Қамшының сабындай келте ғұмырда артындағыларға жол көрсетіп, бағыт сілтеген, салиқалы сөзімен, орнықты мінезімен санаңда сәуле қалдырған жандардың болатыны қандай жақсы?! Алайда олар туралы өткен шақта әңгіме айтып жататынымыз өкінішті.

Бірақ Алланың пәрмені солай болғандықтан, еріксіз көнесің.

Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.

Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер,-деп данагөй бабаларымыз тіршіліктің көші ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретінін осылай тұжырымдаған ғой.

Алладан пәрмен келген соң жалғанның көшіне ілескен Тәженов Асқарбек Әбілұлы көргені көп, түйгені мол, бойындағы бар қажыр-қайратын қалың елдің игілігіне сарқа жұмсаған жан еді. Бүгін сөз реті келгенде, Асқарбек Әбілұлының өміржолына аз ғана шолу жасап өтелік.

А.Тәженов 1948 жылы 13 ақпанда Шардара ауданы, Байырқұм ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі тұралап қалған шаруашылықты өркендету шақтарына, қиын кезеңге тап болған бала Асқарбек жастайынан білімге құштар болып өсті. Өзі құралпы жастар арасында алғырлығымен, зеректігімен көзге түсті. Сөйтіп жүріп 10 жылдықты озаттар қатарында аяқтап шығады.

Оқуға құштарлығының нәтижесінде Семей мемлекеттік зооветеринарлық институтында жоғары білім алған жас жігіт еңбек жолын 1968 жылы Павлодар облысы, Баянауыл аудандық пошта байланыс торабында оператор болып бастайды. Ол кезеңдерде оқу бітірген әрбір маманды арнайы жолдамамен еліміздің кез келген аймағына жұмысқа жіберетін. Асқарбек те Павлодарға осындай жолдамамен келген-тін. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат көп ұзамай Баянауыл аудандық «Победа» газетіне түзетуші және корректор болып қабылданады. Аптасына 3 рет қос тілде шығып отыратын аудандық газетте қызметтің сан саласын меңгеріп шығады.

Екі тілге бірдей ағып тұрған жас маман арада екі жыл өткенде Шардара ауданы, Байырқұм ауылындағы Гоголь атындағы орта мектепке комсомол ұйымының хатшысы болып бекітіледі. Осы кезеңдерден бастап Асқарбек Әбілұлының комсомол, партия қатарындағы еселі еңбек жолы бастау алды.

Мектепте жүріп ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен жігітті аудан басшылары әдепкіде Шардара аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы етіп бекітеді де, артынша комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындайды. Жасы 25-ке толып, жалындап тұрған жас жігіт өзіндік көзқарасымен, ұстанымымен көзге түсіп, жауапкершілікпен жұмыс атқарады. Жұмыс десе жанып тұрған жігіт көп ұзамай

Шардара аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып бекітіледі. Саяси жұмыстарда әбден ысылған Асқарбек Тәженов 1974-1976 жылдары «Құрылысшылар» клубының директоры болып қызмет атқарған.

Араға екі жыл салып қайтадан партиялық жұмысқа шақырылады да, Шардара аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарады. Ал, 1977 жылы «Сүткент» кеңшарының партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. А.Әбілұлы 1987 жылға дейін аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы, Шардара аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқара білді.

Партиялық саяси жұмыстарда мол тәжірибе жинаған А.Тәженов 1987 жылы «Қазақстан» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады. Мұнан соң Шардара аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы  қызметін атқарады. Партиялық саяси жұмыстардың бар саласында өзін көрсете білген А.Әбілұлын аудан басшылары 1988 жылы сол кезде Шардара ауданына қарап тұрған шаруашылығы артта қалған «Байырқұм» кеңшарының директоры етіп тағайындайды. Қандай жұмыс болмасын істің көзін таба білетін тәжірибелі маман аталған шаруашылықты 1994 жылға дейін басқарды.

Асекең еліміз Тәуелсіздік алып, басқару органдарына әкімшілік жүйе енгізілген сәттерде, нақты айтқанда, 1994-1995 жылдары Арыс қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарады. Мұнан соң екі жылдай «Сүткент» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының директоры қызметін атқарды. 1997-2001 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы экология және биоресурстар басқармасы Шымкент қаласының қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы, ОҚО Экология және биоресурстар департаментінің бөлім басшысы, ОҚО Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқармасының табиғатты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан аймақтық республикалық мемлекеттік шаруашылық жүргізу құқығындағы «Охотзоопром» балық және аң аулау шаруашылығы директоры қызметтерін атқарды.

2003-2006 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Табиғатты қорғау басқармасының бөлім бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының Табиғи монополиялар қызметін реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасының бөлім бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының Тарифтер басқармасының Ұйымдастыру бөлімінің бастығы болып қызмет етті. 2006 жылдан 2015 жылға дейін №2 кәсіптік лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Асекең өзі қызмет еткен кезеңдерде жасы үлкен ағаларына ізетті іні, қатарластарына сыйлы, ізбасарларына ақылман аға бола білді. Асекеңнің көзін көрген, бірге қызметтес болған азаматтар ол кісі жайлы дәйім жақсы пікір айтады.

Асекеңдермен қатар партиялық қызметтер атқарған еңбек ардагері, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қыстау Інәйұлы Ілесов ағамыз Асекең жайлы былай деп еске алады.

«Мен жоғары білім алып, жолдамамен Көкшетау облысында қызмет атқардым. Сол жақта жүріп Кеңес Одағы әскері қатарында бір жыл әскери борышымды өтеп, Шардара қаласындағы «Шардара» орта мектебіне математика, физика пәндерінің мұғалімі болып 1971 жылы 11 қаңтарда орналастым. Көп ұзамай мектептің жастары мені бастауыш комсомол ұйымының қоғамдық негіздегі хатшысы етіп сайлады. Сол кезден бастап аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Тәженов Асқарбек Әбілұлымен таныстығымыз басталды.

1972 жылы 20 қарашада өткен аудандық комсомол ұйымының конферециясында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Бабич Александр Вячеславовичтің, екінші хатшысы Сарманов Құттыбек Оразұлының, Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыстың штаб бастығы Бәкіров Таңатардың, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Тәженов Асқарбек Әбілұлының қолдауларымен аудандық комсомол комитетінің мектептер жөніндегі хатшысы және аудандық «Пионер ұйымы» кеңесінің төрағасы болып сайландым.

Ол кезде барлық іс-қағаздар орыс тілінде жүргізілетін. Мектепті, институтты қазақша бітіріп, мал шаруашылығы фермасында өскен маған орысша сауатты жазу оңай болды дей алмаймын. Сондай жағдайда Павлодар облысы, Баянауыл аудандық сотының төрағасы Ахмет атасының үйінде жүріп аудандық газетте корректор болып істеген Асқарбектің көмегіне жүгінетінбіз. Ол орысша, қазақша бірдей сауатты жаза білетін.

Аудандық комсомол комитетінің бюросына, пленумы мен активтеріне дайындалатын материалдар оның сүзгісінен өтіп барып мәжілістер мен жиналыстарға ұсынылатын. Кейін 1974 жылы екеуміз де аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып орналастық. Оған аудандық партия комитетінің бюросына, пленумына және партия активі жиналысына материалдар дайындау жүктелетін.

Асекең партия активіне 30-40 беттік материалдарды дайындайтын. Аудандық партия комитетінің актив жиналыстарына, конференциясына материалдар дайындау үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Оңалбек Әшірбаев пен Асқарбек Тәженовке жүктелетін. Аудандық экономикалық көрсеткіштерін басқа бөлім басшылары дайындап беретін.

Асқарбек науқастануына байланысты аудандық партия комитетінен кетіп, «Шардарақұрылыс» басқармасы партком хатшысы Әбдікерім Ахметовке көмекші болып 2 жылдай жүрді. Денсаулығы түзелген соң «Сүткент» асыл тұқымды мал кеңшарына партком хатшысы болып сайланды. Одан жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, келген соң аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде меңгеруші болды.

Ұжым басшыларын демократиялық жолмен сайлау науқаны басталғанда өзінің туған ауылы «Байырқұм» кеңшарына директор болып сайланды. Арыс қаласы өз алдына шаңырақ көтергенде, «Байырқұм» совхозы қала құрамына өтіп, Арыс қаласының әкімі Қ.Айтахановтың басшылығымен еліміз тәуелсіздік алған жылдары совхозды алғаш болып жекешелендіргендердің бірі болды.

Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, кейіннен Шардара ауданына келіп, Сүткент кеңшарының директоры болып, оны жекешелендіруге басшылық жасады.

Асқарбек  кішіпейіл, елгезек, адамға жақсылық жасауға бейім, жүзінен жылылық есіп тұратын. Саяси сауатты, білімін толықтырып, ұдайы жетілдіріп отыратын. Сырт келбетінің өзі өмір тәжірибесі мол, байсалды, әрбір сөйлеген сөзі, үлкен мен кішіге көрсеткен ілтипатымен байқалып тұратын мейірімі, ол кісінің парасатты тұлғасын көрсетіп тұратын еді.

Ер жігіттің ат үстінде ұзақ жүруі жақсы жарына байланысты дейді.  Асқарбектің өмірлік серігі Несіпкүл аузын ашса, жүрегі көрінетін, ақкөңіл, аңқылдаған, ешкімді алаламайтын, келген қонаққа барын беріп, құшағын жая қарсы алатын жан. Асқарбектің денсаулығына, көңіл-күйіне барынша көңіл бөліп, үнемі қолдап отырды. Асқарбектің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында із қалдырып, өнегелі, үлгілі өмір сүрді.

Асқарбектің бойындағы көпшіліктен артықшылығы – жұмыс істеу қабілеті, көпбалалы отбасында тәрбиеленгендігі, әкесі Әбіл ақсақалдың олардың бойына еңбекқорлық, ұқыптылық қасиеттерін сіңіре білуінде еді. «Байырқұм» кеңшарына партия комитетінің уәкілі болып барғанымда үйіне қонып, әңгіме-дүкен құрып, ақыл-кеңестерін тыңдап қайтушы едім.

Әбіл ақсақалдың Асқарбектен кейінгі ұлы Қасқырбек аудандық комсомол комитетінің хатшысы, мектеп директоры, кеңшардың жұмысшылар комитетінің төрағасы болды. Үшінші ұлы Салыбекпен аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде, кейіннен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қоян-қолтық қызмет атқардық. Әбіл ақсақалдың тәрбиесін көрген барлық ұлдары мен қыздары елге сыйлы, абыройлы азаматтар болып қалыптасып, облысымызда халық шаруашылығының әр саласында еңбек етті».

Адам бойындағы адамгершілік – бұл шеті, шегі жоқ мұхит сияқты. Кейбір адамдардың адамгершілігіне сүйсінесің, ал кейбіреуіне күйінесің де таң қаласың. Адамгершілік адами қасиеттерден басталады. Адами қасиеттер бұл өзіне ғана емес, өзгелерге де пайдалы бола алу. Адамдар бір-бірін осы адами қасиеттер арқылы бағалайды. Жақсы адам мен жаман адамның арасы адами қасиеттердің бар не жоқ болуында ғана.

Осы тұрғыдан алып қарағанда Асекеңнің адами қасиеті жоғары еді деп айта аламыз. Кейіпкеріміздің бойынан әдептілік, жауапкершілік, кішіпейілділік, адалдық, шыншылдық, сабырлылық, еңбекқорлық қасиеттер молынан табылатын еді.  

Қазақта адам өмірі қамшының сабындай қысқа деген нақыл сөз бар. Рас, ұрпақ өмірі тарих үшін ұзақ емес, келте. Бірақ ол өткен ұрпақпен келесі ұрпақ арасындағы көпір іспеттес, ата-баба өз аманатын келесі ұрпақка тапсырады. Ал жеке адамдар, әулет, әр ұрпақ қалай өмір кешті, нені мұрат-мақсат тұтты, не бітірді, қаңдай аманат, өнеге, із қалдырды. Әңгіме осында.

Иә, уақыт жылжып өтер, дүниеге жаңа ұрпақ келер, Асқарбектей ағалардың жайсаң мінезі, парасаттылығы мен ақыл-ой өрісі, білімпаздығы, қайраткерлігі келер ұрпақпен бірге жасай берері сөзсіз. 

Сәбит Қоспанұлы.