Жаз мезгiлiнде жемiс-жидек, көкөнiстердi жиi тұтынатынымыз белгiлi. Дүкендер мен сауда сөресi ерте пiскен жемiс-жидектерге толып, оның саудасы қызуда.
Өкiнiшке орай, диқандардың басым көпшiлiгi бақша өнiмдерiнiң пiсуiн жеделдету үшiн құрамында нитраттары бар тыңайтқыштарды қосады. Алайда, шамадан тыс қосылған нитрат адамдардың улануына әкелуi әбден мүмкiн. Талап бойынша, нитраттың көрсеткiшi 1 кг қауында – 90 мг, 1 кг қарбызда – 60 мг-нан аспауы керек.
Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерiсiнiң нәтижесiнде нитриттерге, яғни, уға айналады. Нитриттердiң нитраттардан айырмашылығы – олар қан эритроциттерiне керi әсер етедi. Бұл, әсiресе, балаларға, егде жастағылар мен жүктi әйелдерге өте қауiптi. Ал, оның шектен тыс мөлшерi улануға, кей жағдайда адам өлiмiне де әкелiп соқтырады.
Сондықтан, көкөнiс, жемiс-жидек пен бақшалық өнiмдердi сатып алу кезiнде олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейiн анықтайтын iлеспе құжаттарын сұраған жөн.
Қарбыз бен қауындарды таңдау кезiнде қателеспес үшiн ең бiрiншi заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамауды әдетке айналдыру керек. Сондай-ақ, қарбыздарды жол шетiндегi сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткенi оларға автокөлiк газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Мұндай қарбыздар түрлi жұқпалы iшек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкiн. Бүгiнде жемiс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтерлi тұрғын үйлердiң аулаларын да, мөлтек аудандарды жағалап, iсiн дөңгелетудi әдетке айналдырған.
Бақша өнiмдерiнен уланудың алдын алу мақсатында төмендегi ережелердi ұстанған жөн:
- Қауын-қарбыздарды белгiсiз сауда орындарынан, аялдамалардан, үй ауласынан, базарға қарасты аумақтан сатып алуға болмайды. Мұндай өнiмдер қауiпсiздiгiн және сапасын растайтын құжатсыз сатылады.
- Қауын-қарбыздарды кесiлген түрде сатып алуға болмайды.
- Қауын-қарбыздарды жеу алдында ағынды сумен жуу қажет.
- Қауын-қарбызды тураған соң тоңазытқышта бiр тәулiктен артық сақтауға болмайды.
- Қауын-қарбызды өзiңiз жеп көрген соң бiрнеше сағат бақылаңыз, уланудың ешбiр белгiсi жоқ болған жағдайда ғана балаға жеуге беруге болады.
С.Оразымбетов, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.