Адамзат тарихында өшпес орын алған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 77 жыл толды. Бүгінгі ұрпақ сол соғысқа қатысқан майдангерлерге, жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне мәңгілік қарыздар.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша майдангерлерге құрмет көрсету, оларды еске алу, жанқиярлық ерліктерін насихаттау шаралары кеңінен қолға алынып келеді. Таяуда осындай шараның бірі Қоссейіт ауылында болып өтті.
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай, «Майдангерлерге мың тағзым» атты шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауыл әкімі Еркінбек Айдынбаев бастаған әкімдік қызметкерлері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түгелқос Жанықұлов, ауылдағы екі мектептің басшылары мен мұғалімдері, ауыл тұрғындары қатысты.
Ардагерлерін ардақтауда қоссейіттіктер көш бастап тұр десек артық айтқандық болмас. Тарихты ақтарып қарасақ, 1920-1930 жылдары іргелі ауыл болған Қоссейіттен соғысқа 100-ден астам жауынгердің аттанғанын білер едіңіз. Олардың біршамасы сұм соғыста оққа ұшты. Елге аман-есен оралғандары бейбіт еңбекке қайта араласып, ауылдың, ауданның дамуы үшін қажырлы еңбек етті.
Қайбір жылы ауылдық мәдениет үйі алдынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылған болатын. Осында орнатылған ескерткіш тақтаға ауылдан майданға аттанып, елге оралмаған 100-ге жуық боздақтардың аты-жөндері жазылған. Олардың ұрпақтары әрдайым осында келіп ата-баба рухына тағзым етіп тұрады. Мұнан бөлек екі мектепте де соғыс ардагерлеріне арналған арнайы бұрыштар бар. Оқушылар майдангер аталарының өмір жолдарымен осында танысып, біліп отырады.
Салтанатты шараның ашылу рәсімі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауыл әкімі Еркінбек Айдынбаев бастаған ауыл тұрғындары жоғарыда аталған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жиын барысында сөз алған Т.Бердібеков Жеңіс күнінің маңызына, ардагерлердің ерлік жолдарына кеңінен тоқталды.
–9 мамырда Ұлы Жеңіске 77 жыл толды. Фашистік Германияға қарсы соғысқан одақтас елдер ішінде Қазақстан да жанқиярлықпен күресе білді. Ұлы Отан соғысында біздің жерлестеріміз де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда қайта зерттеп, түгендеудің нәтижесінде Шардара ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың саны 800-ден асып жығылады. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған майдангер аға-апаларымыздың көзін көріп, ерлікке толы әңгімелерін естіп өстік. Сүйектері асыл майдангерлеріміз кешеге дейін төрімізден орын алып, құрметке бөленіп келді. Ауданымыздағы соғыстың соңғы сарбазын 2019 жылы ақтық сапарға шығарып салғанымыз белгілі. Алайда, олардың есімдері біздердің жадымызда мәңгі сақталады.
Сарбаздарды оқ-дәрімен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтуда тыл еңбеккерлерінің еңбегі орасан. Олар уақытпен санаспай еңбек етті. Әлі бұғанасы бекіп үлгермеген қаршадай балалар үлкендермен бірдей қара жұмыс атқарды. Бүгінде жастары 100-ге таяп отырған ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің барлығы да соғыс кезінде соқамен жер жыртып, егін еккен, мал баққан, шахтада кен қазған азаматтар болып келеді.
Биылғы мерекеге ауданымыз бойынша 30 тыл ардагері мен 7 Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің зайыбы аман-есен жетіп отыр. Олардан бөлек ауданымыз бойынша 19 азамат Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген азаматтар қатарына жатады. Жеңіс күнін жақындатқан тыл ардагерлеріне деген қамқорлықтар жоспарлы түрде жалғасын таба беретін болады, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков.
«Біздің ауылдан 100-ден астам азамат кешегі қан майданда етігімен қан кешіп, жауға қарсы майданға түсті. Көбісі майдан даласынан оралмады. Бүгінгі таңда ол кісілерді мәңгілік есте қалдыру шаралары аясында жұмыс атқарып жатырмыз.
Елге аман-есен оралған майдангерлердің көзін көрдік, тәлімін алдық. Олар күні кешеге дейін, өмірден өткенше қоғамдық жұмыстардан шет қалған жоқ. Мектептерде, ауылдық мәдениет үйінде майдангерлермен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған едік. Ол кісілер сондай шараларымыздан қалмайтын. Балаларға бейбіт күннің бағасын білуді, адал еңбек етуді насихаттап отыратын. Жас буынды отансүйгіштікке баулу мақсатындағы мұндай шаралар алдағы уақыттары одан әрі жалғаса береді деп сеніммен айта аламын», – деді шара барысында сөз алған ауыл әкімі Е.Айдынбаев.
Жеңіс күніне арналған шарада мектеп басшылары да сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
– Біздің ауылдың да, мектебіміздің де тарихы бай. Қоссейіт елді мекенінде (бұрынғы «Восход» кеңшары) 1953 жылдары «Қалғансыр» бастауыш мектебі құрылды. Мектеп басшысы, әрі оқытушысы болып Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманбаев Артық ағай тағайындалды. Ол кісіден соң Бегұлы Икрамов есімді ардагер атамыз директор болды. Жалпы біздің мектебімізде ұстаздық еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері көп еді. Барлығының есімдерін жазып, арнайы бұрыш жасап қойғанбыз. Немерелері, шөберелері аталарын көріп, мақтаныш санап жүреді, – дейді «Сырдария» жалпы орта мектебінің директоры Жанар Нұралиева.
Шара барысында ауылдағы «Сырдария» және «Қоссейіт» жалпы орта мектептерінің оқушылары майдан даласынан сахналық көріністер қойып, әуелете ән салды, дөңгелене би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
– Бүгінгі шарамыз жоғары деңгейде өтуде деп санаймын. Осы іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған ауыл әкімі Е.Айдынбаевқа, ауыл әкімдігінің қызметкерлеріне, шараның қызықты өтуіне ат салысып жатқан екі мектептің басшылығына, сонымен бірге Қалнияз Сүйесінов есімді азаматқа өз атымнан алғыс айтар едім.
Келешек, болашақ – жастардікі. Біздің мақсат – соларға түзу жол көрсету, Отанына, еліне адал болуды үйрету. Ерлікті бағалай білуге баулу, – деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Жанықұлов.
Шара барысында мәдениет үйінің ауласына дастарқан жайылып, ас үстінде ауыл имамы Нұрахмет Бижігітов майдан даласында қалған, бертін келе өмірден өткен барша соғыс ардагерлерінің рухына құран дұға бағыштады.
Шара соңында ауыл тұрғындары аталған бас қосуды ұйымдастырған жандарға алғыс айтып жатты.
Бекжұма Нарбай.