Түркiстан облысы әкiмiнiң орынбасары Ж.Аманбаевтың 2019 жылғы 25 қазандағы бекiткен “Түркiстан облысы еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарма басшысының аудан,

қалаларда тұрғындар мен жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуы бойынша 2019 жылға арналған көшпелi жеке қабылдау және 2019 жылы арыз-шағым түскен мекеме мен кәсiпорындардағы жұмысшылармен кездесу“ кестесiне сәйкес “Nur Otan“ партиясы Шардара аудандық филиалының ғимаратында облыстық еңбек инспекциясы жөнiндегi басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков жеке қабылдау өткiздi.

Қабылдауға келген аудан тұрғындары Рауза Алтаева мүгедектiгiне байланысты жұмыста қандай жеңiлдiктер қарастырылғанын, Нұрлан Рүстемов мемлекеттiк қызметке дейiнгi еңбек өтiлiнiң есепке алынатындығы, болмаса алынбайтындығы, Нұржамал Бекетова балабақшаларда денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз қағазына ақы төлемей ақысыз демалысқа шығару қаншалықты заңды деген сұрақтар қойып, басқарма басшысынан нақты жауаптар алды.

Сол сияқты Айгүл Ортаева, Перуза Айтураева және Камила Тұрсынбаевалар Қ.Тұрысбеков ауыл округiндегi “Кәусар“ балалар бақшасынан заңсыз жұмыстан шығарылғандығы жөнiнде өтiнiштерiн айта келiптi.

Мәселенi балабақша меңгерушiсiн қатыстыра отырып қараған басқарма басшысы К.Тұрсынбаеваға алғашқы тексеру қорытындысында мүгедектiгi жөнiнде ескерiлмегендiгiн түсiндiрiп, қайта анықтау шаралары жүргiзiлетiндiгiн айтты.

Бұдан кейiн Алмасбек Кеңесбекұлы аудан әкiмшiлiгiнде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң қызметкерлерiмен кездесу өткiзiп, онда еңбек шартының, жұмыс уақытының бұзылуы, жалақының кеш берiлуi, зейнетақы төлемдерiнiң өз уақытында аударылмауы жөнiнде айтып, бұлар жөнiнде жауапкершiлiктердi түсiндiрдi. Бiрқатар қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Қоғамдық қабылдау  мен кездесуге аудан әкiмiнiң орынбасары Нұрмаханбет Сапаров пен “Nur Otan“ партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ерғали Қарымсақов қатысты.

 Ж.Сейдуәлиев.