Бір қарағанда адам өмірі қас-қағымда өтіп кететін секілді болып көрінеді. Сол қас-қағым уақытты, мағыналы да мәнді, жарқын да қызықты, бақытты да, баянды етіп өткізу жұмыр басты пенденің ойы, арманы. Бақыттың базарында өткен күндеріңнің өнегелі, ұл-қыздарыңа үлгілі ғұмыр кешкеніңнен байқайсың.
Өміріңде жоғары білім алып, шаңырақ көтеріп, бала тәрбиелеп, қызметте жоғарылап, достарыңның, әріптестеріңнің, ауылдастарыңның арасында сый-құрметке ие болу айналып келгенде өз туған жеріңе, өскен ортаңа қызмет жасау. Ауданымызда осындай өнегелі ғұмыры бар, санаулы күндерде жасы жетпістің бірінен асқалы тұрған, бір әулеттің ақылшысы, Ұзын ата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданымыздың Құрметті азаматы Анашбеков Әбдіқадір ғұмыр кешуде.
Әбдіқадір Анашбеков 1951 жылдың 10 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Киров ауданында өмірге келді. А.П.Чехов атындағы орта мектепті бітірген соң бір жыл шаруашылыққа араласып, Мақталы ауылында еңбегін шыңдай түсті. Шаруашылықта еңбек ете жүріп, ауыл шаруашылығына деген қызығушылығы арта түсіп, 1969 жылы жоғары білім алып, маман атану үшін Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылық институтына оқуға түсті. Аталған оқу орнын 1974 жылы ойдағыдай бітіріп, ғалым-агроном атанды. Институтты бітіргеннен кейін екі жыл Өзбекстанның Жызақ облысында мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1976 жылы Қазақстанға қайта оралып, Қазақтың ғылыми-зерттеу күріш институтының «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшарда орналасқан «тәжірибе шаруашылығы» (опытная станция) бөлімшесінде тәжірибемен ұштастыра білді. Станция нағыз жас мамандардың шыңдалатын ордасындай еді. Ол жер күріштің элита сортын сұрыптайтын, күріш егу тәсілін, өсіру әдісін, аз еңбекпен мол өнім (технологияны жетілдіру арқылы) алу бағытын көрсететін ғылыми зертхана саналатын. Осылай Әбдіқадір Анашбеков теория мен практиканы жалғастырды. Егіс даласындағы еселі еңбегі ғылыми негізде «тәжірибе шаруашылығы» бөлімшесінде дамып отырды.
Кеңес Одағының тың және тыңайған жерлерді игеруді дамыту жоспары Қазақстанда табысты жүзеге асырылғаны белгілі. Осы тұста Шардара өңіріндегі Қызылқұм каналы қазылып, мыңдаған гектар алқап суландырылып, егістік жердің көлемі жылдан-жылға артып жатты. Ә.Анашбеков тәжірибелі маман ретінде Қызылқұм каналы суландыру басқармасына мелиорация бөлімінің бастығы қызметіне ауысып, аталған өңірдің мелиоративтік жағдайының жақсаруына айрықша еңбек сіңірді. Басшылық 1978 жылы жас маманды жаңадан ашылған кеңшарлар трестіне аға агроном етіп ауыстырады. 1980-1982 жылдары Шардара аудандық атқару комитетіне нұсқаушы қызметіне шақырту алып, шаруашылықтарды ұйымдастырушылық жұмыстарын жемісті жүргізді. Нәтижесінде, 1982 жылы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшардың кәсіподақ комитетінің нұсқауымен осы кеңшардың №3 бөлімше басқарушысы қызметіне, тағы бір жылдан соң «Комсомол» кеңшарының №5 бөлімшесіне қызмет ауыстырды. Соңғы жылдары №5 бөлімшеге басшы тұрақтамай, бірі келіп, бірі кетіп, жоспар орындалмай, кеңшардың көрсеткішін артқа тартып жүрген бөлімше болатын. Жас та болса білікті маманға партиялық тапсырма жүктеліп, осы бөлімшені қалайда алға жылжытып, ұжымды ұтымды ұйымдастыру тапсырылды. Партия комитеті кадр таңдауында жаңылыспапты, небәрі бір жылдың ішінде бөлімше жоспарды артығымен орындап, алты жылда ең алдыңғы қатарлы бөлімшеге айналды, ұжымда моральдық-психологиялық ахуал тұрақтанды. Ә.Анашбеков осы кеңшарда еңбек еткен жылдары қаншама аға буын өкілдерімен, өз ісінің майталмандарымен қызметтес болып, тәжірибелі мамандардан шаруашылық басқарудың қыр-сырын үйренді. Ал жас мамандарға өз ойына түйгендерін айтудан жалықпады.
Өзіне ұстаз санайтын басшыларының бірі де бірегейі «Комсомол» кеңшарын 20 жылдан аса басқарып, күріш өсіруден аты Одаққа таралған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған білікті басшы Нартай Сапаров болатын. «Ауыл академигі» деп атауға тұрарлықтай іскер басшымен қызметтес болғанын сағына еске алып отырады.
Осындай еңбектері мен ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудандық партия комитеті ғалым-агрономды енді шаруашылығы шатқаяқтап, егіншілігі ақсап жатқан «Көксу» қаракөл қой кеңшарына бас агроном етіп, аталған шаруашылықты ілгерілетуді тапсырды. Негізгі бағыты қаракөл қойын өсірумен айналысатын шаруашылықта егіншілікке аса мән берілмегенге ұқсайды. Суармалы жерлерінің басым бөлігі айналымнан шығып қалған, өнімділік төмендеген, жоспар соңғы бес жылда орындалмаған, осының салдарынан мал азығының жетіспеушілігі туындаған. Білікті басшы мұнда қызмет атқарған алты жыл ішінде айналымнан шығып қалған 500-600 гектар жерге күріш егіп, қайта айналымға қосты, шаруашылықтың егістік жерлерінде ауыспалы егіс жүйесін іске асырып, жаңа заманауи техноглогияны қолдануды тереңдетті. Нәтижесінде мал азығы, жем-шөптің мол қоры дайындалып, мал басының жылдан-жылға артуына айрықша үлес қосты.
Институтта алған білімі негізінен жеміс-жидек шаруашылығына бейімделгендіктен және өзін тағы бір қырынан танытқысы келген Ә.Анашбеков 1991 жылы «Комсомол» кеңшарының бау-бақша бөлімшесін басқаруға сұранып, мұнда 1996 жылға дейін еңбек етті. 2001 жылы аталған кеңшардың №1 бригадасына басшы болып ауыстырылып, егістік жері күріш дақылына ыңғайластырылған алқаптарда алғаш мақта дақылын егуді ұйымдастырды. Бұрын-соңды техникалық дақыл саналатын мақтаны егіп көрмеген ұжым мүшелері білікті басшының ұйымдастыруымен жаңа жүйеде жұмыс жасауға үйренді. Көршілес Мақтаарал ауданына іс-сапармен барып, байырғы мақташы дихандармен тілдесіп, шаруашылық басқарған аға буын өкілдерінен жаңа дақылдың жай-күйін сұрап, тәжірибеге қанықты. Жыл соңында басшылық тарапынан артылған үлкен сенім ақталып, ол жылы жоңышқадан гектарына 70 центнер, ал мақтадан 25 центнер өнім алып, абыроймен жылды қорытындылады.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – деп дана халқымызда айтылғандай, кейіпкеріміздің әкесі Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Отаров Анашбек атамыз майданнан оралған соң елдің еңсесін тіктеуге, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде тұралаған шаруашылықтарды қалпына келтіруге бар күш-жігерін салған азамат. Анашбек ақсақал «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері. Қызылқұм өңірін игеруде өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Анасы Тұрысқызы Патима жастайынан еңбекке араласып, соғыс жылдары «Бәрі де майдан үшін» ұранымен тылда аянбай еңбек етті.
«Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегендей, бүгінде Ә.Анашбеков құрметті зейнет жасына жеткенімен, қол қусырып қарап отырған жоқ. «Анар» шаруа қожалығын құрып, құрамындағы 30 га жуық суармалы жерді және 300 га жуық жайылымдық шабындықты игеруді ортаншы ұлы Мақсатқа тапсырып, шаруашылықтың қыры мен сырына қанықтырып жүр. Жастайынан қилы кезеңнің кері тартпаларымен арпалысып өскен ағамыз заман ағымына ілесуді де мақсат тұтқан. Өзі жеке кәсіпкерлікпен айналысып, кенже ұлы Дінмұхаммедке кәсіптің қыр-сырын үйретіп, бұл күндері кәсіпкерліктің көшін алға жылжытуға бар күшін, жігерін салып келеді. Қашанда қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүретін Әбекең бүгінде Ұзын ата ауылдық ардагерлер кеңесін басқарады, ауыл биі және де аудандық сотта медиатор қызметтерін қоса атқарып, ауылдың қым-қуыт тіршілігіне араласып, ағалық ақыл-кеңесін беріп келеді.
Әбдіқадір ағамыздың ел экономикасының дамуына қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасымен», ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кәсіподақ комитетінің төс белгісімен, ОҚО мәслихаттың «Құрмет грамотасымен», бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. «Шардара қаласының 50 жылдығы» медалінің, «Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл» медалінің иегері. 2021 жылы «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған Әбдіқадір Анашбеков құрметтілер қатарынан ойып тұрып орын алары анық.
Кейіпкеріміздің саналы ғұмыры еңбекке арналды. Ол кісі уақытпен санасуды білмеді. Берекелі бейнетін әсте міндет еткен жоқ. Қазіргі күндері ардақты ардагер ретінде қоғам дамуының бел ортасында жүр. Еңбекпен есейген ауыл ардагерлерінің жұмысын үйлестіруде де көпке үлгі боларлық ілкімді істер атқарып үлгерді. Мәуесі мол майталманның өмірі мен қызмет еткен жылдарынан мағлұмат беретін материалдар бұл күндері музей қорынан орын алуда. Еселі еңбек еншісіне жазылған жаны жарқын жанды көпшілікке насихаттау ләзім. Ардақты ардагеріміз аман болсын.
Бүгінгі таңда үлкен ұлы Талғат Арыс ауданы әкімі аппаратының басшысы. Кенже ұлы Дінмұхаммед Түркістан облысы әкімі аппаратында жауапты қызметте. Жұбайы Базаркүл (2015 жылы дүние салған) екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, олардан 20 немере сүйіп отыр.
Еңбек ардагері Әбдіқадір ағамызды 70-тің жотасынан асқан мерейлі жасымен құттықтай отырып, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіне, қоғамдық жұмыстарына алғыс айтамыз және деніне саулық, отбасына амандық, береке-бірлік тілейміз.
А.Көшекбай, аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі.