Ауданымыздың диқан шаруалары тәуелсіздігіміздің  30 жылдығы тойланатын биылғы жылы да өткен жылдардағы жинаған іс-тәжірибелерін арттыра отырып,

қомақты жетістіктерге  жетіп, өздерінің төл  «Алтын күз» мерекесін тамаша көңіл-күймен қарсы алды. Абай көшесінің бойында таңертеңгілік сахна көркемделіп, жалаушалар ілініп, шатырлар орналастырылып, онда ауыл округтерден келген диқандардың әкелген өнімдері жәрмеңкеге шығарылып, арзан бағада  қала тұрғындарына ұсынылды.

Жәрмеңкеге Алатау батыр ауыл округінің диқаны, «Сая» фермер қожалығының  басшысы  Ержан Қарабаев  асқабағы мен 4 тонна күрішін алып келіп, әр келісін 200 теңгеден сатса, Тұрысбеков ауылдық округінің шаруасы Әлімжан Ешбаев қой етін 2000, жылқы етін 2200 теңгеден саудалады. Көксу ауылдық округінен «Болатбек» фермер қожалығы төрағасы Болатбек Күметов 2 тонна бидайы мен арпасын, «Есен-Сұңқар» шаруа қожалық төрайымы Гүлзира Макишева 2 тонна жүгерісін, Садық Әуелбеков  әкелген етін арзан нарықта сатып, қала тұрғындарының көңілінен шықты. Сол сияқты жәрмеңкеге Жаушықұм ауыл округінің диқандары 4 тонна пияз, 2 тонна картоп, 1,5 тонна сәбіз, екі тоннаға жуық көкөніс пен бақша өнімдерін шығарса, Ұзын ата ауыл округінен «Зиялы» шаруа қожалығының  төрағасы Асан Алтынбеков өзі өсірген бидайы мен жүгерісін,  асқабағын жәрмеңкеде саудаға шығарды. Қоссейіт, Сүткент, Достық ауылдық округтерінің диқандары өсірген бау-бақша, көкөніс өнімдері мен қауын, қарбыздары да төмен бағада сатылып, қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандырды. «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік коопера- тиві мен жеке кәсіпкер Жалғасбаевтың алып келген балықтарының әр келісі 800 теңгеден  сатылды.

Жәрмеңкеге Сапаркүл Жиенбаева  басқаратын аудандық «Оқушылар үйінің»  қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар да шығарылды. Оны тұрғындар  түрлі құттықтаулар мен естеліктерге арзан бағада сатып алып жатты.

«Алтын күз» мерекесіне орай,  ұйымдастырған жәрмеңкені аудан, қала басшылары аралап көріп, оң бағасын берді.

– Бұл жәрмеңке бізге нағыз қажет кезде ұйымдастырылды. Саудаға қажетті өнімдердің  бәрі дерлік қойылған.  Қызымыз екеуміз аралап, бір айға жететін азық-түлігімізді арзан  бағада алдық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – дейді қала тұрғыны,  зейнеткер Шайзада Сүлейменова.

Бұдан кейін мерекелік іс-шара аудандық мәдениет сарайында жалғасын тауып, онда аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, ардагер ағалар, қадірлі қонақтар!

Сіздерді бүгінгі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ауданымызда өткізіліп отырған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз – 2021» мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздердің барлықтарыңыз да биылғы жылдың мол өнімінің өндірілуіне өзіндік үлестеріңізді қостыңыздар. Сіздерге алдағы кездерде толағай табыстар тілеймін, жүздеріңізден жайдары көңіл, берекелі тіршілік кетпесін!

Ағымдағы жылы аудан бойынша егілген 12192 гектар мақталықтың әр гектарынан 27 центнерден өнім жиналды. Оның көлемі 32 929 тоннадан асты. Ең бастысы, осы бағалы дақылдың берекелілігі биылғы жылдың жағдайында жоғары болғандығы сөзсіз. Ауқымды  жұмыстар сіздердің арқаларыңызда  жүзеге асты. Биыл әсіресе «Алатау батыр», «Ұзын ата», «Қоссейіт» ауылдық округі мақташылары зор табыстарға қол жеткізді. Сондай-ақ, Сүткент ауыл округі 200 гектар жерден 27, 5 центнерден 550 тонна және Қызылқұм округі әр гектар жерден 27,4 центнерден 1150 тонна мақта өндіруге  қол жеткізді. Суармалы  жер еліміздің алтын қоры, қазынасы. Ал одан алынған жоғары өнім  тек қана еңбектің арқасында екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Табыстарыңыз молынан болсын, қадірлі жеңімпаздар! – деген аудан басшысы өзге де көрсеткіштерге тоқталып өтті.

Аудан ауыл шаруашылығының басқа салалары бойынша да биыл оң нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 287 843 тонна бақша өнімдері, 23 693 тонна көкөніс, 15366 тонна дәндік жүгері, 6986 тонна сыр маржаны және 213 081 тоннадан астам мал азығы үшін жем-шөп дайындалды. Дәндік жүгерінің әр гектарынан 130 центнерден өнімділікке  қол жеткізіп, 182 тонна дән өндірген «Көксу» ауылдық округінен «Сұңқар» шаруа қожалығының төрайымы Макишева Гүлзира, «Алатау батыр» ауылдық округі диқаны, озат күріш өндіруші «Сая» фермерлік  қожалығы  төрағасы Қарабаев Ержан 600 гектар күріш егісінің әр гектарынан 80 центнерден  өнім алуды қамтамасыз етіп, озат мақта өсіруші Ұзын ата ауылдық округінен «Мұса» шаруа қожалығы төрайымы Қасымбекова Шарипа 15 гектар мақталық егісінен 63 тонна шитті мақта өндіріп, гектар берекелілігін 42 центнерге жеткізіп, аудан жеңімпаздарының көшін түзеді. Өз тәжірибелері арқылы диқан атына лайықты еңбек етіп, жермен  айналысудың нағыз шеберлері екендіктерін дәлелдеп отыр. Ауданда егін шаруашылығынан бөлек балық шаруашылығы да қарқынды дамуда.

Ағымдағы жылы ауданда әртүрлі бюджеттік бағдарламалар негізінде аса қауіпті мал ауруларына, өсімдік зиянкестеріне қарсы дәрі-дәрмектер берілуде, ауыл шаруашылығы техникалары шаруаларға лизингіге босатылуда. Осының барлығы Қазақстан нарықтық экономикалық жүйенің жан-жақты қалыптасқандығын білдіреді. Оған нарық жолында әлем мойындаған табыстарымыз  дәлел бола алады.

Ауданда төрт түлік мал саны жылдан-жылға көбеюде. Қазіргі таңда қой мен ешкі 199 791 басқа, мүйізді ірі қара мал 52861 басқа, жылқы 13205 басқа, түйе 2692 басқа жетті. Былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырсақ,  ірі қара мал 107,7 пайызға, уақ мал 100,2 пайызға, жылқы мен түйе 101,3 пайызға артып отыр. Ауданда 3 асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылықтары және 3 асыл тұқымды қой шаруашылығы жұмыс жасауда. Бұлар негізінен ірі қара малдың ақбас, голштейн, қалмақ тұқымдарын және қазақтың қылшық жүнді, құйрықты қой тұқымын өсірумен айналысады. Ағымдағы жылдың 9 айында 1635 бас бұқашықтар бордақыланып,  ет өңдеу кәсіпорындарына өткізілді.

Сондай-ақ, 50 мың тоннадан  астам бақша, көкөніс өнімдері шетелге  экспортталды.

Сөзімді қорытындылай келе, ауданның ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жинақтаған мол тәжірибелерін нарықтық экономиканың талаптарына сай бағыттай отырып, алдағы уақыттарда да жаңа табыстар  биігінен көрінеді деген сенімдемін, – деген аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы 2021 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында даму бағдарламасын орындауда  жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген ауыл округтерін марапаттады. Қалдыбай Қарабаев басшылық жасайтын Алатау батыр, Мұқан Мұсаев басшылық жасайтын Ұзын ата және Еркінбек Айдынбаев  басқаратын Қоссейіт ауыл округтері аудан әкімінің сертификатымен, статуэткамен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Сол сияқты мұндай марапаттарға  озат ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірушілер – Алатау  батыр ауылдық округінің  озат астық өндірушісі Ержан Қарабаев, Ақшеңгелді ауылдық округінің озат көкөніс өндірушісі Жақсыбай Сүлейменов, Достық ауылдық округінің озат бақша өндірушісі Найзатай Берік, Ұзын ата ауылдық округінің  озат мақта өндірушісі Шарипа Қасымбекова, Жаушықұм ауылдық округіне инвестиция тартушы Күлзина Құлшаева, Тұрысбеков ауыл округінің  мал бордақылаушысы  Әлімжан Ешбаев, Сүткент ауылдық округінің  озат асыл тұқымды мал өсірушісі Сансызбай Шыныбаев, «Хамит» АШАҚ озат балық өндіруші Бақытжан Сермаңызов, жеке кәсіпкер балық өндіруші Т.Жалғасбаев, Көксу ауылдық округінің озат мал азыған дайындаушысы Гулзира Макишева, Қызылқұм ауылдық округінің ағын су жеткізіп берушісі Тұрабай Қабылов, «Қазсушар» РМК ТФ Шардара өндірістік бөлімшесінен Исаев Дүйсенбек, Шардара су қоймасынан Бегалы Алтуреев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен Мадиярхан Мейірбеков, «Айғақ» телеарнасының тілшісі Бағлан Байкөбекқызы және «Қазақстан-Шымкент»  телеарнасының  Шардара ауданындағы  тілші-операторы   Нұржан Құрайышұлы  аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың қолынан Алғыс хат, статуэтка және бағалы сыйлықтар алды.

Аудан әкімінің орынбасары  Ағатай Таженов «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Бейсен Жора, Достық ауылдық округінің әкімі  Әнуарбек Рахымжан, «Мақсұт»  фермер қожалығының төрағасы  Халбеков Бекжан, «Қазсушар» РМК ТФ Шардара өндірістік бөлімшесінің инженер-механигі Бақтыбек Әмірбекұлы және Көксу ауылдық округі әкімі аппаратының жер маманы Ахмет Төребековке аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаевтың  Алғыс хаттары мен марапаттарын тапсырды.

Сол сияқты аудан әкімінің  орынбасары, А.Таженов ауыл шаруашылығының ардагерлері Қуан Сейсен мен Хайруллаев Шамаранға, аудандық аумақтық инспекциядан Нұрман Бигелов, ветеринариялық аумақтық инспекциядан Жарқынбай Пазылов, фитосанитария мекемесінен  Шойбек Ерімбетов, аудандық статистика  басқармасынан Бақытжан Алтынбеков, «Шардара аудандық ветеринариялық қызмет» МКК Гүлжан Көшербаева, «Шардара сервис» МКК Аяз Аминов және ауыл округтерінің жер мамандары Ертай Халбеков, Жаңабай Жаңбыров, Ермек Омаров, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Жаңабай Сейдуәлиев, «Шартарап-Шарайна» газетінің тілшісі Тәжі Аяжан, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Пердебек Рүстемге  аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың  Алғыс хаттары мен  статуэтка, бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Мерекелік шарада Хатира Мұстафаева Құралай Сәтмұхамбетованың  «Елім аман», аудандық мәдениет сарайының әншілер тобы «Қырманға кел, қалқатай», Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Гүлнәр Дәукенованың «Күрең күз» әндерін орындап, қазақ эстрадасының жұлдызы Жігер Ауыпбаев әннен шашу шашты.

Жаңабай Әліқұлұлы.