Жерасты суының жақын болуы және жер бетiне тұзды судың көтерiлуi Шардара ауданының басты проблемалық мәселелерiнiң бiрi болып саналады.

Бұл тұрғыда 2016 жылдан берi ПУИД-2 (ИДЖЖЖ-2) (ирригациялық дренаж жүйелерiн жетiлдiру жобасы) бағдарламасы iске асырылуда. Осы орайда, аудандағы Алатау батыр, Қызылқұм және Сүткент ауылдық округтерiндегi суармалы егiстiк алқаптарындағы ағын су нысандарын тазалау жұмыстары басталған болатын.

Мiне, биыл аудандағы 311 шақырымды құрайтын каналдарды тазалау, қаптау жұмыстары, гидроқұрылыстар салу және бетондау жұмыстарына мемлекеттен қомақты қаржы бөлiнiп, Алатау батыр және Қызылқұм ауылында үлкен жоба iске асқалы отыр. Сондай-ақ, 404 шақырымды құрайтын ағын су қашыртқылары тазалануда. Оған қоса, шығыс және батыс қашыртқылары арқылы жиналып қосылған  ағын суды  Көксарай су реттегiшiнiң төменгi сағасы арқылы (Сүткент және Байырқұм ауылдарының маңы) Сырдария өзенiне қосу және сол жерге қосымша 19,3 шақырым ағын су қашыртқысын салу қолға алынуда.

Күрделi тазалау және қазу жүйесiн мердiгер израильдiк «Тахал» ЖШС  және  қызылордалық «Мелиоратор» ЖШС мекемелерi жүргiзуде.

Таяуда аудан әкiмiнiң орынбасары А.Тәженов, ПУИД-2 жобасының жетекшiсi А.Атантаев, құрылыс жұмысына техникалық бақылау жүргiзушi С.Төлешов, «Қазсушар» КМК Шардара аудандық бөлiмшесiнiң басшысы Е.Иса және мердiгер компаниялардың басшылары мен бiрқатар жобаға жауапты мамандар Қызылқұм және Алатау батыр ауылының диқандарымен кездесу өткiздi.

Бұл жиынның мақсаты – диқандар мен компания өкiлдерiн жүзбе-жүз кездестiрiп, жөндеуден өтетiн каналдардың схемаларын таныстырып, егiн су алатын уақытты анықтау.

Жиында сөз алған аудан әкiмiнiң орынбасары А.Тәженов: « ПУИД-2 жобасы бойынша 4 облыста 11 жоба iске асырылуда. Соның iшiнде ең ауқымдысы бiздiң ауданда жүргiзiлмекшi. Бұл жоба арқасында талай жылдан берi ауылдарда тозығы жеткен ағын су каналдарын толықтай жөндеп алуға мүмкiндiк аламыз.

Ауданымызға Үкiметтен биыл қомақты қаржы бөлiнiп отыр. Өйткенi былтыр пандемияға байланысты қаржы аз болып жұмыс баяу жүрген едi.Сондықтан да биыл ағын суды үнемдеп, сәл ғана шыдап берсеңiздер, каналдар бетондалып, жаңаланып жөнделсе,  20-25 жылға дейiн кедергiсiз егiн суды алар едiк. Сол үшiн екi жақты келiсе отырып жұмыс жүргiзiп, қолдау көрсетсеңiздер деймiн.

Бiз бұл жұмыстарды толықтай аудандық әкiмдiк тарапынан бақылауға алып отырмыз. Жұмыс сапасын жақсарту үшiн құрылыс компаниялары халықтық бақылау қоюға да келiсiп отыр.

Сондай-ақ,  бұл жоба iске асса, көптеген егiстiкке жарамсыз қалған жерлердi қайтадан iске қосу мүмкiндiгi туады. Сондықтан да, екi жақты келiсiмге келсек, мердiгер компаниялар кедергiсiз жұмыс iстесе және биылғы көктемгi суды берiп, мүмкiндiк болса биылғы шiлде суды талап етпейтiн дақыл ексеңiздер. Барлығыңыз диқаншылықпен күн көрiп, жердiң нанын жеп отырғандарыңызды бiлiп отырмын. Алайда осы жоба арқылы жердiң сорын, зәгiн және ағын су жүйесiне қатысты мәселелердi шешу мүмкiндiгi туып отыр. Сондықтан бiр жылға түсiнiстiк танытуларыңызды сұраймыз» – деп түсiндiрiп өттi.

 Рүстем ПЕРДЕБЕК.