Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Ендеше ұстаздар мерекесіне орай А.Иманов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі, көп жылдық еңбек өтілі бар, өзімнің ұстазым – Гүлсара Шағдаровамен жүргізген сұқбатты назарларыңызға ұсынамын.
– Гүлсара апай, ең алдымен өзіңіз жайлы кеңінен тоқталып айтып берсеңіз?
– Мен Мақтаарал ауданы, Ж.Нұрлыбаев кеңшарында дүниеге келгенмін. Әр отбасында баланың дүниеге келген кезі ерекше сезімге кенелтетіні сияқты менің де отбасымда мен дүниеге келгенде ерекше сезімге бөленген, әсіресе, әкем қатты қуанған екен. Өйткені мен үйдің кенжесімін. Үлкен отбасымызда атаның ақылы, әженің әлдиі, асқар тауым – әкемнің тәртібі, жанашарым- жәннатым анамның үлгі-өнегесі, қорған бола білген бауырларымның бауырмалдығы болды. Мұғалімдер отбасында тәрбиелендім.
Ұстаздық өмір өзінің қуанышы мен қиындығы мол мамандық. Жаңа жоғарыда айтып өткендей, мен мұғалімдер отбасында тәрбиелендім. Сол кісілерге ұқсап мұғалім болуды кішкентай кезімнен армандағанмын. Яғни, жүрек қалауыммен ұстаз болдым. Балалық шағымды еске алар болсам, мен де кішкентай қыз баласы секілді қуыршақпен ойнадым. Сосын мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап «апайдың» рөлін сомдадық. Өзіммен қатар қыздарды жинап алып, математикадан есептер шығаратынбыз. Содан «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаздық жолға келдім. Әуелі Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай педагогикалық училищесін, сосын Алматы қаласындағы «Дарын» Әлеуметтік-гуманитарлық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым.
Ұстаз болу өзінен-өзі келмейтін мамандық. Көптеген үлгі боларлық ұстаздардың еңбектерінің арқасында болатын дүние. Сол ұстаздарға қарап бой түзедік, кереметтей ойларды көкейімізге түйдік. Ұстаздарыма айтар алғысым шексіз.
– «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген екен Б.Момышұлы атамыз. Ендеше сіздің көп жылдан бері шәкірт тәрбиелеп, еңбек етіп келе жатқаныңызды білеміз. Осы салада жеткен жетістіктеріңіз бен шәкірттеріңіз туралы айта отырсаңыз.
– Мен шәкірттеріммен мақтанамын. 2004 жылдан бастап білім алушылар үшін ҰБТ басталғаны бәрімізге аян. Бұл өзгеріс ұстаздар мен оқушылар үшін үлкен сын әрі жауапкершілікті талап ететін жағдай. Тынымсыз еңбектің арқасында көп оқушыларым жоғары балл жинап, өздері армандаған жоғары оқу орындарына түсті.
Биылғы жыл мен үшін үлкен жетістікке жеткен жыл болды. Бітіруші сыныбымда 4 оқушы «Алтын белгі» және 3 оқушы «Үздік аттестат» алды. Атап айтар болсам, Қалжан Ақниет пен Мейіржанұлы Саят Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не түсті. Ал, Өмірзақова Мерей мен Тұрлыбекова Ұлжан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері болса, Оспан Альбина Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, Серікбай Арайлым Астана Аграрлық университетіне, Айтхали Тілектес Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институтының білім алушылары атанды. Шәкірттеріме сәттілік, тек қана алға, дегім келеді.
Өз пәнім бойынша білім алған шәкірттерім де бар. Олар да грант иегері болып, жоғары оқу орнын «Қызыл дипломмен» бітіріп, ұстаздық жолда еңбек етуде. Сонымен қатар, ақындық қабілетімен танымал болған өзіңді де ерекше айта аламын. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, сенің мамандығың география пәнімен байланысты болса да шығармашылық жолмен келе жатқан жас ұстазсың. Көптеген өлеңдер жазып, айтулы байқауларда жүлделі орындарды бағындырып жүргенің бізді де қуантады.
– «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киіміне дейін оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» - деген екен Мәлік Ғабдуллин. Осы тұрғыдан келгенде бұл қаншалықты қажет дүние және сіз үшін ұстаз деген қандай болуы керек?
– Өте дұрыс айтылған пікір. Мұғалім тек қана білім беріп қана қоймай, өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киіміне де мән беру керек. Өйткені оқушы сізге қарап бой түзейді. Оқушы – ұстаз үшін айна. Оларды көргенде киген киіміне, сөйлеген сөзіне, қимыл-әрекеттеріне қарап кімге ұқсайтынын біліп отырасың. Ұстаз жақсы болса ұстамды, өзін жақсы жағынан көрсете алатын, әдемі сөйлейтін, мінезінің жайдарлы екенін көрсете алатын шәкірттер шығады.
Бала – біздің болашағымыз. Олардың болашағы әрқашанда бізді толғандырып жүру керек. Болашақ жастардың қолында.
– Сізді де кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын.
Сұқбаттасқан Бекжұма Нарбай.