«Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, оларды шешуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.

Кезекті қоғамдық қабылдауды Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бахытжан Серманизов өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға «Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Қуанышбайұлы қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар спортты дамыту, жастарды қолдау, білім беру нысандарының жағдайы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Атап айтқанда, ауданда желкенді қайық спортын қайта дамыту, жастарға жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейту, аудандық оқушылар үйлерін жөндеу және материалдық-техникалық базасын жаңарту, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған іс-шараларға демеушілік қолдау тарту ұсыныстары айтылды.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы несие беру тетігін жетілдіру және Жаушықұм елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Көтерілген мәселелер бойынша азаматтарға қолданыстағы заңнама мен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер түсіндіріліп, тиісті ұсыныстарды жауапты мемлекеттік органдарға жолдау және мәселелерді әрі қарай зерделеу бағыттары белгіленді.

«Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалы тұрғындар көтерген мәселелердің қаралуы мен шешілу барысын назарда ұстап, партиялық бақылау аясында тиісті жұмыстарды жалғастырады.

Өз тілшімізден.