14 қараша күнi Түркiстан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдiров ауданға арнайы келiп, тұрғындармен кездестi. Алғашқы кездесу Жаушықұм ауылында өттi.
«Жаушықұм» мектеп-лицейiнде өткен кездесуге бiрнеше ауылдық округтiң тұрғындары жиналды. Тұрғындар алдында сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы:
– Бiраздан берi өңiрлердi аралап, халықпен кездесу өткiзiп келемiз. Бүгiнгi келгендегi мақсатымыз да өздерiңiзбен кездесе отырып, толғандырып отырған мәселелердi өз ауыздарыңыздан есiту. Сонымен бiрге ауданның өзектi проблемаларымен танысып, шешу жолдарын бiрге қарастырамыз, – дедi.
Алғаш болып есептi хабарлама жасаған аудан прокуроры Руслан Әбдiрайымов облыс прокурорының назарын ең өзектi деген мәселелерге аударды. – Бiр айдың iшiнде бiрнеше елдi мекендi аралап, жұртшылықпен жүздесiп, бiрнеше проблемаларды анықтадым. Солардың iшiнде ең өзектiлерi деп субсидия беру, ауылшаруашылығы жерлерiн мақсатты пайдалану, мал ұрлығы сияқты мәселелердi айтар едiм. Мысалы, қазiрге дейiн 2985 гектар жер анықталып, жер қорына қайтарылса, тағы да 900 гектардан астам жердi қайтарып алу үстiндемiз. Мал ұрлығы өршiп тұр. Әсiресе, мал ұрлығы бойынша ең көп қылмыс Қоссейiт ауылына тиесiлi. Осы өзектi проблемалар тұрақты бақылауда болады, – дедi Руслан Әлжанұлы. Аудандағы қылмыстық көрсеткiштер, жасөспiрiмдер тәрбиесi жөнiнде аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң басшысы Аппаз Тұрғымбаев, аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Ақшагүл Бердалиева, облыстық полиция департаментi басшысының орынбасары Абай Жүсiпов қосымша хабарлама жасады. Ауыл тұрғындары арасынан Жеңiс Бегiмбетов сөзге шығып, әлеуметтiк желiнiң мектеп жасындағы балаларға тигiзетiн зардабы, қазiргi таңдағы блогерлердiң жалған материалына қатаң шара қолдану жайлы айтып өттi.
Кездесуден соң аудан прокуроры Жаушықұм ауылында жеке азаматтарды қабылдап, олардың өтiнiш-тiлектерiне құлақ түрдi. Жеке қабылдауға бiрiншi болып жазылған Жаушықұм ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоғай Нұрымбетов өсiмдiк шаруашылығы, оның iшiнде басымдық берiлген дақылдарға төленетiн субсидиялық жеңiлдiк беру жөнiнде айтып өттi. Сол сияқты ауыл тұрғыны Бақтыгүл Сатыбалдиева көп балалы ана ретiнде қайтарымсыз несие алу жөнiнде көмек сұраса, жеке кәсiпкер Қабылан Жұмабек ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi өз иелiгiндегi малдарға мемлекет тарапынан берiлетiн жеңiлдiктердi қалай алуға болатыны жөнiнде, жас кәсiпкер Алмас Әбубәкiров «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы несиелендiрудiң жай-жапсары туралы сұрады.
Азаматтарды жеке қабылдау аудан әкiмдiгiнiң кiшi мәжiлiс залында одан әрi жалғасты.
Облыс прокурорының қабылдауына жазылған азаматтар негiзiнен қалаға көгiлдiр отын тарту, туризмдi дамыту, аз қамтамасыз етiлген отбасыларға жаңа жылдан бастап қандай көмек көрсетiлетiнi жайлы сауалдар қойып, тиiстi жауаптарын алды.
Мұнан кейiн аудан әкiмдiгiнiң үлкен мәжiлiс залында аудан активiмен жиын өттi. Жиынға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдiровпен бiрге облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков қатысты.
Жиын кезiнде арқада қалған он айдың қорытындысы бойынша аудан прокуроры Руслан Әбдiрайымов хабарлама жасады. Сонымен бiрге, ауданда түнгi сағат 23.00-ден кейiн спирттi iшiмдiктер сатып тұрған дүкендердi түсiрген бейнеролик көрсетiлдi. Руслан Әлжанұлы жол-көлiк оқиғасы, мал ұрлығы және браконьерлiкпен күресу, жердi мақсатты пайдалану бойынша жұмыстарды өзектi проблемалар ретiнде өзiнiң жоспарына енгiзiп отырғанын жеткiздi.
Әрбiр мәселеге жауапты адам болу керектiгiн қатаң түрде ескерткен облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы:
– Салыстырмалы түрде көрсеткiш айтудың керегi жоқ. Бұл барлық салаға қатысты. Мәселе көрсеткiште емес, қылмыстың алдын алуда. Профилактикалық жұмыстар жүйелi түрде жүргiзiлiп, бұл шараға баршамыз атсалысуымыз қажет, – дедi.
Жиын барысында сондай-ақ, аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң басшысы Аппаз Тұрғымбаев, аудандық соттың төрағасы Алпысбай Нәлiбаев өз салалары бойынша хабарлама жасады. Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков көшпелi сот отырысын ауылдық округтерде өткiзу керектiгiн айтып, қылмыс жасаған адамға көптiң көзiнше жаза беру басқа адамдарға ой салып, жат тiрлiкке баруға тосқауыл болатынын түсiндiрдi. Облыстық кәсiпкерлер палатасы директорының орынбасары Мәди Ибадуллаев жыл басынан берi кәсiпкерлер тарапынан 108 шағым түскенiн айтып өттi. Аудандық мәслихаттың депутаты, кәсiпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Исатай Әдiлхан кәсiпкер құқының қорғалуы туралы сөз сөйледi.
Жиын соңында аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай аудан халқымен кездесу өткiзiп, олардың мұң-мұқтаждары мен ауданның өзектi мәселелерiне көңiл аударған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдiров пен облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбековке аудан жұртшылығы атынан алғысын бiлдiрдi.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.