Шардаралық өнерпаздар осыдан екi жыл бұрын «Шардаралық өнерпаздар» қауымдастығын құрып, жұмыс iстей бастады.
Бiрлестiкте төрағалықтың тiзгiнiн белгiлi жыршы-термешi, ақын, журналис Әбдiғаппар Айдаровқа ұстатқан өнерпаздар сол уақыттан берi бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықтың үлгiсiн көрсетiп келедi.
Кешегi аптада аталған ұйым мүшелерi жылдық қорытынды жиынын өткiздi. Iс-шараға аудан өнерпаздары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында осы салада қызмет етiп жүрген жерлестерiмiз түгел қатысты. Сазгерлер мен әншiлер жаңа туындыларының тұсауын кессе, ақындар жалынды жырлар оқып, кештiң көрiгiн қыздырды.
Бiрлестiктi құрудағы мақсат – өнерпаздардың басын бiрiктiрiп, олардың шығармашылығын арттыру, тәжiрибе алмасу, олардың құқын қорғай отырып, өнердi насихаттау болатын. Бұл тұрғыдан алғанда шардаралық өнерпаздар мақсаттарына қол жеткiзiп келедi деп сенiммен айта аламыз.
Аталған бiрлестiк құрылған уақыттан берi өнерпаздар қауымы аз тiрлiк атқарған жоқ. Олар тек той-жиындарда ғана жиналып қоймай, өмiрден өткен өнерпаздардың рухын еске алу шараларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Сонымен бiрге, өмiр атты тар жол, тайғақ кешуде қиналған әрiптестерiне, достарына қол ұшын созуды бiр сәтке де ұмытпаған.
Кешегi күнi Мақтаарал ауданын тосыннан су басқанда шардаралық өнерпаздар қиналған көпшiлiкке алғашқылардың қатарында болып қол созды. Ұйымдаса отырып, елдiктiң белгiсiн көрсеттi. Азық-түлiк, киiм-кешек, тағы да басқа тұрмысқа қажеттi заттарды жүк көлiктерiмен су тасқынынан зардап шеккен Мақтааралдағы Жеңiс ауылына жөнелттi.
Уақыт, мезгiл, тағдыр дегенiңiз қай уақытта да өз дегенiн iстейдi емес пе? Сол айтқандай арамызда өмiрден ерте кеткен өнерпаздар қаншама? Олардың жұбайлары, бала-шағалары арттарында жылап қала бердi. Нарықтық заман онсыз да қолы қысқа жандарды одан ары қинап қоймай ма? Осындай мәселелердi ойға алған өнерпаздар өмiрден ерте озған 6-7 әрiптесiнiң отбасылары қыста қысылып қалмасын деп шын мұқтаж болған олардың жанұяларына бiр-бiр тоннадан көмiр түсiрiп бердi. Ендi бiр отбасыларына азық-түлiк әперiп, қол ұшын созды. Бiр жағдайлармен несиелерiн төлей алмай қиналып отырғандарына ақшалай жәрдем еттi.
Мұның бәрiн жiпке тiзгендей етiп айтып отырғандағы мақсатымыз мақтау емес, мақтану емес – жақсының жақсылығын айту, өзгелерге үлгi ету, өзгелерге ой салу, жастарға жақсы iстердi насихаттау.
Бұл дәстүр алдағы уақыттарда да жалғаса бередi деп сенiммен айта аламыз.
Өз тiлшiмiзден.