Уақыт зымырап өткен сайын тарихтың қатпары қалыңдай бередi.
Ойлап отырсақ, елiмiз егемендiк алғаны, дербес мемлекет атанғаны кеше ғана секiлдi едi…
Әрине, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары мен қазiргi кезеңнiң айырмасы жер мен көктей. Құлдыраған экономика, әлсiреген әлеуметтiң жағдайы сол кезде уығын ендi тiгiп жатқан жас мемлекеттiң халқы үшiн де, елдi басқарушылар үшiн де орасан сынақ болғаны сөзсiз. Алайда осындай ауыр кезеңнен Қазақ елi бiртiндеп аяғына тұрды.
Осындай алмағайып кезде жас мемлекеттiң тiзгiнiн ұстаған көшбасшыға көп жағдай байланысты болғаны ақиқат. Бұл ретте республика жұртшылығы өз таңдауын дұрыс жасай бiлдi деуге негiз бар.
1991 жылдың 1 желтоқсан күнi елдiң тiлегiмен, халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев егемен елiмiздiң тұңғыш президентi болып сайланды. Осы күннен бастап тәуелсiз мемлекеттi басқару мiндетiн мойнына алған Елбасының саяси көрегендiлiгi, қиындыққа қарсы тұратын табандылығы таныла бастады.
Осындай өзiнiң тағдыры мен елiнiң тағдыры тоғысқан сындарлы кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен халқымның тәуекелiне сендiм. Өз халқымның жолында басымды бәйгеге тiккен адаммын. Маған осындай тектi халыққа, арғы-бергiдегi қазақ баласының пешенесiне бұйырмаған бақытты – тәуелсiз мемлекет құрудың бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық бақыт жоқ, осы жолда мен бар қайрат-қабiлетiмдi, бiлiм-бiлiгiмдi аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» – деп жүрекжарды сөзiн айтқан болатын. Мiне, содан берi Елбасы халқына сенiп, ел-жұртына арқа сүйеп келедi. Халқы да Тұңғыш Президентiне деген сенiмдiлiгiн жоғалтпай, оның бастаған баянды iстерiн қолдап жүр.
Тәуелсiздiкке қол жеткiзген уақыт iшiнде Нұрсұлтан Әбiшұлының ұтымды да ұтқыр басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтiк бағдарламалар жүзеге асырылып келедi. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделi мен мәртебесi күн санап, жыл санап асқақтай түстi. Соның айқын айғағы деп Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болып, Саммит өткiзгенiн, қысқы Азия ойындарын ұйымдастырғанын, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер көшбасшыларының құрылтайын дәстүрге айналдырғанын айтуға болады. Қазақ елi төрткүл дүниеге бейбiтшiлiк пен татулықтың мекенi ретiнде таныла түстi. Көптеген халықаралық беделдi ұйымдар Қазақстанда түрлi саяси, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыруға мүдделiлiк танытып, қазақстандық даму модульдерiн өз тiрлiктерiне жарата бастады. Бұл ретте, әсiресе, ұлтаралық татулық пен азаматтық келiсiм бағытындағы Қазақстан жетiстiктерi өнеге ретiнде бағаланып отыр.
Осындай елiң үшiн мақтанатын, жұртың үшiн шаттанатын игi бастамалардың жүзеге асуы мемлекеттiң тiзгiнiн нық ұстаған Елбасымыздың саяси қайраткерлiгi мен қажыр-қайратымен тiкелей байланысты екенi сөзсiз.
Тәуелсiздiк жылдарында жүзеге асқан ең ауқымды жобаның бiрегейi, әрине, жаңа елордамыз болып отыр. Бұл, шынымен де, Елбасының саяси көрегендiлiгiнiң, нар тәуекелiнiң, қиындыққа қарсы тұра алатын қайсарлығының, мақсаткерлiгi мен табандылығының жемiсi. Сондықтан да жұртшылық «Елорда – Елбасының ерлiгi» – деп бағалайды.
Иә, шынымен де мемлекеттiң астанасын ауыстыру деген оңайға түсетiн шаруа емес. Бұл тұтастай бiр елдiң тарихындағы орасан өзгерiс, саяси әрi әлеуметтiк құбылыс десе де болады.
Бұл тарихи құбылыс қалай басталып едi… Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң ойындағы мақсаты мен мұратын 1994 жылы 6 шiлде күнi сол кездегi Жоғарғы Кеңестiң кезектен тыс жалпы отырысында жариялап жiбердi. Әрине, бұл ұсыныс, бұл бастама алғашқыда көпшiлiк үшiн күмәндi iстей көрiнген едi. Алайда, Президенттiң көрегендiлiгi мен табандылығы арқасында қос ғасырдың тоғысында қазақ елiнiң жаңа астанасы бой көтеретiн болды. 1995 жылы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күшi бар Жарлық шықты. Ал 1997 жылдың 10 желтоқсан күнi Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.
1998 жылдың 6 мамыр күнi Ақмола қаласының атауы Астана болып аталды. Осы жылдың жазында жас елорданың халықаралық деңгейдегi тұсаукесерi өттi. Осылайша, ұлы дала төсiнде Астана (қазiргi Нұр-Сұлтан) атты әсем қаланың жұлдызы жарқырап жанды.
Алып құрылыс алаңына айналған астанамыз күн санап адам танымастай өзгерiп, тек қана елордалық тұрғындардың мақтанышына айналып қоймай, бүкiл Қазақстан халқының көзайым қуанышына айналды. Бiрiнен соң бiрi бой түзеген ғажайып ғимараттар, жанға сая болатын саябақтар мен көздiң көркiн алатын көшелер мен көпiрлер жас астанаға сән мен салтанат бере түстi.
Нұр-Сұлтан қаласы бiлiм мен мәдениеттiң де үлкен ордасына айналды. Жаңа заманның талабына қарай құрылған университеттер мен мектептер, өнер сарайлары мен концерт залдары, спорт кешендерi халықаралық шаралардың ошағына айналып отыр. Қарап отырсақ, «Бәйтерек» монументi, «Ақорда» резиденциясы, Тәуелсiздiк сарайы, «Хазiрет Сұлтан» мешiтi, «Астана Арена» стадионы, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы және басқа да ғимараттар елордамыздың еңсесiн көтерiп, қаланың сәулетiмен қатар дәулетiн де айшықтап тұрғандай.
Бұл Қазақстан елiне, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетiлiп отырған сенiм және құрмет.
Түптеп айтқанда, тәуелсiз елiмiздiң Тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан кемесi әлем мұхитында еркiн әрi сенiмдi жүзiп келедi. Бүгiнгi таңда Қазақстан мемлекетi жер-жаһандағы барлық елдермен терезесi тең қарым-қатынас жасап, бейбiтшiлiк пен татулықтың бесiгiне айналған ел ретiнде танылып отыр. Ал бұл бiрлiк пен берекесi жарасқан елдi Елбасының ұйытып отырғаны сөзсiз.
Олай болса, мемлекеттiң мықты болуына, елдiң мерейлi болуына өлшеусiз еңбек сiңiрiп келе жатқан Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың арманы мен мақсатына арқау болған азат жолымыз, бейбiт күнiмiз, берекелi өмiрiмiз ұзағынан сүйiндiрсiн деп тiлейiк. Елбасымыз айтқандай, баршамыздың күнi-түнi ойлайтынымыз қазақ елiнiң тәуелсiздiгi болсын! Ел де, Елбасы да есен-аман болғай!
Әлайдар Манқараев, ардагер ұстаз, Қоссейiт ауылының тұрғыны.