Дүйсенбiнiң кешiнде жұмыс телефоным безек қағып шырылдады. «Жұмыс уақытының аяғында телефон шалған кiм болды екен?» деп тұтқаны көтердiм.
– Алло, «Өскен өңiр» газетi ме? – дедi ар жақтағы үлкен жастағы ер адамның дауысы.
– Ия, сiз газет редакциясына қоңырау шалып тұрсыз. Не мәселемен хабарласып отырсыз?
– Мәселе болғанда былай. Бүгiн қала iшiне қатынайтын жолаушылар көлiгi шығыпты. Әкiм ұйымдастырған шығар, бiр жасы мың болсын. Мен өзiм зейнеткермiн. Қолдағы бала аурушаң болып, ауыр жұмысқа жарамай жүр. Еңбек етпейдi емес, етедi, бiрақ жеңiл жұмыстың табысы да мардымсыз болады емес пе? Келiн 2-3 баласымен әуре. Менiң зейнетақым шай-судан, өзiмнiң дәрi-дәрмегiмнен артылмайды.
50 теңгеден автобус шығарғаны өте дұрыс болыпты. Келiнiм айына 2-3 рет бала-шағасын ауруханаға көрсетiп тұрады. Тоғайдан базарға дейiн, базардан бәлнiске (ауруханаға дегенi ғой) дейiн ары-берi жүргенде жолының өзiне 1000 теңгеден астам кетiп қалатын. Бүгiн барып келген екен, «ата, әкiмдер автобус шығарыпты, ақысы 50 теңгеден екен, бүгiн ары-берi жүрген жолыма 300-ақ теңге кеттi, тамаша болыпты» деп қуанып отыр. Базарда барлық зат қымбаттап жатқанда әкiмдердiң арзан көлiк ұйымдастырғаны дұрыс болыпты. Соны айтайын деп едiм, аман болып тұрыңдар, – деп тұтқаны қоя бердi. «Аты-жөнiңiз кiм?» деп қала бердiк.
Халықты қуантқан хабарды нақтылай түсейiк деген оймен тиiстi мекемелерге қоңырау шалып, ақпараттың анықтығына көз жеткiздiк.
Сонымен 4 шiлдеден бастап қалада әлеуметтiк маңыздағы «Қала-1» бағыты бойынша маршрут өз жұмысын бастады. Бұл бағыттағы 4 бiрлiк шағын автобус жолаушылар тасымалдауда. Әр шағын автобустың қатынау ара қашықтығы 20-25 минутты құрайды. Ол Төменгi тоғай, «Избушка» кафесi, «Әлихан» сауда үйi, Орталық базар, ХҚКО, әкiмшiлiк, «Қазақтелеком», аурухана, РЭС, Анарқұлов көшесi, «Дарын» мектебi, «Олжа» кафесi, автобекет, Ж.Жабаев мектебi, «Манат» дәрiханасы, Т.Мұсабаев көшесi, Орталық мешiт, 4-мөлтекаудандар бойынша жүредi.
– 1 тамыздан бастап Шардара қаласындағы «Қала-2» бағыты өз жұмысын бастайтын болады. Ол «Нұр Отан» мөлтекауданы, Орталық аурухана, Орталық базар, 2-мөлтекаудан, «Керуен» сауда үйi, «Әсемай» мөлтекауданы, 1-мөлтекаудан бойымен жүретiн болады. Сонымен қатар «Өтеғұл» шағын ауданын қала орталығымен байланыстыратын «Қала-3» бағытындағы автобустар тамыз айының алғашқы күндерiнен бастап iске қосылады, – дейдi қала әкiмi Олжас Айдосов.
Қала iшiнде қолжетiмдi бағада қоғамдық көлiктiң жүретiндiгiне ауыл тұрғындары да қуануда. «Ауылдан қалаға дейiн 500-600 теңгемен келсек, базар мен аурухана аралығына сонша ақша жұмсаушы едiк, қоғамдық көлiк ұйымдастырғаны өте жақсы болыпты» деседi ауыл тұрғындары да.
Халықты қуантатын жақсы iстерiмiз көп болсын.
Өз тiлшiмiзден.