Сәрсенбi, 27 қаңтардан аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайдың халық алдындағы есептi жиындары басталды.
Осы күнi аудан басшысы Достық, Ақшеңгелдi, Сүткент, Қызылқұм ауылдық округтерiнде 2020 жылда атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есебiн бердi. Есептi жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Арман Қарсыбаев, аудан әкiмiнiң орынбасарлары Бауыржан Шомпиев пен Ағатай Тәженов, аудан әкiмi аппаратының басшысы Ғалымжан Амантай, дербес бөлiмдер мен аудандағы мекеме, ұйым басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, СПК төрағалары, жергiлiктi қауымдастық өкiлдерi, ауыл тұрғындары қатысты.
Тұрғындар ағын су мәселесiн қозғады
Достық ауылдық Мәдениет үйiнде өткен кездесуге келген тұрғындар карантин талаптарына сай ара қашықтықты сақтап отырды. Жиын басталардан алдын 2020 жылдың басты оқиғаларына шолу жасалған бейнефильм көрсетiлдi.
Есептi кездесудi аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы Бақытжан Таласов ашып, жүргiзiп отырды.
– Өздерiңiзге белгiлi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 05.02.2016 жылғы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкiмдердiң, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы» №190 Жарлығына сәйкес аудан, қала, ауылдық округ әкiмдерi жылына бiр рет халық алдында есеп бередi. Есеп беру кездесулерiн өткiзудегi негiзгi мақсат – әкiмдердiң халық алдындағы жауапкершiлiгi мен есептiлiгiн арттыру және халықты мемлекеттiк басқару процесiне кеңiнен тарту болып табылады, – деген Бақытжан Амангелдiұлы жиналғандарды күн тәртiбiндегi мәселемен таныстырып өттi.
Күн тәртiбiндегi мәселе бойынша аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай баяндама жасап, өткен жылы жүзеге асқан шаруаларды рет-ретiмен баяндап шықты.
– Әлемде орын алған пандемия салдарынан елiмiз жаңа жаһандық дағдарыспен бетпе-бет келдi. Алайда, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы, әлеуметтiк тұрақтылық үшiн берiк негiз қаланды. Орын алған қиындықтарға қарамастан, Президентiмiздiң «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Iс-қимыл кезеңi» атты Жолдауының арқасында, елiмiз өткен жылды мерейлi, табысты аяқтады, – дедi Қайрат Жолдыбайұлы.
Есептi хабарламаны тыңдаған тұрғындар бар салада iлгерiлеушiлiк бар екенiне көздерiн жеткiздi. Атап айтар болсақ, аудан бюджетiне жоспарланған 3 миллард 296,8 миллион теңгенiң орнына 3 миллард 346,4 миллион теңге түсiп, жоспар 101,5 пайызға немесе 49,5 миллион теңгеге артық орындалды. Сондай-ақ, ауданда негiзгi капиталға салынған инвестиция көлемi 32 миллиард 128,1 миллион теңгенi құрап, өткен жылмен салыстырғанда 176 пайызға орындалған. Оның iшiнде мемлекеттiк қаражат есебiнен 9 миллиард 729,1 миллион теңге, ұйымдар және жекеменшiк қаражат есебiнен, 20 миллиард 561,7 миллион теңге, қарыз қаражаттар есебiнен 1 миллиард 836,6 миллион теңге салынған. Жан-жақта болып жатқан қиындықтарға қарамастан, өткен жылы аудандағы бiрде-бiр кәсiпорында өнiм өндiру көлемi азаймаған.
Есептi мерзiм iшiнде өнеркәсiп кәсiпорындары 9 млрд 882,6 млн. теңгенiң өнеркәсiп өнiмдерiн өндiрiп, нақты көлем индексi 106,2 пайызды құрап отыр.
Жиын соңынан ауыл тұрғындары аудан әкiмiне ұсыныстар мен өтiнiштерiн жеткiздi. Алғаш болып сөз алған ауылдық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Жора Аманов:
– 2020 жылы ауданда атқарылған жұмыстарды бейне- фильмнен көрдiк, қазiргi баяндамадан да тыңдадық. Былтыр ауылымызға газ келдi, Шардара мен Арыстың арасындағы үлкен трассаға жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Басқа да көптеген шаруалар iстелiндi. Бiр сөзбен айтқанда, Қайрат Жолдыбайдың есебiне ризамыз, оң бағамызды беремiз, – дедi.
Еңбек ардагерi Нұрбас Иса да 2020 жылы атқарылған шаруаларға жақсы деген баға бердi. Ауыл тұрғыны Мұрат Раманқұлов өткен жылы жасалынған жұмыстарға ризашылығын бiлдiре отырып, шаруалрдың мұң-мұқтажын да айтып өттi.
– Бiздiң ауылда 5300 гектар суармалы жер бар. Ал ендi ең өзектi мәселе осынау егiстiк ал-қапқа су апаратын лотоктар ұзақ жылдардан берi жарамсыз халде тұр. Диқандар үлкен машақатпен егiндерiн суарады. Су жүйелерiн қалпына келтiруге көңiл бөлiнсе екен. Бұл мәселе жер төсiн емген барлық шаруалардың проблемасы, – дедi Мұрат Раманқұлов.
Тұрғындардың өтiнiшiн мұқият тыңдаған аудан басшысы оларға тиiстi жауаптар қайтарды.
– Лоток мәселесi Достық пен Ақшеңгелдi ауылдарына ортақ проблема. Бұл бойынша об- лысқа тиiстi ұсыныстар бергенбiз. Алдағы уақытта тағы да қозғап, оң шешiлу үшiн жұмыс жүргiзетiн боламыз, – дедi аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайұлы.
Шалғайдағы ауылдарда интернет жұмысын жақсарту қажет
Ақшеңгелдi ауылдық Мәдениет үйiнде өткен есептi жиында аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайұлы 2020 жылы атқарылған жұмыстарды айтып өткен соң тұрғындардың өтiнiш, тiлектерiне құлақ түрдi.
Жиынға Егiзқұм ауылынан келiп қатысқан Мұхтар Сұлтанқұлов ауыз судың сапасы мен интернетке қосылудың нашарлығын тiлге тиек еттi.
Бұл бойынша аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай:
– Егiзқұмдағы ауыз судың мәселесi маған жақсы таныс. Жер астынан шығып жатқан ауыз судың сапасы тексерiлуде. Егер кермектiлiк түспесе басқаша тiрлiк жасаймыз. Су болмаса iстеген тiрлiктiң де мәнiсi болмайды. Таза ауыз су берудiң жолын қарастырамыз. Интернет мәселесiн дұрыс көтерiп отырсыз. Бұл шаруа мемлекет тарапынан қолға алынып, бақылауда тұрған мәселе. Қазiргi заманда интернетсiз жұмыс жүрмейдi. Алдағы уақытта тиiстi мамандарды шақырып, барлық елдi мекенде интернет жұмысының сапасын жақсартуды қолға алатын боламыз, – деп жауап бердi.
Айта кетейiк, өткен жылы тұрғындарды табиғи газбен қамту мақсатында Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Достық елдi мекендерiне облыстық бюджет қаржысы есебiнен газ тарту жұмыстары жүргiзiлiп, табиғи газ көзiне қосылды. Аудан құралғалы көмiр тасып, күл шығарумен келе жатқан ауыл тұрғындары үшiн бұл айтарлықтай қуанышты шара болды. Аудан басшысы Қайрат Жолдыбай бiрер аптаның iшiнде Егiзқұм ауылына да көгiлдiр отын берiлетiнiн айтып, тұрғындарды қуантып өттi.
Жалпы 2019-2024 жылдар аралығында 16 елдi мекендердi газдандыру жоспарланып, аудан бойынша 21 елдi мекендердегi 78 997 халықты (99,4%) табиғи газбен қамту күтiлуде. Соның iшiнде аудан орталығы Шардара қаласын газдандыру 4 кезеңге бөлiнiп, кезең-кезеңмен жүргiзу жоспарланған.
Атап айтар болсақ, I кезеңде «Шардара» № 18 газ тарату стансасы жоғары қысымды газ жеткiзiп берушi газ құбыры және «Өтеғұл» шағын ауданын квартал iшiндегi (орта қысымды газ құбыры) газ жүйелерiнiң құрылысы» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, былтыр 4 қыркүйекте қабылданып алынды.
Осы жобаға сәйкес, қаладағы №14 Бекет, Мұнай база, Өтеғұл шағын аудандарында тұратын 4,2 мыңнан астам халық табиғи газға қосылуға мүмкiндiк алады. Нысан құрылысы бойынша қалған қажет қаржы республикалық бюджет есебiнен қаралуда. II кезең бойынша «Түркiстан облысы, Шардара ауданы, Шардара қаласының Абай, Қызылжар шағын аудандарын кварталiшiлiк газ жүйелерiнiң құрылысы» жобасы iске асырылады. Сметалық құны 767,822 млн теңгеге бағаланған бұл нысан құрылысы 2021 жылға өтпелi. Жоба бойынша Абай, Қызылжар шағын аудандарындағы 8 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылмақ. III кезең «Түркiстан облысы, Шардара қаласындағы Мелдеби, Қанай Датқа шағын аудандарын газдандыру» жобасы. Сметалық құны 825,902 млн. теңге. Бұл нысан құрылысы да 2021 жылға өтпелi. Жоба бойынша Мелдеби, Қанай Датқа шағын аудандарындағы 7,8 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылады. IV кезең Шардара қаласын газдандыру бойынша «Түркiстан облысы, Шардара қаласы, Төменгi Тоғай, Майқала, Ақбала, Наурыз, Нұр Отан, №3 және №4 шағын аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету (IV кезең)» жобасын «Улмад» ЖШС-мен әзiрленуде. Осы жобаға сәйкес 9 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылады.
Жиында сөз сөйлеген ауданның Құрметтi азаматы Қозыбақ Жанысбаев, ауыл әкiмi жанындағы қоғамдық қауымдастықтың төрағасы Орман Шапишев алдыңғы аптада өткен ауыл әкiмiнiң есебi мен аудан әкiмiнiң жеке қабылдауында ауыз су мен ағын су, лоток мәселелерi көтерiлiп, олардың шешiлу жолдары қаралғанын айтып өттi.
Былтырғы жылы әлемдi әбiгерге салған пандемияға қарамастан, қала мен барлық ауылдық округтерде қыруар жұмыстар жүргiзiлiп, көптеген шаруалар жүзеге асқанын айтқан тұрғындар аудан әкiмiнiң есебiне қанағаттанарлық деген баға берiстi.
Қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Қайрат Жолдыбай биылғы жылы атқарылатын жұмыстар бойынша да айтып өттi.
– Алдағы уақытта халықтың сын-ескертпелерiне, ұсыныс-пiкiрлерiне сәйкес нақты жұмыстар атқарылатындығын айт-қым келедi. Оның iшiнде, ең бастысы пандемия салдарынан болып жатқан дағдарыстың әсерiн барынша бәсеңдету, әлеуметтiк тұрақтандыру және бағаны тұрақтандыру басты назарда болмақ. Сондай-ақ, газдандыру, қаланы сапалы ауыз сумен қамтып, сарқынды су жүйелерiнiң жұмысын жақсарту, басталған әлеуметтiк сала нысандарының құрылыстарын аяқтау, абаттандыру жұмыстарын iске асыру жұмыстары жүргiзiлетiн болады, – дедi аудан әкiмi.
Сүткенттiктер оң баға бердi
Сүткент ауылдық Мәдениет үйiнде өткен есептi жиында аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай маңызды деген салаларда жұмыс нәтижелi жүргенiн атап көрсеттi. Мысалы, бiраздан берi асфальт жолдарды жөндеуден өткiзу, ауылға газ тарту, абаттандыру сияқты өзектi мәселелер қозғалып жүрген болса, былтырғы жылы бұл шаруалар өз шешiмiн тапты.
– 2020 жылы жергiлiктi бюджеттен 455,4 млн.теңге бөлiнiп, Шардара қаласындағы жалпы ұзындығы – 11,88 шақырым құрайтын орталық 6 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Аудандық бюджет есебiнен 5 млн. теңгеге қала iшiндегi 46 көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi.
Одан бөлек ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын, барлығы 10 көшелердi орта жөндеу және тас төсеу жұмыстарын жүргiзу жоспарланған. 2020 жылы республикалық, облыстық бюджет қаржысы есебiнен «Ауыл – ел бесiгi» бағдарламасы аясында 465,1 млн. теңге бөлiнiп, жалпы ұзындығы – 18,044 шақырым болатын 21 – көшенi орта жөндеу жоспарланып, мемлекеттiк сатып алу қорытындысымен, «Достық Спец Транс» ЖШС жеңiмпаз болып танылған. Бүгiнгi таңға орта жөндеу жұмыстары 95 пайызға атқарылды, – дедi аудан басшысы.
Сол сияқты абаттандыру бойынша да қыруар жұмыстар атқарылғанын тұрғындар бейнероликтен тамашалап көрiстi. Атап айтар болсақ, ауданды көрiктендiру мақсатында көктемгi-күзгi маусымда 62 мың түп ағаш көшеттерi толығымен отырғызылып, тұрақты күтiмге алынды. 2020 жылы аудан орталығындағы 46,98 гектар саябақтар мен скверлер, жасыл аймақтар тұрақты күтiмде болады. Жұмыспен қамту жол картасы 2020 бағдарламасы аясында жалпы құны 201 млн.теңгеге 2 нысан құрылысын жүргiзу қолға алынды. Шардара қаласындағы Төле би көшесi бойынан 1,5 гектар аумаққа көпшiлiктiң демалуына арналған желiлi саябақ құрылысы, сондай-ақ Жiбек жолы көшесiнiң бойында аяқ жол салу, «Үш арыс» скверiн құру жұмыстары толығымен аяқталды. Аудандық бюджет есебiнен Шардара қаласында №16 колледжге баратын жолдың бойында, Анарқұлов, Молдағұлова, Торайғыров, Аймұратов көшелерiнiң бойында аяқ жолдар салу, Сәтбаев, Қолдасов, Иманов, Молдағұлова, Аймұратов, Анарқұлов, Рысқұлов көшелерiн жарықтандыру, сонымен қатар, Әшiров, Әл-Фараби көшелерi бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердiң аумағын абаттандыру жұмыстары жүргiзiлдi.
Аудан әкiмiнiң есебiнен соң Өмiрзақ Ағыбаев, ауылдық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Оразбек Сейдомаров, ауыл биi Мырзахан Тұрарбек, ауыл тұрғыны Досмұхамбет Достаев сөз алып, ауылға керектi мәселелердi ортаға салды. Тұрғындарды толғантып жүрген ағын су, батыс коллекторын iске қосу, ауыз суға төлемақыны уақтылы төлеу сияқты мәселелер айтылып, аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай тиiстi жауаптар қайтарды.Жиын соңында сүткенттiктер аудан әкiмiнiң есебiн оң бағалап, келешекте атқаратын жұмыстарына сәттiлiк тiледi.
Қызылқұмдықтар сапалы ауыз сумен қамтылмақ
«Қызылқұм» жалпы орта мектебiнде өткен кездесуде ауыл тұрғындары аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайдың есептi хабарламасын тыңдады. Әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды баяндаған Қайрат Жолдыбайұлы былтырғы қиындықтарға қарамастан кәсiпкерлiк, ауыл шаруашылығы салаларында жақсы көрсеткiштерге қол жеткiзiлгенiн атап өттi.
– Аудан бюджетiнiң толығуына қомақты үлес қосатын шағын кәсiпкерлiк қарқынды дамып келедi. Өткен 2020 жылы жұмыс iстеп тұрған 7697 шағын кәсiпкерлiк субъектiлерде 9821 адам жұмыс iстеп, 5,2 млрд. теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Жалпы кәсiпкерлiк субъектiлер iшiнен жұмыс iстеп тұрғандардың үлесi 97,0% құрады. Аудандағы кәсiпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында «Оңтүстiк» АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ арқылы өткен жылдың есептi мерзiмiнде көктемгi дала жұмыстарын ұйымдастыруға 543,6 млн.теңгенi құрайтын 214 жобаның құжаттары қабылданып, оның 212 жобасы 520,5 млн.теңгеге қаржыландырылды.
«Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы» аясында жеңiлдетiлген қолжетiмдi несиенi алу мақсатында 46 жоба ұсынылды. Бүгiнгi таңда 1768,6 млн. теңгеге 31 жоба несие комитетiнен мақұлданған. 110 млн. теңгеге 3 жоба қаралу үстiнде. Халықтың басты тiршiлiк көзi – ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан аса көңiл бөлiнiп келедi. Шаруалардың тындырымды еңбектерiнiң арқасында өткен жылы 33881,3 млн теңгенiң ауыл шаруашылығы өнiмдерi өндiрiлдi. Ауыл шаруашылығы саласына 1944,6 млн.теңгенiң инвестициясы тартылып, өткен жылмен салыстырғанда аталған салаға тартылған инвестиция көлемi 176,7 %-ға артып отыр, – дедi аудан басшысы.
Сонымен қатар, ауыз сумен қамту бойынша да өз деңгейiнде жұмыстар жүргiзiлгенiн айтып өткен Қайрат Жолдыбайұлы:
– Аудан бойынша құбыр суымен қамтылған халықтың үлесi – 96,0 пайызды құрап отыр. 2020 жылы жалпы сметалық құны 334,9 млн. теңгенi құрайтын «Шардара қаласындағы №14 бекет, Мұнайбаза ауылы жәнеТұрысбеков ауылдық округiне қарасты Ақбердi елдi мекендерiнiң ауыз су жүйелерiнiң құрылысы» аяқталып, iске қосылды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына берiлiп жатқан ауыз судың сапасын жақсарту бойынша 2019 жылы «Түркiстан облысы, Шардара ауданы, Шардара қаласы Ақшағала көшесiнде орналасқан бас су торабын қайта құру» жұмыс жобасы әзiрленiп, сараптама қорытындысы алынды. Жобаның құны 3045,8 млн. теңге. Мемлекеттiк сатып алу процедуралары өткiзiлiп, мердiгер анықталды. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылға өтпелi. Бұдан бөлек, осы 2021 жылы құны 348,1 млн.теңгенi құрайтын Қызылқұм ауылының ауыз су беру торабының құрылысы жүргiзiледi. Нәтижесiнде осы ауылдың тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады, – дедi.
Ауыл тұрғындары өз кезегiнде өзектi деген мәселелердi аудан әкiмiнiң алдына көлденең тартып отырды. Мұсабек Ақжiгiтов, Ерғали Дiлшатов, Нұртас Исаев, Жандос Оралбаев, Ерiмбай Жұмабек, Қалдыбай Қадiров, Ештай Мантаев, Ерлан Елмұратов, Жәнiбек Тұрабаев сынды азаматтар конкурспен жер сатып алу, ағын су мен ауыз су, ветеринария қызметi, егiстiк алқаптардағы су жүйелерiне жасаланып жатқан жөндеу жұмыстары мен ауыл көшелерiн асфальттау жұмыстарының сапасын қатаң түрде қадағалау сияқты мәселелердi айтып шықты. Ауылдағы мүгедектер қоғамының төрағасы Қанат Бегалиев әкiмнiң назарына бiрнеше әлеуметтiк мәселелердi ұсынды. Ауылдық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Жұман Есiмов аудан әкiмiнiң есептi хабарламасына оң баға беретiнiн айтты.
Жиын барысында аудан әкiмiнiң орынбасары Ағатай Тәженов сөз сөйлеп, ПУИД бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан шаруалар мен оны iске асыратын компания өкiлдерiне қойылатын талаптар жөнiнде түсiнiк бере кеттi.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ынтымақтаса еңбек етудiң арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткiзiлiп отырғанын атап көрсеттi.
– 2020 жылы атқарылған жұмыстар бiр менiң ғана еңбегiм емес, орынбасарларым мен бөлiм басшыларының, қала, ауыл әкiмдерiнiң, ауданда жұмыс iстеп жатқан қызметкерлердiң арқасы деп бiлемiн. Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара отырып, ынтымақпен, ауызбiршiлiкпен жұмыла iстегеннiң арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткiздiк. Сiздер тараптан айтылған ұсыныс-пiкiрлердiң барлығы да хаттамаға түсiп, ол бойынша арнайы iс-шаралар жоспары жасалынады. Алдағы уақытта да бiрлесе отырып ауданның экономикасын дамыту бағытында еңбек ете берейiк, – дедi Қайрат Жолдыбайұлы.
К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.