Егемен елдің еңсерген 30 жылында шежірелі өлкемізде қыруар жұмыстар атқарылды. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылды.

Осы жылдар аралығында ауданымызда жаңадан Жаушықұм, М.Әуезов, Б.Соқпақбаев, Қоссейіт, Қазақстан, Ы.Алтынсарин, Дарын мектептері бой көтерді. Саз мектебі мен Оқушылар үйі ашылып, жас ұрпақтың қосымша білім алуы үшін жұмыс жасауда. Мұнан бөлек бірнеше мектептердің жанынан қосымша оқу корпустары салынып, ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Аудандық орталық аурухананың емдеу-профилактикалық орындары кеңейтіліп, озық үлгідегі препараттармен толықты. Ауылдық округтерде ашылған амбулаториялық емдеу орындары халық денсаулығын сақтау мақсатында толыққанды жұмыс істеп тұр.

Ұзақ жылдардан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген аудандық мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, жұртшылықтың рухани демалыс орнына айналды. Ауылдық мәдениет үйлері толығымен қайта жаңғыртылып, тұрғылықты халықтың игілігі үшін жұмыс жасауда.

Шежіреге бай өлкеміздің жәдігерлері мен бүгінге дейінгі тарихы топтастырылған аудандық музей сән-салтанаты келіскен кең ғимаратқа орналасты.

Қала орталығында «Тұңғыш Президент», «Тәуелсіздік», «Шежіре», «Алты Алаш», «Тың игерушілер», «Абай алаңы» саябақтары мен алаңдар бой көтеріп, қонақтар мен жергілікті тұрғындардың тамаша демалыс орындарына айналды.

Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер мен Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған ескерткіштер елдің рухын көтерді. Кеңес Одағының Батырлары – Сейітқасым Әшіров, Абылай Әлімбетов, Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтардың мүсіндерінің орнатылуы барымызды бағалай алуымыз.

Осы жылдар аралығында халық санының өсуіне байланысты қала орталығынан жаңадан «Наурыз», «Нұр Отан», «Әсемай», ІІІ және ІV  мөлтекаудандар салынды. Ауылдық округтерде де осындай құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді.

 АУДАН ӘКІМДІГІ

Әкімдік жүйе енгізілген 1992 жылы Шардара ауданының түңғыш әкімі қызметіне Өстемір Тілеген тағайындалды. Мұнан кейінгі жылдары аудан әкімі қызметін Зәуірбек Салықбай (1997-1998 жж), Кенжехан Төлебаев (1998-1999 жж), Байділдә Жылқышиев (1999-2002 жж), Әуелхан Тұрғымбеков (2002 жж), Әлішер Есіркепов (2002-2004 жж), Абдулла Ахметов (2004-2006 жж), Серікбай Ибадуллаев (2006-2007 жж), Марғұлан Марайым (2007-2012 жж), Қамытбек Айтөреев (2012-2016 жж), Арман Абдуллаев (2016 ж), Болатбек Қыстауов (2016-2019 жж) атқарса, 2019 жылдың 9 шілдесінен бастап бұл қызметті Қайрат Жолдыбай атқарып келеді.

Аудан әкімінің орынбасары қызметтерін әр жылдары Өсербай Әлімбеков, Қалмаханбет Қалмұратов, Мейірхан Аңламасов, Әмірбек Ерубаев, Раушан Әлтаева, Исамуддин Рысбаев, Оралбай Ақбердиев, Низамиддин Пірманов, Бақтыбай Әліпов, Тұрғанбек Оспанов, Қамытбек Айтөреев, Әлібек Шегебай, Бауыржан Шомпиев, Бұлтбай Мүтәлиев, Қайрат Жолдыбай атқарды. Қазіргі таңда Нұрмаханбет Сапаров, Бауыржан Шомпиев, Ағатай Тәженов аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы қызметтерін Берік Әлзақов, Қадыр Жаңабек, Қыстау Ілесов, Бақыт Рүстемов, Талғат Анашбеков, Ғалымжан Амантай атқарса, бүгінгі таңда бұл қызметті Жұмасұлтан Бердешов атқаруда.

Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөліміне Әлен Бейсенбаев, Жалғас Нұрымбет, Бақыт Рүстемов, Мырзағали Қарымсақов, Бауыржан Шомпиев, Талғат Анашбеков, Олжас Айдос, Жұмасұлтан Бердешов, Нұрқанат Қауысов басшылық жасаса, бүгінгі таңда бұл қызметті Ұлан Бейсенбиев атқарып келеді.

Жалпы бөлімге Қадыр Жаңабек, Бөгенбай Сүйет, Нұрлан Зейдулла басшылық жасады, қазіргі таңда Мырзағали Қарымсақов жетекшілік жасайды.

Аудан әкімі аппаратының заңгері қызметін Үсен Құралбаев, Ғалымжан Мұсабеков, Абдулла Есімханов, Мақсат Ералиев атқарды. Қазіргі таңда заң бөліміне Нұрлан Ахментаев басшылық жасайды.

Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөліміне Қалдығыз Қошимова, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету бөліміне Ермек Бердібеков басшылық жасайды. Аудан әкімінің көмекшісі қызметін Талғат Қойшыбаев атқарады.

Аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметін Әділ Әбдіраманов, Сәбит Лаханов, Мағжан Серіков, Рүстем Пердебек атқарды. 

ШАРДАРА ҚАЛАСЫ 

Шардара қаласы 1958 жылы Энергетиктер поселкесі негізінде бой көтеріп, 1968 жылы қала мәртебесін иеленді. Шардара қалалық кеңесі атқару комитетінің алғашқы төрағасы Құлтөре Шымыров 1968-1974 жылдары қызмет атқарды. 1981-1983 жылдары Жасұзақ Ахментаев, 1983-1985 жылдары Орынбек Жамантаев, 1985-1988 жылдары Зұлпыхар Биболов, 1988-1991 жылдары Ақмұрат Әбубәкіров, 1991-1993 жылдары Аманолла Раманқұлов, 1993-1994 жылдары Нұрмаханбет Сапаров қала басшысы болды.

Әкімдік құрылым енгізілгеннен бастап, 1994-1996 жылдары Ақмұрат Әбубәкіров, 1996-1999 жылдары Дүйсен Әділханов, 1999-2000 жылдары Берік Әлзақов, 2000-2002 жылдары Зұлпыхар Биболов, 2002-2004 жылдары Оралбай Ақбердиев, 2004-2007 жылдары Тұрсынқұл Байтұрғанов, 2007 жылы Данияр Омаров, 2007-2012 жылдары Бұлтбай Мүтәлиев, 2012-2013 жылдары Тұрғанбек Оспанов, 2013-2017 жылдары Нұрмаханбет Сапаров, 2017-2018 жылдары Жалғас Нұрымбет қала әкімі қызметін атқарды. 2018 жылдан Шардара қаласының әкімі қызметін Ережеп Бекет атқарып келеді.

Шардара қаласында бүтінгі таңда 33 000 халық ғүмыр кешеді.

 

Қала аумағында облыстағы ірі кәсіпорындардың қатарынан саналатын «Шардара су электр стансасы» АҚ орналасқан. Сондай-ақ, «Шардара автобус паркі» ЖШС, Бақытжан Серманизов пен Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауыттары, «Шардара балық-1», «Саодат», «Бәйтерек ББМ» балық өңдеу зауыттары, Орталық базар, бірнеше дәмханалар мен мейрамханалар жұмыс істейді. Теңіз жағасындағы екі демалыс орны мен қала ішіндегі қонақ үйлер келушілерге қызмет көрсетеді.

Қала аумағында 7 орта мектеп, Халық қаһарманы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты, 2 негізгі мектеп, саз мектебі мен оқушылар үйі, 10 балабақша жұмыс істейді. Спорт саласы бойынша Түркістан облыстық №4 олимпиада резервіне мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, аудандық №1 БЖСМ, №2 БЖСМ, футболдан аудандық БЖСМ және ересектер спорт мектебі жастарды салауатты өмір салтымен шұғылдандырады.

Қала Мелдеби, Әсемай, Қанай датқа, Ақбала, Қызылжар, Майқала, Абай, Өтеғұл мөлтекаудандарына бөлінген.