Құрғақшылық қысқан кезде тасаттық беру ғұрпы қазақ халқында әлі де өзектілігін жойған емес. Оны бүгінде мал сою, құрбандық шалу рәсімдері арқылы ел ішінде орындалып жүргенін көріп-біліп жүрміз.
Осынау рәсімнің шығу тарихына тоқтала кетейік. Бірде Сүлеймен пайғамбар жерге жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап, далада келе жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқаның «Иә, мейірімді Алла! Біз сенің жаратылыстарыңның ішіндегі ең кішкенесі боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін бізді жазалама, ризығымызды кеспе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі» – деп, тілеп тұрғанын естиді. Сонда Сүлеймен халқына бұрылып, «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті» деген екен. Осы кезден бастап осынау рәсім жыл сайын орындалатын болыпты.
Өткен аптаның жексенбісінде аудандық орталық мешітте Шардара аудандық орталық мешітінің бас имамы Марат Асановтың ұйымдастыруымен тасаттық іс-шарасы өтті. Бұған дейін әр көше тұрғындары өзара ұйымдасып өткізіп жүрген шара бұл жолы бас имамның ұйытқысымен ортақтандырылып өткізілді.
«Аллаға бер де, жалын» деп бабаларымыз айтқандай, құрбандыққа төрт қой шалынып, ауызы дуалы ақсақалдар бата жасаса, аудан имамы дүниеден өткен ата-бабалар рухына құран бағыштады.
Іс-шарада Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет жиналған көпшілікті наурыз айындағы көрісу күні, амал күні мерекесімен құттықтап, тілегін білдірсе, Изатулла, Таңсықбай, Әбдікерім ақсақалдар ақ батасын берді. Сонымен бірге ҚМДБ-ның сараптау комиссиясы мақұлдаған «Намаз оқып үйренейік» кітапшасы көпшілікке сыйлық ретінде таратылды.
ҚМДБ-ның 7 бағытының бірі – қайырымдылық болса, игі шарада көпшіліктің шынайы ықыласымен Алла жолында берген садақаларынан жиналған қаражатқа көмекке мұқтаж әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі 100 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Мешіт ішіне 700 адамға тасаттық дастарқаны жайылды.
Тасаттық беруде ниеттес адамдардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің жауынды, жаздың жайдарлы, күздің күрең болуы – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиетінде, Жаратқанға жақындауында. Ендеше, ризық тілеп, Алладан нәр күту барша халыққа қажетті құлшылық. Жаратқан Алла екі дүниемізді де нәрлі етсін.
Өз тілшімізден.