
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында мектеп оқулықтарының сапасы мен тарихи деректердің нақтылығы мәселесіне ерекше назар аударды.
Президент мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтып, тексерілмеген тарихи деректер мен шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді оқу материалдарына енгізуге жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Осы өзекті мәселені талқылау мақсатында «Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалында ауданның зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиынға Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық орталық кітапхананың директоры Ғайша Төребекова, аудандық білім бөлімінің әдіскері, «Әйелдер қанатының» аудандық төрайымы Гаухар Шамеева, аудандық «Шартарап-Шарайна» газетінің бас редакторы Нұрмахан Қары, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, «Қызылжар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәбит Лаханов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрлан Смайловтар қатысты.
Жиында тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу, жас ұрпаққа тарихты бұрмаламай, нақты, әрі дәлелді деректер негізінде жеткізу, отансүйгіштік тәрбиенің мазмұнын жетілдіру және жастардың тарихи санасын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
«Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Қуанышбайұлы Мемлекет басшысы көтерген мәселенің маңыздылығына тоқталып:
«Президент көтерген бұл мәселе өте орынды. Ұрпақ тәрбиесінде тарихи шындықтың орны ерекше. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс танып, өткенін мақтан тұта отырып, болашаққа сеніммен қарауы қажет. Сондықтан, тарихи деректердің нақтылығы мен оқулықтардың сапасына қоғам болып мән беруіміз керек. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз», – деді.
Жиынға қатысушылар да өз пікірлерін білдіріп, ұлттық тарихты зерттеу мен насихаттауда ғылыми ұстанымның, тарихи деректердің нақтылығының және ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Тарихты құрметтеу – өткенді дәріптеу ғана емес, оны шынайы танып, келер ұрпаққа дұрыс жеткізу.
«Өскен өңір» – ақпарат.





