Аптаның алғашқы күнiнде аудандық қоғамдық кеңестiң кезектi жиыны болып өттi. Жиынға аталған кеңес мүшелерi, аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Шомпиев және БАҚ өкiлдерi қатысты. 

Отырысты қоғамдық кеңес төрағасы М.Нұрпейiсов жүргiзiп отырды.

Жиын барысындағы күн тәртiбiнде аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мемлекеттiк бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстары жөнiнде, аудандық ауыл шарауашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарған жұмыстары туралы, облыстық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны Шардара аудандық филиалының ветеринариялық iс-шаралардың орындалуы бойынша атқарған жұмыстары жайлы мәселелер қаралды.

Алғаш болып мiнбеге көтерiлген аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң басшысы Талғат Әлiмқұл хабарлама жасады.

– Ауданымызда бүгiнгi таңға дейiн 58908 бас iрi қара, 218852 бас ұсақ мал, 17500 бас жылқы, 2520 бас түйе, 133 шошқа тiркелген. Аталған мал басына қажеттi сояулы мал азығының көлемi 203500 тоннаны құрайды. Қазiргi таңда 109250 тонна мал азығы дайындалды.

Барлық мал басына қажеттi жем көлемi 36100 тонна. Оның 29380 тоннасы өзiмiзде өндiрiледi. Қосымша қажеттi жемдi Қазығұрт ауданынан сатып алу жоспарлануда, – дейдi бөлiм басшысы.

Хабарламашының баяндамасынан соң қоғамдық кеңес мүшелерi өздерiн толғандырып жүрген сауалдарын ортаға тастады.

Аудандық бiлiм беру қызметкерлерi кәсiподақ ұйымының төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесi Ұ.Жұман: «Қазiргi таңда жайылымдық жерлердiң аз екендiгi белгiлi. Ал мал басы жылдан-жылға өсiп келедi. Жыл сайын осы мезгiлдерде көршi ауданның малшылары малдарын бiздiң ауданға әкелiп бағады. Өзiмiздiң мал баққан шаруаға жетiспей жатқан жайылым олар келген соң мүлде жетiспей қалады. Осындай жағдайды реттеуге болмай ма?» деген сауал жолдаса, аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесi Т.Бердiбеков: «Шардара ауданы – мал өсiремiн деушi азаматтарға ең қолайлы аудан. Мал азығы жеткiлiктi. Соны ұқсата бiлуiмiз керек. Шаруаларға мемлекеттiк бағдарламалар туралы көп насихат жүргiзу қажет. Мал бордақылап жатқандар көп, ендi соны осы жерде сойып, етiн шетке шығаруды ойластырған жөн. Осы мәселе төңiрегiнде жүйелi жоспар құруды қолға алатын кез жеттi» деген ой айтты. Бөлiм басшысы жайылымдық жерлердi кеңейту мақсатында жұмыс жасап жатқандарын, мал етiн импорттауды қолға алатындарын жеткiздi.

Келесi кезекте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны Шардара аудандық филиалының басшысы Бақытжан Мыңбатыров малда жиi кездесетiн құтыру ауруына, аусыл, Сiбiр жарасы, қарасан, лептосприоз, пастарелла, оба, брадзот, эктима, күл ауруларына, құс тұмауына қарсы жүйелi түрде дәрiлер егiлiп жатқанын атап өттi.

Кеңес мүшелерi тұрғындардың қаңғыбас иттердi жоюға шағымданып жататындарын жеткiздi. Сонымен бiрге кенеге қарсы кралин дәрiсiнiң жетпейтiнiн атап көрсеттi. Бөлiм басшысы ит атушы жұмыскерлер таппай жатқанын, алайда бұл жұмысты өзге ауданның мамандары орындап жүргенiн айтты.

Күн тәртiбiндегi үшiншi мәселе бойынша сөз алған аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» басшысы Н. Майханов мемлекеттiк бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өттi. Орталық басшысының осы мәселе төңiрегiндегi мақаласы газетiмiздiң бұдан алдыңғы нөмiрiнде жарияланған болатын.

Хабарламашының сөзiнен соң аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесi Қ.Iлесов сөз алып, бiр апта бұрын осы саланың жұмыстарына тексерiс жүргiзгенiн, тексерiс нәтижесiн баян еттi.

–«Жұмыспен қамту орталығының» берген мәлiметiне орай қайтарымсыз грант алған кәсiпкерлердiң жұмыстарымен етене танысып шықтық. Ол азаматтардың тиiстi деңгейде жұмыс жасап жатқанына көз жеткiздiк. 115 адам, тарата айтқанда, Шардара қаласында – 67 азамат, Қ.Тұрысбеков ауылында – 8, Қоссейiтте – 4, Көксуда – 10, Ұзын атада – 6, Алатау батыр ауылында – 12, Қызылқұм ауылында – 3, Достық ауылында – 2, Жаушықұмда – 3 адам 583 000 теңгеден қайтарымсыз грант алыпты. Жұмыстарына көңiл толады, – дейдi Қ.Iлесов.

Жиын барысында аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшесi Б.Кеншiм қоғамдық кеңес тарапынан жолданған сауалдарға жауап бермеген 7 ауыл әкiмiнiң жауапкершiлiгiн қарауды ұсынды.

Жоғарыда аталған және өзге де мәселелердi ортаға салған қоғамдық кеңестiң кезектi жиыны тамыз айына белгiлендi.          

            «Өскен өңiр» – ақпарат.