2021 жылғы вегетациялық кезең су тапшылығына байланысты қиын жағдайда өткені өздеріңізге мәлім.

Себебі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы хатында көрсетілген мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша республиканың және көрші елдің негізгі үлкен су қоймаларында ағын су көлемі өте төмен деңгейде.

- Шардара су қоймасының көлемі – 2 227,0 млн/м3 (былтырғы жылмен салыстырғанда 970 млн/м3 төмен), бұл жобалық көлемнің 43% -ын құрайды;

- Тоқтағұл су қоймасының көлемі – 10 025,0 млн/м3 (былтырғы жылмен салыстырғанда 2 034 млн/м3 төмен), бұл жобалық көлемнің 51%-ын құрайды;

- Тасөткел су қоймасының көлемі – 332,7 млн/м3 (былтырғы жылмен салыстырғанда 45 млн/м3 көп), бұл жобалық көлемінің 54% -ын құрайды;

- Киров су қоймасының көлемі – 251,61 млн/м3 (былтырғы жылмен салыстырғанда 49 млн/м3 көп), бұл жобалық көлемінің 46% -ын құрайды; 

- Бұқтырма су қоймасының көлемі – 31420,0 млн/м3 (былтырғы жылмен салыстырғанда 5 863 млн/м3 төмен), бұл жобалық көлемінің 70%-ын құрайды;

- Бартоғай су қоймасының көлемі – 167,2 млн/м3 (былтырғы жылмен салыстырғанда 21 млн/м3 төмен), бұл жобалық көлемінің 56% -ын құрайды.

Қазіргі көрсеткіштермен алып қарағанда республикамызда, облысымызда, оның ішінде ауданымызда алдағы жазғы су алу кезеңінде қиындықтар, су тапшылығы болуы әбден мүмкін.

Жоғарыдағының негізінде аталған министрлігі ағымдағы жылы вегетация кезеңін нәтижелі өткізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында келесі іс-шараларды уақытылы қабылдауды ұсынады:

- Аудан  әкімдіктері су шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп суды тиімді пайдалану жөнінде су пайдаланушыларға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу;

- каналдарда қайталама су пайдалануды іске асыру, суару технологиясын (түнгі суару, кезекпен суару) жетілдіру;

- суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, су шықпайтын қыратты жерлерге дақылдар екпеу;

- егістік алқаптарындағы су жеткізіп беруші каналдардың су өтімділігін, су жүру жолдарын қамыстан және тағы басқа күл-қоқыстан таза ұстау.

Осыған орай, аудан әкімдігі тарапынан көктемгі ылғалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін ағын су алуға үш кезеңге бөлінген арнайы кесте жасалып, шұғыл әрекет жасау арқылы тиісті жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Ауыл әкімдері «Қазсушар» РМК Шардара өндірістік бөлімшесі өкілдерімен бірлесіп, каналдарды, арық-атыздарды тазалау, ағын су алу кестесі, ағын судың төлемақысын қайтару және тағы басқа мәселелер бойынша диқандармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейміз.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі.