Елбасымыз, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны белгiлi. Мемлекет басшысы отансүйгiштiк сезiмнiң кiндiк қаның тамған жерiңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңiрiңе, яғни, туған жерiңе деген сүйiспеншiлiктен басталатынын қадап айтқан едi. Елбасымыз бұл жөнiнде «Туған жердiң әрбiр сайы мен қырқасы, тауы мен өзенi тарихтан сыр шертедi.
Әрбiр жер атауының төркiнi туралы талай-талай аңыздар мен әңгiмелер бар. Әрбiр өлкенiң халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есiмдерi ел есiнде сақталған бiртуар перзенттерi бар. Осының бәрiн жас ұрпақ бiлiп өсуге тиiс» - деп атап көрсетуiнде үлкен маңыз бар. «Туған жерге туың тiк» дегендей, «Туған жер бағдарламасы» аясында Шардара қаласында мазмұны зор iс-шара ұйымдастырылды.
Кәсiпкерлер күнiне орай Шардарадан шыққан есiмдерi елге белгiлi бiр топ кәсiпкер азаматтар жұма, 8 қараша күнi туған жерге оралып, жерлестерiмен кездестi. «Туған жер тұғырым» акциясы аясында ұйымдастырылған осынау iс-шара қаладағы «Тұңғыш Президент» саябағынан бастау алды. Аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиевтiң жетекшiлiк етуiмен алыс-жақыннан келген кәсiпкерлер, кезiнде ауданның дамуына үлестерiн қосқан ел ағалары ең алдымен саябақ iшiндегi Кеңес Одағының Батырлары Сейiтқасым Әшiров пен Абылай Әлiмбетовтiң, Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаның ескерткiш-мүсiндерiне, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығына орай тұрғызылған «Даңқ» ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды. Саябақ iшiн аралап көрiп, аудандық ардагерлер Кеңесiнiң ғимаратында болды. Мұнан кейiн аудандық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын бұрып, Шардара ауданының тарихымен танысты. Музей директоры Нұрлан Сымайылов қонақтарды ауданның құрылуына 55 жыл толуына орай деректi хикаяттардан мағлұматтар келтiрiп, құнды жәдiгерлермен таныстырды.
Акцияға келген азаматтар «Шардара Армспорт» спорт клубында болып, бiрнеше спорт үйiрмелерiнде болды. Спорттың армрестлинг, жеңiл атлетика, таэквон-до, найза және ядро лақтыру түрлерi бойынша шұғылданып жатқан өрендермен кездесiп, «ел абыройын асқақтататын чемпион бола берiңдер» - деп баталарын берiстi. Қонақтар Бекзат Саттарханов атындағы саябақ iшiндегi «Отбасылар аллеясына» барып, шырша көшеттерiн отырғызды.
Салтанатты шара қаладағы «Мәлика» дәмханасында одан әрмен жалғасты. Шара үстiнде сөз сөйлеген аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толып отырған айтулы датаның мән-маңызына кеңiнен тоқталды. Өңiр халқының еңбекқорлығының, ауызбiрлiгi жарасқан ынтымақты ел болуының арқасында талай асуларды бағындырып, қазiргi таңда дамып келе жатқан аудандардың қатарында екенiн атап көрсеткен Қайрат Жолдыбайұлы мұндай жетiстiкке жетуге аға буын өкiлдерiмен қатар кәсiпкерлердiң де зор үлес қосып келе жатқанын жеткiздi. Сонымен бiрге, мереке үстiнде Қайрат Жолдыбайұлы бiр топ азаматтарға, атап айтар болсақ, еңбек ардагерi Рахымжан Кенбаев, «Төбелдi» қаракөл қой шаруашылығының төрағасы Жаппар Кәрiмов, «Тұрар» шаруа қожалығының төрағасы Юрий Ан, кәсiпкер Төлбасы Бектасов сынды азаматтарды аудан әкiмiнiң Алғыс хаттарымен марапаттады. Мұндай мазмұндағы марапаттауды аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев, аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиев те жасады.
Өз кезегiнде сөз алған Рахымжан Кенбаев Шардара қаласында оң өзгерiстердiң көп болып жатқанын тiлге тиек етiп, жерлестерiн ауданның 55 жылдық мерекесiмен құттықтады. «Көп тiлегi көл» деген мақалды орынды келтiрген ел ағасы ауданның мерейтойына өз отбасының атынан қаржылай үлесiн қосып, Шардараның шарықтай беруiне тiлектестiгiн бiлдiрдi. Игi iстен өзгелер де шет қалған жоқ. Жапар Кәрiмов, Төлбасы Бектасов, Асылбай Тiлегенов, Дүйсенкүл Серкебаева, Үсен Құралбаев, Қыстау Iлесов, Амангелдi Сәдiрұлы, Сапар Баратов, Сейсен Қуан, Юрий Ан, Дәулет Бектасов, Нүридин Сыздықов, Құрманғазы Әкпаров, Ерлан Сүттiбаев, Нұрмахан Қары және басқа да азаматтар ауданның тойына қаржылай демеушiлiк жасады.
Салтанатты шараның шырайын Әбдiғаппар Айдаров, Бақберген Омаров, Эльмира Шонаева, Ербол Таңжаров, Нұржан Жығалиев есiмдi өнерпаздар келтiрiп, көрермендерге көтерiңкi көңiл-күй сыйлады.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.