20 желтоқсан күнi аудандық мәслихаттың кезектi 52-шi сессиясы өткiзiлдi. Тоқсанбай Бердiбековтiң төрағалығымен өткен сессияда 14 түрлi мәселелер қаралып, талқыланды.
Жиынға қатысқан аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай қашанда халықтың мұң-мұқтажын шешу жолында аянбай еңбек етiп жүрген мәслихат депутаттарына алғыс айта отырып, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтiк-экономикалық өсiп-өркендеуi жолында халық қалаулыларын бiрлесе жұмыс жасауға шақырды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев мәслихаттың 25 жылдығына орай мерекелiк баяндама жасады (Баяндама мәтiнi 4-бетте).
Мұнан соң марапаттау рәсiмi басталды. Аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай ұзақ жылдардан берi жемiстi қызмет атқарып келе жатқан бiрнеше мәслихат депутаттарына, атап айтар болсақ, Тоқсанбай Бердiбеков, Бұлтбай Мүтәлиев, Полатбек Күметов, Исатай Әдiлхан сынды азаматтарға «Түркiстан облысының Құрметтi депутаты» атағын тапсырды. Сонымен бiрге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берiлген «Ерен еңбегi үшiн» медалi белгiлi кәсiпкер Ержан Қарабаевқа көп алдында салтанатты жағдайда табыс етiлдi. Алғашқы шақырылымдарда аудандық және облыстық мәслихатқа депутат болған еңбек ардагерлерi, қазiргi таңда да аудандық мәслихаттың депутаты болып жүрген азаматтар мен қала, ауыл әкiмдерiне, басқа да сала басшылары Қазақстан Республикасы мәслихат депутаттарының қоғамдық бiрлестiгiнiң шешiмiмен жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулi үлестерi үшiн «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелiк медальдарымен марапатталды.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.