Еңбек ардагерi, ауданның Құрметтi азаматы Есенбек Қаханов:

“ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА”

Зейнет жасына шықса да қоғамға қызмет етiп келе жатқан ардагер ағалар бар.

Сондай азаматтың бiрi – Қызылқұм тыңын игерушi, еңбек ардагерi, ауданның Құрметтi азаматы Есенбек Қаханов. Жас жiгiттердей ширақ қалпынан айнымастан, «Автомелиос» ЖШС-iне басшылық жасап отырған Есенбек Қаханұлын жұртшылық жақсы таниды. Жуырда ғана еңбекқор ағамызға тағы да бiр қоғамдық жұмыс жүктелдi. Өзi ғұмыр кешетiн қаладағы Ақбала мөлтекауылының ауыл биi болып сайланды. Ендiгi уақытта қаланың санитарлық-тазалық жұмысына қоса Ақбала мөлтекауылы тұрғындарының мұң-мұқтажының оң шешiлуiне атсалысатын болмақ. Өзiне жүктелген қандай мiндеттi де жауапкершiлiкпен әрi намысқа тырысып атқаратын ағамыз бұл жұмыстың да үдесiнен шығатынына сенiмiмiз кәмiл. Осы орайда қаламыздың көркейiп-гүлденуiне, өсiп-өркендеуiне әлi күнге дейiн үлес қосып келе жатқан еңбек ардагерiнiң өмiр жолынан сыр шертiп, оқырман қауымға кеңiнен айтып өтсек деп едiк.

1953 жылы өмiрге келген Есенбек Қахановтың балалық шағы құм iшiндегi Жiбекшi ауылында өттi. Ата-анасының бауырынан өрбiген 6 ұл мен 2 қыздың iшiнде Есенбек аға әулеттiң 4-шi перзентi болып саналады. Ата-анасы туралы айтқан кезде Қахан аға мен Пал апаға тоқталмай өтуге әсте болмайды. Бар бақытын еңбектен тапқан Қахан Жүнiсов «Шардара» қаракөл қой кеңшарының Жiбекшi фермасында зейнет жасына шыққанша  аға шопан болып жұмыс iстедi. Көмекшi шопан болған өмiрлiк жолдасы Пал Жүнiсовамен бiрге уақытпен санаспай еңбек етiп, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына зор үлестерiн қосты. Адал мехнаттарының арқасында аудан бойынша озат шопан атанып,  әр жүз саулықтан 160-180-нен төл өргiздi. Елтiрiнiң 90-95 пайызы I сортқа бағаланып, әр қойдан 3,5-4 келiден жүн алуға қол жеткiздi. Елiмiзде мал басын көбейтуге қосқан ерен еңбектерi үшiн Қахан Жүнiсов сол кездегi ең жоғарғы наградалар – Ленин, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгiсi» ордендерiмен және «Еңбектегi ерлiгi үшiн», «Еңбек үздiгi», Лениннiң 100 жылдығы, Қазақстанның 50 жылдығы медальдарымен марапатталып, бiрнеше мәрте Социалистiк жарыстың жеңiмпазы атанды. Жұбайы Пал Жүнiсова 1967-1971 жылдары облыстық Кеңестiң депутаты болып сайланды. Қызылқұм өңiрiне сыйлы болған Қахан аға мен Пал апаны жерлестерi әлi күнге құрметпен еске алады. «Жақсының аты өшпейдi, ғалымның хаты өшпейдi» дегендей, бұл кiсiлердiң аттары аталған кезде аға буын өкiлдерi «ее, шiркiн, Қахан қандай едi, берекелi дастарқанынан дәм ауыз тигiзбей қайтармайтын Пал қандай едi» – деп таңдай қағысады. Еңбекқор ата-ананың әрбiр iсi ұрпақтарына да үлгi-өнеге болды. Ұяда көрген тәлiм мен тәрбиенiң арқасында Қахан аға мен Пал апаның ұл-қыздары өнегелi ұрпақ болып қалыптасып, бүгiнде әрқайсысы әр салада еңбек етiп жүр.             

«Шардара» кеңшарындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебiн бiтiрген соң Есенбек аға  Ташкенттегi «Автомобиль – автомобиль жолдары» институтына оқуға түсiп, инженер-механик мамандығын иеленiп шығады. Дипломды жас маман өзi туып-өскен Шардара ауданына келiп алғашқы еңбек жолын бастайды. «Шардарақұрылыс» басқармасына қарасты  №2 Автобазаға шебер болып қызметке қабылданған Есенбек Қаханұлы осы мекемеде колонна механигi, эксплуатация бөлiмiнiң бастығы, бас инженер қызметтерiн атқарды. Өзiнiң iскерлiгiмен, ұйымдастырушылық қабiлетiмен танылған бiлiктi азамат қай тiрлiктi болмасын жауапкершiлiкпен атқара бiлдi. Осындай қасиеттерi жоғары бағаланған Есенбек Қахановқа автобаза директоры лауазымы сенiп тапсырылды. Тың игеру жұмысында маңызды рөл атқарған осынау үлкен мекеменi Есенбек аға ойдағыдай басқарып, өз мiндетiн абыроймен атқарып шықты. 

– Ол кездердегi жұмыс қарқыны естен шықпайды. Бiздiң мекемеде 250-дей автокөлiк, 350-дей қызметкер жұмыс атқарды. Автобазаның көлiктерiмен аудандағы барлық құрылыс нысандарына қажеттi материалдар тасымалданып отырды. Қала мен барлық кеңшарлардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтiк нысандарға, 120 шақырым келетiн Қызылқұм каналына темiр-бетон бұйымдарын жеткiзу тiкелей бiздiң мекеменiң көлiктерiнiң мiндетi едi. Тоқтаусыз жұмыс iстеп тұрған оншақты жылжымалы мехколонналарға тиiстi материалдарды уақтылы тасымалдап отырдық. Шалғайдағы Ақалтын, Егiзқұм, Достық ауылдарындағы темiр бетон лотоктарды тасыған кездер көз алдымда. Сол кезде бәрiмiздiң алдымызға қойған мақсат – Қызылқұм массивiн ойдағыдай игеру болды. Және бұл мiндеттi өз деңгейiнде орындап шықтық. Тың игеру жұмысының бел ортасында жүрiп, әрiптестерiммен бiрге Шардараның жаңа тарихын жасауға қатысқаным мен үшiн үлкен абырой деп санаймын, – дейдi Есенбек Қаханұлы.               

Еңбек ардагерi өзiне тура жол көрсетiп, iскерлiк қасиеттерiмен үлгi болған азаматтарды ұмытқан емес. Аудан мен облыс көлемiнде басшылық қызметтер атқарған Өстемiр Тiлеген, Қазақбай Қажанов  сынды азаматтарды өмiрлiк ұстаздары санайды.         

– Бұл азаматтардан көп нәрсе үйрендiм. Өстемiр Тiлегенұлы кадр таңдауда қателеспейтiн едi. Адам бойындағы қарым-қабiлетiн көзiне қарап отырып-ақ таниды. Содан соң әр қызметкерге өзiнiң қолынан келетiн iстi тапсырады. Өсекеңнiң мектебiнен өткен кадрлардың жаман болғаны жоқ. Ал, Қазақбай Қажанов ағамыздың бойындағы кеңпейiлдiлiк, қамқорлық қасиеттерiн айтып тауыса алмаймын. Алдына келген адамның ой-пiкiрiн асықпай тыңдап, содан соң барып өзiнiң сөзiн айтады. Пайым-парасаты мол Қазекеңдi қарамағында iстеген барлық қызметкерлер өте қатты құрметтейдi. Елге тұтқа бола бiлген осындай дархан жүректi, кесек мiнездi азаматтардың әрбiр iстерiн өзiме үлгi-өнеге етiп алып отырдым, – дейдi Есенбек Қаханұлы.

Сондай-ақ, комсомолдық екпiндi құрылыс алаңында тер төккен Мәжит Сапарбаев, Жүсiп Рахматуллаев, Болат Ермекбаев, В.Ф.Шерер, Е.П.Толстых сынды түрлi мекемелерге басшылық жасаған үзеңгiлес әрiптестерiнiң ел үшiн жасаған еңбектерiн әруақытта айтып отырады.    

«Ұстаз шәкiртiмен мақтанады». Десе дегендей, Шымкент қаласындағы «Шымкентмелиорация» ЖШС директоры Қазақбай Қажанов 2013 жылы өзiнiң iзбасар шәкiртi Есенбек Қаханов 60 жасқа толған кезде арнайы хат жолдап, оның еңбек жолын қамти отырып, әдiл бағасын берген болатын. Сол хаттан үзiндi келтiрсек. «...Қаханов Есенбек еңбек жолын 1976 жылы «Шардарақұрылыс» басқармасына қарасты №2 Автобазаның механигi болып бастап, iскерлiгiнiң арқасында басшы қызметке дейiн көтерiлдi. Бұл аудан жаңадан салынып жатқандықтан үлкен құрылыс алаңы болатын. Мұнда әсiресе техника үлкен роль атқаратындықтан, автобазаларға ауқымды мiндеттер жүктелдi. Әкiмшiлiк ғимараттары, аурухана, мектеп, бала бақшалар, басқа да мекемелердiң жайларын және тұрғын үйлер салу үшiн құрылыс материалдарын уақытында жеткiзу бiрiншi мәселе болды. Осы жүктелген мiндеттер Қаханов Есенбек сынды iскер басшылардың арқасында мүлтiксiз орындалды. Сонымен қатар бұл азамат Қызылқұм өңiрiн суландыратын гидротехникалық объектiлердi салуда аянбай еңбек етiп, құрылыстың өз мерзiмiнде бiтуiне зор үлес қосты...»           

Уақыт талабына сай бұрынғы дүрiлдеп тұрған мекемелер жұмысын тоқтатып, жаңаша жұмыс жүйесi басталды. 2002 жылы Есенбек Қаханұлы «Автомелиос» ЖШС-iн өмiрге әкелдi. Бұл серiктестiктiң негiзгi мiндетiне санитарлық-тазалық жұмыстарымен айналысып, қаланы көркейтiп-көгалдандыру кiрдi. Ол кезде Шардара қаласы бүгiнгiдей тап-таза боп жайнап тұрмағанын тұрғындар ұмытпаса керек. Санитарлық-тазалық жұмысы мүлдем тұралап тұрған, оған бөлiне қоятын бюджетте қаржы тапшы кез едi. Жалынды жастық шағын, қажыр-қайратын, бiр сөзбен айтқанда бар саналы ғұмырын Шардараға арнағандықтан, туған өлкесiнiң жай-күйiне енжар қарап отыра алмады. Қордағы өз қаржысын жұмсай отырып, қаланы қоқыстан тазартуға бiлек сыбана кiрiсiп кеттi. Қаладағы Абай, Қазыбек би көшелерiндегi, «Тұңғыш Президент саябағында»  бүгiнде жайқалып өсiп тұрған шырша талдарын да көшет кезiнде Өгем тауының бойынан тасымалдап әкелген өзi болды. 

– Сол кездерi қала әкiмi қызметтерiн атқарған Зұлпыхар Биболов, Оралбай Ақбердиев сынды азаматтар «сен намысты жiгiтсiң ғой, осы тазалық жұмысын қолға алып, бiр жолға қойсаң қайтедi» – деп қолқа салды. Онсыз да қаламыздың қоқысқа толып жатқаны жанымды ауыртып жүрген. Тәуекел деп кiрiсiп кеттiм. Әсiресе, 2-мөлтекаудандағы «Тәуелсiздiк саябағының» орнында тау-тау боп үйiлiп жатқан күл-қоқысты екi апта тазаладық. Қазiргi жаңадан салынған М.Әуезов атындағы бiлiм ошағының орнын тура бiр ай тазалаған шығармыз. Ауыл билерiмен көшенi күнде аралап, Шардара бәрiмiздiң ортақ қаламыз екенiн айтып тұрғындарға түсiндiру жұмыстарын жүргiздiк. Тазалық жұмыстарын осылайша бiрте-бiрте ретке келтiрдiк, – дейдi Есенбек аға.            

Кәсiпкерлiкпен шұғылданған соң қайырымдылық шараларына бiркiсiдей қатысып отырғанын жақсы бiлемiз. Наурыз тойында қатарынан төрт жыл бойы, атап айтқанда, 2009-2012 жылдары қаладағы тұрмысы төмен, жалғызiлiктi 200 адамға мерекелiк дастарқан жайып отырды. 2008 жылы қаладағы Әл-Фараби көшесiнiң бойынан өз қаржысына «Ботабай» балалар алаңшасын салып, көпқабатты үйдiң адамдарына ас бердi, балаларға балмұздақ таратты. Созақ ауданында қатты дауылдың салдарынан табиғи апат орын алғанда бiр күннiң iшiнде оншақты жұмысшы жiгiттердi ұйымдастырып, 5 үйдiң шатырын өз қаржысына толықтай жауып бердi. Мұндай қайырымдылық жұмыстарын санамалай берсек әрi қарай жалғасып кете бередi.             

2014 жылы кондоминиум жұмысымен айналысты. Қаладағы көпқабатты үй тұрғындарымен жұмыс жүргiзе отырып, 17 үйдiң қайта жаңғырту жұмысының басы-қасында жүрдi. Құрылыс жұмысымен айналысқан мердiгерлерден жұмыстың жобада көрсетiлгендей және сапалы жүргiзiлуiн талап етiп, қадағалап отырды.

Есағаның ел үшiн жасап отырған еңбегiне лайықты баға берiлiп келе жатқанын айтуға тиiспiз.  2004 жылы «Шағын және орта бизнес» саласындағы жылдың үздiк кәсiпкерi, «Өндiрiс және құрылыс саласының үздiк кәсiпкерi»  номинациясы бойынша аудан әкiмiнiң дипломымен марапатталды. 2005 жылы «Шағын кәсiпкерлiктi дамытудағы жетiстiктерi» үшiн конкурсының лауреаты атанды. «Қызмет көрсету саласындағы ең үздiк кәсiпкер» номинациясы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысы  әкiмiнiң дипломымен, 2005 жылы «Қызмет көрсету саласындағы ең үздiк кәсiпкер» номинациясы бойынша аудан әкiмi дипломымен, 2006 жылы Қазақстан Республикасының 15 жылдығына орай ауданның әлеуметтiк –  экономикалық дамуына үлес қосқаны үшiн аудан әкiмiнiң алғыс хатымен,   2008 жылы «Шардара қаласының қоғамдық саяси өмiрiне белсендi қатысқаны» үшiн қала әкiмiнiң алғыс хатымен, қаланы абаттандыруға қосқан зор үлесi үшiн  2008 жылдың қорытындысы бойынша ауданның «Жыл адамы» атағымен марапатталды. 2012 жылы «Қазақстан Республикасының 20 жылдығы» мерекелiк медалiн иелендi. 2018 жылы өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына қосқан үлесi үшiн «Шардара ауданының Құрметтi азаматы» атағы берiлдi.  

Есенбек Қаханұлы өзiнiң өмiрлiк жолдасы Зухра Өтепбергенқызы екеуi 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсiрiп, олардан 8 немере сүйiп отыр. Ең қымбат қазына – елге еткен еңбек деп санайтын Есенбек аға:        

– Бiз барлық техника жетiлген заманда, зәулiм үйлерде өмiр сүрiп жатырмыз. Былай қараған адамға осының бәрi өзiнен-өзi келе салғанға ұқсайды. Алайда бүгiнгi өскелең ұрпақ мұндай ғажайып өмiрдi өз қолдарымен жасаған аға буынның еңбегiн ұмытпау керек. Адамға бақытты болу үшiн үш нәрсе керек, – деп жазған екен бiр ойшыл. Оның бiрiншiсi – өмiрлiк жар таңдауда қателеспеу, екiншiсi – жаның қалаған жұмыспен шұғылдану, үшiншiсi – ақылшы ұстаздарың болу дейдi. Аллаға шүкiр деп айтайын, осы үшеуi де маған бұйырды, сондықтан бақыттымын деп айта аламын, – дейдi.

Иә, өмiр-өзенде желкенiн жықпай келе жатқан қайсар мiнездi ағамыздың денiне саулық, отбасына амандық тiлеймiз. 

К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI