Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Ауылым – алтын бесігім» атты аудандық өнер фестивалі ауданға қарасты бірлігі бекем барлық ауылдық округтерде түйінделді.

Фестивальдің мақсаты – еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, ауыл өнерпаздарының шығармашылық, кәсіптік деңгейін, тыныс-тіршілігін, халыққа мәдени қызмет көрсетудегі бағыт-бағдарын анықтау.

Ынтымағы жарасқан елді мекендер бірінен-бірі оза түсті. Мерекелік іс-шара ең әуелі Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің мәдениет үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараға ауыл жастары мен оқушылар тартылып, қызықты өтуіне біркісідей атсалысты. Оларды қолдауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Ұйымдастырушылар да, өнерпаздар да, көрермендер де ұлттық киімді нақыштап, қазақилықты дәріптеді.

Фестиваль мұнан кейін Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата, Алатау батыр, Ақшеңгелді, Достық, Қызылқұм, Сүткент елді мекендерінде жалғасын тапты. Қай ауылды алып қарасаң да ауыл жұртының ұлттық құндылықтарға деген шынайы құрметінің белгісі байқалады. Ауыл әкімдерінің шараның жоғарғы дәрежеде өтуіне ерекше күш жұмсағандары көрініп тұр. Апа-әжелеріміз ұршық иіріп, жүн сабап, күбі пісіп, әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттап жатса, спортты жанына серік еткен жастар арасындағы арқан тарту, асық ату, қол күрес, гір тасын көтеру ойындары шараның көркін тағы да аша түскендей.

Фестиваль аясында ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру көзделген еді. Осы мақсатта ұлттық спорттан жарыстар ұйымдастырылып, қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Сонымен қатар Алаш арыстары, қазақтың белгілі ақын-жазушылары, еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері бейнеленген суреттер, сондай-ақ кітап көрмелері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, ауыл шаруашылық өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Айтулы шараны ауыл әкімдері мен орынбасарлары, бірқатар мекеме басшылары арнайы келіп тамашалады.

Фестивальдің ерекшелігі сонда – ақ жаулықты әжелеріміз келіндерімен бірге табаға нан пісіріп, диірмен тартып, құрт жасап, ән айтып, келіндер сәлем салып қазақ әйелінің тірлігін көпке үлгі етіп, бүгінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарының тәлім-тәрбиелік мәнін аша түсті. Өскелең ұрпақ ата-бабаларымыздың мирас етіп қалдырған құндылықтарын білуі, көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Бұндайда оларға аға буын жол сілтеуші екені айтпаса да белгілі. Мекеме-ұйым қызметкерлерінің салт-дәстүрді сахналап, жарамазан айтып, мағыналы көрініс көрсетуі көпшілік, соның ішінде жастардың арасында қазақ жұртына тән дәстүрлердің кеңінен насихатталуына септігін тигізді.

Мерекелік шараға сай безендірілген сахнада ауыл өнерпаздары жұлдыздай жарқырады. Олар Тәуелсіздік, Отан, ауыл, туған жер жайлы әуезді әндерін әуелетсе, өнерлі өрендер домбырамен күй тартып, терме орындап, баянда тамаша ойнады. Бұрымдылар ұлттық  нақышта бұрала билеп, көпшіліктің назарын өздеріне аударса, балдырған балапандар өз өнерлерімен тамсандырды. Бір сөзбен айтқанда концерттік бағдарлама көрерменнің көңілінен шықты, ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Айтулы шара жергілікті жұртшылық үшін мерекелік тарту болды. Ауыл тұрғындарының туған өлкесіне деген сүйіспеншілігі артып, танымы кеңейді. Барлығы да ауыл тойында жүргендей күй кешіп, бір-біріне жылы лебіздерін жеткізіп, ілтипатын білдірді. Дегенмен сайыстың аты сайыс. Сайыс болған жерде әділ бағасын беретін қазылар алқасы болады. Аталған шараға төрелік етіп, шынайы бағасын берген қазылар алқасының құрамында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, қазылар алқасының төрайымы Карима Әнуар, аудандық мәдениет сарайы директорының орынбасары Ұлжан Қойлиева, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ғайша Төребаева, аудандық мәдениет сарайының балалар мен жасөспірімдер жұмыс секторының меңгерушісі Сәкен Бегманов, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Ақбота Өсербайлар болды. 

Фестивальді қазылар алқасының төрайымы Карима Тойшыбекқызы «Ауылдардағы ұйым қызметкерлері мен барша жастардың фестивальға жақсы дайындалғаны көзге анық көрініп тұр. Қазақи нақышта безендірілген сахна, кіреберістегі қолөнер бұйымдары мен кітап көрмесі, ұлттық тағамдар қойылған ақ дастарқан, өнерімен тәнті еткен өнерпаздардың киім үлгісі, сахнада өзін ұстауы, бәрі құдды бір қазақтың ұлан-асыр тойында жүргендей әсер қалдырды. Дегенмен бұл бәрібір сайыс. Кімнің озарын, кімнің бағы жанарын уақыт көрсетеді. Аталған өнер байқауының қорытындысы 21 мамыр күні – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні белгілі болады» – деп қорытындылады.

   Өз тілшімізден.