Апта барысында аудан әкімінің орынбасары Ағатай Тәженов, "Қазсушар" РМК Түркістан  филиалы, Шардара өндірістік бөлімше басшысы Ермек Иса және ауыл шаруашылығы мамандары ауылдық округтерде жер емген шаруалармен кездесу өткізді.

Кездесулер барысында көктемгі егіске дайындық, ағын су және оның төлемақысын уақытылы төлеу және тағы да басқа ауыл шаруашылығына байланысты қордаланған мәселелер талқыланды.

Е.Иса ағын су төлемақысын уақытылы төлеу керектігін айтып, уақытылы төлемеген жағдайда суару науқанында қарыз бойынша мәселе туындайтындығын атап өтті. Оған қоса босатылған ағын судың  тиісті салық түрлерін өтеу, сонымен қатар өндірістік шаруашылық жұмыстарын уақытылы жүргізу қажеттілігіне байланысты ағын судың төлемін тәртіппен төлеу керектігін кеңінен түсіндірді.

Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары әрбір тұрғынның өтінішін тыңдап, мәселелерді кездесу барысында жауапты тараптармен бірге талқылады. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына дайындықты жүйелі ұйымдастыру үшін аудан әкімінің өкімімен штаб құрылып, диқандарға бірінші кезекте жанар-жағармай, тыңайтқыштар және ағын су секілді қажеттіліктерді дер кезінде жеткізуді тапсырғанын айтты.

Ол өз сөзінде биылғы жылы құрғақшылыққа байланысты ағын су тапшылығы болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығына жауапты министрліктен ресми хат келгенін мәлімдеді. Мұнан бөлек шаруаларға суды аз қажет ететін дақылдарды егуге және ағын су пайдалану барысында үнемшілдікті барынша қолға алуға шақырды. Сондай-ақ, шаруалармен көктемгі суару науқанының уақыттары келісілді.

А.Тәженов тұрғындарға ағын су тарифының қымбаттауы мен ағын суды үнемдей алмай жатқандығымыздың себебін түсіндірді.

«Ауданымыздағы каналдар арқылы жіберілетін ағын судың пайдалы коэффициенті 56 пайызды ғана құрайды. Ал тозығы жеткен каналдар арқылы 44 пайыз су ысырапқа кетеді. Бұл мәселені шешу үшін облыстық және республикалық жауапты тараптарға ресми хаттар жібердік. Ауданымыздағы бүтіндей каналдарды жөндеу үшін өте үлкен қаражат керек. Оны тек республикалық бюджет арқылы ғана шеше аламыз. Сондықтан аудандағы каналдарды республикалық меншікке алу бойынша жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек, жылдан жылға Шардара су қоймасына жиналуға тиісті су азаюда»-деді.

Жиындар барысында ауылдық округ әкімдері қазіргі таңдағы жер жырту, ылғалдандыру секілді көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарын баяндады. Аудан әкімінің орынбасары әр ауылдық округ әкіміне және өзге де жауапты бөлімдер мен мемлекеттік мекеме басшыларына жергілікті мәселелерді шешуге тиісті тапсырмалар берді.

Рүстем Пердебек.