Газетіміздің алдыңғы сандарында «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалы жанынан «Парасат» пікірталас клубы құрылғанын хабарлаған болатынбыз.
Пікірталас клубын құрудағы мақсат – әр саладағы, әртүрлі ұстанымдағы азаматтарды – ел ағалары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен саяси партиялар, депутаттар, жастар, ұлт жанашырлары, БАҚ өкілдері мен белсенді блогерлерді біріктіре отырып, аудандағы күрделі мәселелерді халықпен бірлесе отырып талқылау, оларды шешудің жаңа бағытын қалыптастыру.
Аптаның сейсенбісінде Алатау батыр ауылдық округінде жоғарыда аталған «Парасат» пікірталас клубының көшпелі жиыны өтті.
Жиынға аудан әкімі Қ.Жолдыбай, «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Қарымсақов, аудан прокуроры Р.Әбдірайымов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, облыстық мәслихат депутаты Б.Серманизов, қоғамдық кеңес төрағасы М.Нұрпейісов және аудандық мәслихат депутаттары, полиция бөлімі, кірістер басқармасы, санитарлық эпидемиологиялық басқарма, аурухана, кәсіпкерлік палата, Казсушар, адами әлеуетті дамыту бөлімі, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Пікірталас форматында өткізілген отырыста негізінен күн тәртібінде екі мәселе талқыланды. Олар – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен «Парасат» клубының кезекті отырысының төрағасын сайлау.
Жиынды жүргізу барысы талқыланған соң аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Т.Әлімқұлов ақпарат ретінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы уақытта жүзеге асатын және жоспардағы жобалармен таныстырып өтті. Бөлім басшысы негізінен күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін аудандағы 41 мың гектардан астам егістік жерлердің жағдайын жақсарту үшін ПУИД-3 жобасын іске асыру, ағын су төлемақысын реттеу және 110 шақырымды құрайтын Қызылқұм магистральды каналын бетондау жұмыстарына баса мән берілетіндігін айтты.
«Парасат» пікірталас клубының отырысына келген тұрғындар тарапынан егістік жер алу, егістік жерлерді дұрыс пайдалану, Сүткент ауылындағы Батыс су қашыртқысын жандандыру, Алатау мен Қызылқұм ауылдарында жүзеге асып жатқан ПУИД-2 жобасының жұмыс сапасы мен қарқынын бақылауда ұстау, тыңайтқыш пен жанар-жағармай бағасын жеңілдету, "Koldau.kz" сайтының комиссиялық төлемақысын реттеу, ағын су тарифын төмендету және уақытылы беру, жайылым жер көлемін арттыру және басқа да мәселелер айтылды.
Атап айтқанда, Жаушықұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Серікбаев: «Біздің ауылда егістік жер өте аз. Бірақ құнарлылығы өте жоғары. Қазір пысық азаматтар сол жердің бір гектарын 500 мың теңгеден алып, қауын-қарбыз егуде. Алдағы жылдары Жаушықұм массивінен 12 192 гектар егістік жер пайдалануға беріледі деген хабар естідік. Соның басым бөлігін жаушықұмдықтарға берсе» деген өтінішін жеткізді.
Сүткенттік ардагер Т.Әуелбеков ауылда жерасты суларының қатты көтеріліп кеткенін, соның салдарынан егіс егуге мүмкіндік болмай отырғанын, ол үшін тік дренаждарды іске қосу керектігін айтты. Алатау батыр ауылының тұрғыны З.Ешенқұлов та осы мәселеге тоқталды.
Қызылқұм ауылының тұрғыны Ж.Есімов: «Ауылымызда каналды істеп жатыр. Жұмыс жүруде. Бірақ, осы су босатылғалы сол каналдар үш рет бұзылды. Амалдап суарудамыз. Тыңайтқыш пен дизель отынының қымбаттығы да қинауда. Осы мәселені назарға алсаңыздар» дейді.
Бір топ ұзынаталық шаруалар «Ауылдағы тыңайтқыш жеткізуші мердігер 1 тонна тыңайтқыш үшін 120 мың теңгеден жинап жатыр. Қымбат. Оның құнын түсіруге болмай ма?» дейді. Ұзын ата ауылының әкімі бұл бағаның "Koldau.kz" порталына тіркелу себебінен қымбаттап отырғанын жеткізді. Осы жылдың шілде айынан бастап аталған порталға тіркелу тегін жүзеге асырылмақ екен.
Алатау батыр ауылындағы жанар-жағармай бекетінің иесі Ж.Сейдуалиев: «Мұнайға бай елдің дизельдік отынды тым қымбат босатуы өте ұят. Газ бағасын түсіргенде неге дизельдік отынның бағасын арзандатуға болмайды? Болады. Дизельдік отынды алпауыт компаниялар көптеп алып қояды да, біз секілділер 20-30 тонна ғана алады. Сосын әлгі алпауыттардан қымбат бағаға алуымызға тура келеді. Осы мәселені де жоғарыға жеткізу керек» деген ойын ортаға салды.
Осы ауылдың тұрғыны В.Панафиди: «Қазір өнімділік тым төмендеп кетті. Әр гектардан 20 центнерден ұтылып жатырмыз. Жаз бойы су беріп тұрса әр гектардан 40 центнерден мақта алуға болар еді» дейді.
Қалалық қоғамдастық кеңесінің төрағасы Ж.Жаңабаев Алатау батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қуан ағынсу бағасы, жерді тиімді пайдалану, жайылым жерді молайту жайлы ойларын жеткізді.
Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов Сүткент, Көсу, Жаушықұм ауылдарында егіс егіліп жатқан жерлердің санатының дұрыс-бұрыстығын, ол жерге кімдердің иелік ететінін сұрады.
Облыстық мәслихат депутаты, «Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Б.Серманизов аталған мәселелерді назарда ұстайтынын, сонымен бірге балық шаруашылығымен шұғылданамын деушілерге жәрдем беретінін атап көрсетті.
Жоғарыдағы сауалдар мен пікірлерге аудан әкімі мен тиісті мекемелер мен бөлім басшылары жауап берді. Ұсыныстар қабылданды.
Жиынға қатысушылар осындай пікір алмасу жиындары жиі болса деген тілектерін білдірді.
Жиын соңында «Парасат» пікірталас клубының ендігі отырысы Шардара қаласында өткізілетіндігі айтылып, отырыстың төрағасы бекітілді.
С.Қоспанұлы.