Исламның бес парыздарының біреуі зекет беру деп аталады. Алла ризалығы үшін малдан берілетін зекет артта қалған мал-мүлікті аман сақтап, түрлі деңгейлерде көрініс табатын келеңсіздіктерден қорғану мақсатында берілген.

«Зекет» сөзі араб тілінен аударғанда береке, тазалық, өсу, көбею, арту және мақтау деген мағыналарды білдіреді.

Зекет – әр түрлі апаттан, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан және кедей-кембағалдардың байлыққа деген іштарлығы мен қызғанышынан сақтайды. «Мал-мүліктеріңді зекет берумен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жалаға дұға жасаумен дайын болыңдар» деген. Зекет мүміндер арасында өзара сүйіспеншілік пен бауырмалдықты күшейтеді. Исламның алғашқы дәуірлерінде аттылы бай адам жаяу кедей жүргіншіге: «Алланың нұры жаусын!» деп бірінші болып сәлем беретін болған. Бұл жылы сөзді естіген кедей: «Саған да Алланың сәлемі болсын!» деп байға жауап қайтарады екен. Ал байдың сәлемімен бірге зекетін де алған кедей байдың дүниесін қызғануы былай тұрсын, қайта оның тілеуін тілері анық.

– Зекет берудегі басты мақсат – өзіне берілген толайым нығметті пенденің сезінуі және оған шүкір етуі. Бұл дүниеде Алла Тағаланың әр құлына сынақ ретінде берер ырыздығы әр түрлі. Мәселен, біреулер төрт дүниесі түгел балқып-шалқып өмір сүрсе, енді біреулер кедейлік тауқыметінен бас көтере алмай жатады. Анығында екеуі де сынақ. Зекет беруші өзіне берілген байлыққа шүкіршілік білдіру керек, – дейді еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы, "Үркер-25" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сламбек қажы Мергенбаев ағамыз.

Сламбек ақсақал өзінің мал-мүлкінен берілуі тиіс зекетті әсте естен шығармайды екен. Осындай зекеттің есебінен 2 мешітке ақшалай жәрдем етсе, 14 күн көрісі төмен отбасыға 20 мың теңгеден зекет беріпті.

– Зекет – жағдайы нашар кедейлердің тұрмысын оңдауына, өмірден түңілмей ары қарай тіршілік етуіне жәрдемдесуді қамтамасыз ететін ғибадат. Ол сондай-ақ, қоғамда міскіндікті жойып, қайыршылыққа жол бермеудің амалы ғой, – деп ой түйеді С.Мергенбаев.

«Зекет – мұсылманды өзімшілдік пен сараңдықтан, дүниеқоңыздықтан айықтырып, қолы ашық жомарттыққа, кішіпейілдікке тәрбиелейді. Өйткені, адам баласының жаратылысында байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық, байлықтың буына мастанып, тәкәппарлану сияқты жағымсыз әдеттер бар. Зекет осы тәрізді рухани кеселдерден айығудың бірден-бір емі. Ислам діні зекетпен қатар, әл-ауқаты жоғары адамдарды қоғамның басқа да барлық саласына ат салысып, ондағы қиындықтарға қол ұшын беріп, көмектесуге үндейді. Сондай-ақ, дінімізде зекеттен басқа да пітір садақасы, құрбан шалу, нәпіл садақалар сияқты көптеген ізгі амалдар бар. Бұл – сауапқұмар жандар үшін керемет мүмкіндік» дейді аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов.

Зекет қоғамның бірлігін, тұтастығын сақтайды. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Зекет – исламның көпірі» дейді. Анығында, байдың баюына кедейдің де тигізер тікелей немесе жанама үлесі жоқ емес. Адамның қоғамнан тыс, жеке-дара байып кетуі мүмкін емес. Ал берген зекетіміз өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның қажетті кем-тетігін толықтырады. Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы бір хадисінде: «Садақасы берілген малдан ешнәрсе азайған емес» деп, зекет берудің кедейлікке жол ашпайтынын білдірген.

Ендеше, зекет беруді ұмытып кетіп жүрген жоқсыз ба? 

С.Қоспанұлы.