Биылғы жылы Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінде ауданымыздағы көзі тірі еңбек ардагерлерінің өмірі мен ел үшін еткен қызметтерінен тарихи мағлұмат беретін көрмелер ұйымдастыру жоспарланған болатын. Музейдегі көрме аясында ұйымдастырылған «Ардагер Ағманұлы» деген атпен сәуір айының 18 жұлдызында іс-шара болып өтті.
Осы айдың басынан бастап музейде жасақталған көрме де отбасына, қызмет еткен жемісті жылдарына арналды. Шараға еңбек ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Ең алдымен, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайлов қонақтарды музей тарихымен, өтіп жатқан шараның мақсатымен және Тәңірберді Ағманұлының жеке көрмесімен таныстырып шықты. Содан кейін сөз алған еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Ілесов өзінің «Ардагер Ағманұлы» атты лекциясында былай деді:
«Тәңірберді Ағманұлы 1939 жылы шежірелі Шардараның топырағында, бұрынғы Қызылқұм ауданы, Өгізарық деген жерде дүниеге келген (қазіргі Қоссейіт ауылдық окургінің тұсында). Кейін тың жерлерді игеруге байланысты Киров ауданы құрылып, бұл кісілер сонда көшкен. 1947 жылы Бағара елдімекенінде алғаш мектеп табалдырығын аттады. Әкесі Ағман ақсақал он бес жыл колхоздың төрағасы болып қызмет атқарған. Мектепті аяқтағаннан кейін, Тау-кен инженерлік институтынан «тау-кен инженері» деген мамандықты алып шығады.
Тәңірберді Ағманұлы Шардараны игеру басталған күннен-ақ құрылыс саласында жұмыс істеді. Ең алғаш еңбек жолын еліміздегі стратегиялық маңызы зор Шардара су электр стансасы мен су қоймасының құрылысын салудан бастап, аталған нысанның құрлысында бастан-аяқ қатысқан. Кейін жаңадан ашылып жатқан кеңшарлардың егістік танаптарын дайындаудың басы-қасында жүрді. Сол кездері «Шардарақұрылыс» басқармасына жергілікті азаматтардың ішінен басшы боп тағайындалған бірден-бір азамат та осы Тәкең. Қызылдың құмына тіршілік нәрін берген күретамыр іспетті «Қызылқұм» су жүйелері шаруашылығын басқарды. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесіне басшылық жасады. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесіне төрағалық еткен кезінде «Ардагерлер үйін» салуға мұрындық болды. Сонымен қатар, ауданымыздағы «Әжелер ансамблін» құруға да ат салысқан азамат.
Ағманұлының ел үшін еткен еңбегі ескеріліп, «Еңбек ардагері», ҚР «Құрмет» орденінің иегері, «Шардара ауданының құрметті азаматы» деген наградаларымен марапатталған.
Тәкеңнің жұбайы – Райхан Әбдірахманқызы қазақты әлемге танытқан Абай, Шәкәрімдердің туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Райхан апамыз Алматы қаласындағы нағашы апасының қолында өсіп, №12 орыс мектепте оқып бітірген соң 1957 жылы Медициналық институтқа түскен. 1963 жылы Тәңірберді ағамызбен отау құрып, шуағын шашқан шаңыраққа айналды.
Райхан Әбдірахманқызы ауданымыздың ең бірінші акушер-гинекологы. Денсаулық сақтау саласына өзіндік үлес қосқан ардагерлердің бірі. Шардарамен біте қайнасып, бар саналы ғұмырын шағалалы өңірдің өсіп-өркендеуіне арнаған.
Жалпы, бұл кісілердің адам үлгі-өнеге алатындай, келешек ұрпаққа мақтанып таныстыратындай еңбек жолдары бар».
Сонымен қатар, аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков еңбек ардагерінің аудан дамуы мен өркендеп-өсуіне қосқан қомақты үлестерін атап, қазіргі таңдағы қоғамдық жұмыстарын тізіп берді. Ағманұлының Ардагерлер Кеңесі төрағасы болған тұстарға да тоқталды, ал Егемберді Дүйсенов бұл кісінің құрылыс ісі, суландыру жүйелері салаларындағы сайрап тұрған қанық қолтаңбасын ерекше атады.
Іс-шара қатысушыларына ізгі ниеттерін жеткізген Тәңірберді Ағманұлы мен Райхан Әбдірахманқызы ауданның тарихы, бүгінгі күндері жеткен жетістіктері жөнінде нақты деректерді де тілге тиек етті. Шардара ауданының өткені мен бүгініне барлық күші мен жігерлерін арнап, баянды болашағы үшін де аянбай атсалып келе жатқан ардақты ардагерлер шара барысында емен-жарқын пікір алмасып, қоғам өміріндегі келелі мәселелерді қозғады.
Бекжұма Матжанұлы.