Қазіргі таңда мектепті бітіргендеріне 10, 20, 30, 40, 50 жыл толған азаматтар өздері білім алған мектепке, туып өскен ауылдарына түрлі тарту-таралғы жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Биылғы «Соңғы қоңырау» мерекесі аталып өтер тұста Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті 1972 жылы бітірген түлектер аталған білім ордасына ойын алаңын салып беріп, ұстаздар мен оқушыларды үлкен қуанышқа бөледі. Ойын алаңының салтанатты ашылуына аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, мектеп бітіргендеріне 50 жыл толған түлектер мен ұстаздар, оқушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Өнегелі шараның мәнді де мағыналы өтуіне мектеп ұжымы өте жақсы дайындалыпты. Мектеп ауласын әсем безендіріп, оқушылардың қолынан шыққан сурет көрмесін ұйымдастырыпты. Бірінші сыныптың бүлдіршіндері мен мектеп бітіруші түлектердің жүздері қуаныштан бал-бұл жанады. Мектеп бітіргендеріне 50 жыл болған түлектер сол оқушыларға қарап, балалық шақтарына ойша саяхаттап, қызықты жәйттерді естеріне алып жадырысып отырды.
Салтанатты шараның ашылу барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімі алдыңғы толқын ағалардың игі істеріне ризалық білдірді. Бүгіндері жастары 70-ке тақап қалған ардагерлердің осынау ізгілікті істері өзгелерге үлгі-өнеге боларына кәміл сенетінін атап өтті. Сонымен бірге аталған шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан бірнеше аға-апаларымызға, атап айтқанда З.Талбидин, Ү.Қамбаров, Қ.Қалдарбеков, Ә.Бахтияров, А.Әбжалова, Б.Әшіровтерге аудандық мәслихат атынан марапаттар табыс етті.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков сөз алып, 50 жылдық түлектердің балалар үшін жасаған жақсы істеріне ардагерлер атынан алғыс білдірді.
50 жылдық түлектер атынан сөз алған ауданның Құрметті азаматы Зәкірхан Талбидин аталған шараның маңызына кеңінен тоқалып өтті.
– Біз үшін білімнің қасиетті қарашаңырағы болып саналатын осынау мектепке осыдан 60 жыл бұрын аяқ басыппыз. Қолымызға қалам алып, қара таныдық. Өмірлік тәжірибелері мол ұстаздардан тәлім алдық. Осыдан 50 жыл бұрын арман құшағында мектеп бітіріп, жан-жаққа қанат қақтық. Ұстаздарымыздың санамызға сіңірген білімі мен тәрбиесінің нәтижесінде қолымыздан келгенше елге қызмет еттік. Бүгінде барлығымыз зейнеткерміз.
Бүгінгі балақайлар – қоғамымыздың ертеңгі күнгі тұтқасы екендігі анық. Сондықтан олар білімді, тәрбиелі болуы қажет. Тәрбиені – отбасында, білімді – мектепте алады. Сонымен қатар олардың денсаулығы мықты болуы тиіс. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Біз балаларымыздың, немерелеріміздің денсаулықтары мықты болғанын қалаймыз. Қазақта: «Бірінші байлық – денсаулық» деген аталы сөз бар. Немерелеріміз жастайынан шымыр, шыныққан болып өссе, уақыт өте келе өмірден өз жолдарын табарына сенімдіміз, – дейді З.Талбидин.
Келесі кезекте сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептің директоры Гүлзабира Сүлейменова аға-апаларының ыстық ықыластарына ұжым атынан алғыс айтты.
Ел ағаларының аталы сөзінен соң ойын алаңының алқызыл лентасы қиылды. Құны бес миллион теңгеге түскен ойын алаңы жасанды шөппен көмкерілген. Мұнда кіші футбол, волейбол, баскетбол ойындарын алаңсыз ойнауға болады. Арнайы кілемдер төсеп, ашық аспан астында күрессе де болатындай екен.
Шара барысында бірінші сынып оқушылары мен бітіруші түлектер күмбірлете күй төгіп, дөңгелене би билеп, әуелете ән салып, спорттық жаттығулардан үзінділер көрсетіп ағаларының ақ пейілдеріне деген алғыстарын білдірді.
Мұнан соң қонақтар мектеп ішінде құрылған мұражайды тамашалап, ақ дастарқан төрінен орын алды. Бұл жерде Әбдірасыл Райымқұлов, Сатыбалды Сарыбасов, Нұрғали Ибрайым, Карамат Смайылова, Әсия Дәрібаева, Майра Тәңірбергенова, Болат Жамалханов, Темірхан Әлімқұловтарға аудандық мәслихаттың атынан арнайы марапаттар табысталды.
– Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-интернатын 1972 жылы үш сыныптан құралған, алпыстан аса ұл мен қыз бітіріп, үлкен өмір жолына түсті. Алғашқы жылдардан-ақ олардың арасынан білімдарлық танытып, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Ақмола қалаларындағы жоғары оқу орындарына түсіп, ұстаздары мен ата-аналарын, достарын қуантқан шәкірттер аз болмады. Бірқатары әскерге аттанып, ел тыныштығын қорғауға, құрылыстар салуға қатысты. Сол жылдары басталған Бүкілодақтық комсомолдық бригадалар құрамында тың игеруге белсене кірісті.
Жылдар жылжыған сайын бақытты таңдар қарсы алды. Буыны бекіп, қабырғасы қатқан жастар қос қарлығаштай жұптарын тауып, табысып жатты. Ақ отаулар көтерілді. «Жас жұбайлар әні» жиі шырқалды. Балалар күлкісі естілді. Жерлестеріміздің арасынан атақты ұстаздар, әр саланың абыройлы мамандары, адам өмірінің арашашылары, тыныштық күзетшілері шықты. Заман талабына сай жеке кәсіпті сауатты игеріп, абырой мен беделге бөленген, көпке сәулесін түсіріп жүрген жомарт пейілді кәсіпкерлер де қазір арамызда отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлер – Бақыт Әшіровті, Әбдірасыл Райымқұловты, Серікбай Телқозиевті, Темірхан Әлімқұловты мақтаныш етеміз. «Ыбырай Алтынсарин атындағы» медальдің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шардара ауданы мәслихатының бірнеше шақырылымдағы депутаты, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының Құрметті депутаты, Шардара ауданының Құрметті азаматы Зәкір Талбиддинді, ұзақ жылдар аудан құрылысы мен қаланың сәулетіне басшылық жасап, гүлденуі мен дамуына қомақты үлес қосқан Шардара ауданының Құрметті азаматы Үсен Қамбаровты, милиция майоры Сатыбалды Сарыбасовты, милиция ардагері Полат Жамалхановты, ұзақ жылдар медицина саласында еңбек етіп, зейнеттік демалысқа шыққан Әсия Қазмамбетованы, Карамат Смайылованы, педагог Шара Тұрысбекованы, педагог Нұржамал Қаратаеваны, Ұлту Мырзабекованы, қажылар – Балғын Ізтілеуованы, Аққан Әбжалованы құрбы-құрдастары мақтан тұтады, – дейді 50 жылдық түлектердің бірі, педагогика саласында қырық жылдан аса мінсіз еңбек еткен, «Қазақстан Республикасы Оқу-тәрбие ісінің үздігі», «Экономика мақтанышы» орденінің иесі, көпке танымал ақын, республикалық жазба ақындар мүшайларының бірнеше мәрте жеңімпазы, «Періште пейіл» кітабының авторы Нұрғали Ыбырайым. Ақын ағамыз осы шара барысында әдебиетке құмар, үздік оқушыларға өзінің «Періште пейіл» жыр кітабы мен өлең жинақтары шыққан «Жұлдыз» журналын сыйлады.
Ардагерлер дастархан басында бала күндерін, өткен шақтарын еске алып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отырғанда бір топ бала ағалары сыйға тартқан спорт алаңында асыр салып ойнап жатты.
Өз тілшімізден.