Депутат сұрау салды

Жергілікті мәслихат – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Мәслихатқа депутат болып сайланған азаматтардың жергілікті жердегі түйінді мәселелерді шешуге ықпал ете алатынын естіп те, көріп те жүрміз.

Депутаттар сол мәселе жайлы өздерінен жоғары тұрған органдарға немесе тиісті басқарма, министрліктерге дейін хат жолдап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жатады. Таяуда Шардара аудандық мәслихатының депутаты Бекмағамбет Кеншім ағынсу бағасының тым қымбаттап кеткендігі туралы, оның зардабы ауыл шаруашылығы жерлерінің азып-тозуына ұшырататындығы жайлы жанайқайын жоғары жаққа жолдапты. Бұл шардаралық шаруалардың көкейінде                                жүрген мәселе деп білеміз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі А.Қуантыровқа.

Көшірмесі: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасы А.К.Дарбаевқа.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің "Қазсушар" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны, суармалы егістік жерлерге берілетін ағынсу тарифін 2019 жылдың 1 тамызына дейін әр 1000 м3 (текше метр) 232,96 теңге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) болған еді.

2019 жылдың 1 тамызынан бастап, 2020 жылдың 1 тамызына дейін әр 1000 м3 (текше метр) ағынсу тарифін 329,28 теңгеге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) көтерді. 2020 жылдың 1 тамызынан бастап, 2021 жылдың 1 мамырына дейін ағынсудың әр 1000м3 (текше метр) бағасын 421,12 теңгеге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) көтерді. 2021 жылдың 1 мамырынан бастап, 2021 жылдың 1 тамызына дейінгі аралықта ағынсудың әр 1000м3 (текше метр) үшін тариф 739,2 теңге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) етіп белгіленген, ал 2021 жылдың 1 тамызынан бастап ағынсудың әр 1000м3 (текше метр) үшін тариф 787,36 теңге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) болып бекітілді.

2019 жылғы ағынсудың әр 1000м3 (текше метр) тарифі 232,96 теңгеден 2021 жылдың аяғына қарай 787,36 теңгеге өсті. Яғни, ағынсудың әр 1000м3 (текше метр) тарифі небәрі екі жылдың ішінде 3,379 есеге көтеріліп отыр, немесе пайыздық өлшеммен есептейтін болсақ 337,97%-ға көтеріліп отыр.

Ауыл шаруашылығы саласындағы суармалы егістік жерлер Қазақстан Республикасының алтын қоры болып табылады. Ағынсу тарифінің қатты көтеріліп кетуі салдарынан ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері (фермерлік және шаруа қожалықтары) қарызға белшеден батып, ағынсу ақысын төлеу қиынға айналып барады. Бұл өз кезегінде шаруалар тарапынан бүгінгі таңда үлкен наразылықтар туындатып отыр. Ағынсу тарифінің бұлай, ерекше көтерілуін шаруалар негізсіз деп есептейді. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы саласындағы суармалы жер көлемінің күрт азайып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді» деп айтқан еді. Ал ауыл шаруашылығының негізгі саласының бірі – суғармалы егістік болып саналады. Суғармалы егістікпен қамтылған бірнеше облыс және еліміздің бірнеше миллиондаған азаматтарының еңбектері тұрғанын ескерерсіздер деген ойдамын.

Сіздерден 2019 жылдан бастап, күрт 3,4 есеге көтеріліп кеткен ағынсу тарифін төмендетулеріңізді сұраймын.

 

Бекмағамбет Кеншім,  ғалым-агроном,

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы саласының үздігі,

Түркістан облысы, Шардара аудандық мәслихатының депутаты.