Жуырда «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен 1 қазан – Қарттар күніне арналған «Дәстүрмен өрілген қолөнер – ұрпаққа аманат» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Ардагер ата-апаларымыздың қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалауға аудан әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов, «Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Шомпиев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, «Шартарап-шарайна» газетінің бас редакторы Нұрмахан Қары, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының төрайымы Бибігүл Көшекеева, М.Горький атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Бауыржан Биташов бастаған бірқатар басшылар мен «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мамандары, осында қызмет алушылар  қатысты.

Мерекелік апталық аясында орталықта қызмет алушы зейнеткер ата-апалардың қатысуымен ұлттық қолөнерді дәріптеуге арналған көрме және салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған ашық есік күні ұйымдастырылды.

Көрмеде қазыналы қарттардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы құрақ көрпелер, кесте, тоқыма және тігін бұйымдары, ұлттық әшекейлер, ағаштан жасалған бұйымдар, картиналар және басқа да қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара барысында қарттар өздерінің қолөнер жасау тәжірибелерімен бөлісіп, мектеп оқушыларына ұлттық бұйымдардың жасалу ерекшеліктері мен салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні туралы әңгімеледі.

Шара барысында сөз алған Б.Шомпиев қолөнершілердің құқықтық мәртебесін бекіту және оларды ұлттық болмыс пен креативті экономиканың маңызды бөлігі ретінде қолдау бағытында «Қолөнер қызметі туралы» заң қабылдау жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл бастаманың «Әділет» партиясының ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі мәдениетті дәріптеу және қоғамның мәдени-рухани дамуына үлес қосу бағыттарымен сабақтас екенін жеткізді. Сонымен қатар, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара ауданы филиалының төрайымы, «Әйелдер қанатының» мүшесі Бибігүл Көшекееваға «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың атынан Алғыс хат табыстады.

Ұлттық қолөнер – ұлттың рухани мұрасы. Оны дәріптеу – дәстүрді сақтау, аға буынның өнегесін бағалау және ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа аманат ету.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, аға буынның өнегесін жастарға жеткізуге және ұрпақ сабақтастығын нығайтуға бағытталған тағылымды бастамаларымыз алдағы уақыттары да өз жалғасын таба берері сөзсіз.

Өз тілшімізден.