Табиғат сыйлаған жылдың төрт мезгiлдерiнiң iшiндегi берекелiсi де, мерекелiсi де – күз мезгiлi. Бұл айларда диқан қауымы алажаздай еткен еңбегiнiң жемiсiн көредi. Жаз бойы жасыл түске көмкерiлген ағаштардың жапырағы сарғайып, жерге түседi. Диқандар жиын-терiмiн аяқтап, “Сабан той“ жасап, мәз-мейрам болады.

Күздiң осындай бiр керемет шағын оқушылардың есiнде қалдыру мақсатында Қоссейiт жалпы орта мектебiнiң 4-5 сынып оқушыларымен “Алтын күз“ ашық сабағын өткiздiм. Ондағы мақсатым оқушылардың көңiл-күйiн көтерiп, күз туралы бiлiмдерiн, табиғатқа деген сүйiспеншiлiктерiн арттырып, ой-өрiстерiн кеңейту, қызықтыру. Күздiң ерекшелiктерiн естерiнде қалдыру.

Оқушылар сабақ барысында орыс алфавитi, дауысты, дауыссыз дыбыстар, оқу құралдары мен жемiс-жидектер тақырыбында дайындалған викториналық сұрақтар мен жұмбақтарға жауап берiп, мақал-мәтелдердiң соңғы сыңарын тауып, сөйлемдi жалғастырды. Әр топқа бөлiнiп “Сөзжұмбақтар“ шешiп, күз туралы өлеңдер оқыды.

Сыртқа шығып, солтүстiктен жылы жаққа ұшып бара жатқан құстар мен ағаштардан жерге сарғайып, үзiлiп түсiп жатқан жапырақтарды бiрге бақыладық. “Кiм көп жапырақ жинайды?“ ойынын өткiздiк. Сабақ барысында Кеңес Ақдидар, Сейiлхан Диана, Шалқар Перизат, Анықбек Мерейлiм, Таңсықбай Аяжан сияқты оқушылар ерекше атсалысып, өздерiнiң зеректiлiгiн байқатты.

Өткiзген “Алтын күз“ ашық сабығымнан оқушылар күз туралы бiлiм, танымдарын арттырып, мол әсер алды.

Раушан ЖҮсiпбАЕВА, аудандық оқушылар үйiнiң орыс тiлi пәнi мұғалiмi.