Қазіргі таңда БАҚ беттерінен балаларынан безінген әкелер мен аналар жайлы сұмдық хабарларды жиі оқып жатамыз. Ал ел ішінде өзгенің ұл-қыздарын өз балаларындай тәрбиелеп отырған жандар да аз емес. Сондай жүрегі мейірімге толы жандардың бірі – Наталья Зибирева десек қателеспейміз.
Балаларды қорғау күні мерекесінде арнайы сұхбат алу үшін Зибирева Натальяның отбасына бардық. Мақсатымыз – 4 тұл жетім баланы бауырына басып қамқорлығына алған, оларға туған анасындай қамқоршы болған, балаларды өсірудегі, тәрбиелеудегі Натальяның еңбек жолын өзгелерге үлгі етіп көрсету және алғысымызды білдіру.
– Наталья, айтыңызшы, балалар сіздің қамқорлығыңызға қалай өтті? Туыстық қатынастарыңыз бар ма?
– 2011 жылдың мамыр айында менің туған ағам мен жеңгем жол апатынан қаза болды. Басымызға үлкен қайғы келді. Артында төрт баласы қалды. Не істейін, оларды асырап алуға шешім қабылдадым. Айналамдағы таныстар, туысқандар «Бір емес, екі емес, төрт баланы асырау, оны өсіріп тәрбиелеу оңай емес, ең дұрысы балалар үйіне өткіз» деді. Ал мен көздерін жәудіретіп 4 баланы балалар үйіне өткізуге қимадым. Олардың жазығы не? Әрі туған бауырымның балалары ғой, менің туысқандарым ғой.
– Бүгінгі таңда өзге түгілі өз балаңды тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бала тәрбиесінде, оларды өсіруде, бағып-қағуда қиындықтар болмады ма?
– Ия, дұрыс айтасыз, бала тәрбиесі қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол жыл мен үшін өте ауыр болды, себебі бұл балалар ата-анасынан айырылып, үлкен соққы алды, көңілдері жарым болып тұрды, ерекше мейірім мен жауапкершілік қажет еді. Сол кезде ең үлкені Кристина небәрі 11 жаста, ал ең кішкентайы Андрей 6 жаста еді.
Ал, менің жасым небәрі 30-да болатын, яғни, бала тәрбиесінде де, өмірде де толысқан тәжірибем жоқ еді десем де болады. Қиналған шақтарым да болды. Сондай сәттерде он ойланып, тоғыз толғанып, «бұл балаларды қалай жеткіземін, қалай өсіремін?» деп ұйықтамаған түндерім де болды. Бірақ өмірде алдыма анық мақсат қойып, белімді бекем буып кірісіп кеттім.
Намысқа тырысып, балаларды мектептен, яғни, сабақтан қалдырмай, оқу үлгерімінің дұрыс болуын қатаң қадағаладым. Бүгінде үлкені Кристина 11 сыныпты бітіріп, Авиценна атындағы медициналық колледжді жақсы оқып бітірді. Карина 9 сыныптан кейін өзіміздің жергілікті колледжде оқып, тігінші мамандығын алды. Александр биыл 9 сыныпты бітіріп жатыр, ең кішкентайымыз Андрей 7 сыныпқа көшті.
Күнделікті өмірімде балаларға саналы тәрбие беруге тырыстым. «Біреудің затын рұқсатсыз алма, біреуге жамандық жасама, адал бол, адам бол» деген ұғымдарды саналарына күнделікті құйып отырамын.
– Жаңа жоғарыда өзіңіз айтқандай әрине бәрі оп-оңай болмады, осы балаларды қамқорлығыңызға алғаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
– Бүгінгі күндері балаларым әжептеуір есейіп қалды, кейде өзіме ақыл айтып, кеңес беріп жатады (күлді). Өткен күндерімді ойлап, есіме түсірсем еріксіз көзіме жас үйіріледі. Ал болашақтарын ойласам қуанамын.
Шардараның халқына, адамдарына ризамын. Маған осы балалардың жолында көп адамдар көмектесті, әсіресе құжаттарды рәсімдеуде аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан ағайымыз көп қамқорлық көрсетті. Осы сәтті пайдаланып ол кісіге алғысымды білдіремін. Марқұм енем Зибирева Любовь Ивановна көп қамқорлық көрсетті. Мектеп үнемі қолдау көрсетті, барлығына да рахмет.
Балаларды қамқорлығыма алғаныма ешқашан өкінген емеспін. Өмірдің маған беріп жатқан сыйларын осы балаларға қамқорлық жасағаным үшін шығар деп білемін.
– Өзіңіздің отбасыңыз,балаларыңыз туралы айтсаңыз?
– 2011 жылы күйеуім қайтыс болып, өзімнің де қолымда 3 жасар Милана болды. Мен небәрі 30 жаста едім.
Балаларды бөліп-жармай, бір үйдің баласындай өсірдім. Бір-біріне мейірімді болуға, жанашырлықпен қарауға баулыдым, еңбекке баулыдым. Бүгінде ең қиын күндер артта қалды. Қазіргі таңда тұрмысқа шықтым, қасымда жанашыр жарым Шарков Олег Игоревич бар. Ортақ 2 баламыз бар, яғни, мен көп балалы анамын, 7 балам бар (күлді). Өзімнің 3 балам және қамқорлығымдағы 4 баланы айтамын. Жұбайым адал еңбегімен нан тауып, маған бала тәрбиесінде үлкен қолдау көрсетеді.
– Қымбатты
Наталья Александровна!
Шынында да сіздің бала тәрбиесіндегі еңбегіңізге алғыс білдіреміз, сіздің қамқорлығыңыз, адамгершілігіңіз көпке үлгі боларлықтай деп есептейміз. Бүгін сіздің балаларыңызды мерекемен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, отбасылық бақыт пен шығармашылық табыстар тілейміз. Балаларыңыз есейгенде сіз еңбегіңіздің жемісін көресіз деп сенеміз.
Сұхбаттасқан: М.Горький атындағы жалпы орта мектептің әлеуметтік педагогі Рабиға Бегалиева.