең бастысы – әрбір қолға алынған жоба нақты нәтижеге айналып, ел игілігіне қызмет етуі. Бүгінгі сапалы құрылыс – ертеңгі тұрақты дамудың негізі. Ал, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар – елге қызмет етудің айқын көрінісі.
«Өскен өңір» – ақпарат.





