ҚАРА ШАҢЫРАҚ ПЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ЖАНЫМЕН СЕЗІНГЕН АРДАГЕР ҰСТАЗ РОЗА ШЫҒАНАҚОВА ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР 

Ұстаз болу, үлкен жүректі ана, салиқалы әже болу кез келген қыз-келіншекке беріле бермейтін қасиет.

Оы үш қасиет бойынан бірдей табылған, еңбек ардагері, ардагер ұстаз, өзі ақын, 30-ға жуық әннің авторы атанған әуесқой сазгер, жүзінің сыры мен сыны кетпеген Роза Шығанаққызы апайымыз бүгінгі сұхбатымыздың келбетті кейіпкері болмақ. Роза апайдың қыры мен сырын бүгінгі «Кейіпкер келбетінен» оқып пайымдарсыздар.

– Өзіңізбен сұхбаттаса отырып, өмір жолыңызды, шығармашылығыңызды бірге там-тұмдап болса да тани түсуді жөн көрдім. Сұхбатымызды өз ұшқан ұяңыз бен өмірбаяныңыз туралы кіріспеден бастасақ?

– Мен 1952 жылы мамыр айының 14-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы Победа елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем соғыс көрген адам. Ұлы Отан соғысына қатысып келген соң, Мақтаарал ауданындағы шаруашылықтарда есепші болып еңбек еткен. Анам Нақтөре үй шаруасындағы адам болды. Сонымен қатар әдемі дауысы бар-тын. Ән салғанда көршілер де ұйып тыңдайтын.

Мен көбіне әжем Күнбөбектің тәрбиесінде болдым. Кітап оқу, ән салу, қалам ұстауды сол кісіден үйрендім. Кейін орта мектепті бітірген соң, Өзбекстанның Сырдария қаласындағы Ғ.Гулям атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1974 жылы осы оқу орнын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтадым. Алғашқы еңбек жолымды 1974 жылы Мақтаарал ауданындағы бұрынғы «Октябрьдің 30 жылдығы» мектебінде мұғалім болып бастап, Шардара ауданындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» кеңшарындағы мектепте жалғастырдым. 1978-1980 жылдары Өзбекстанның Мырзашөл ауданындағы Абай орта мектебінде мұғалім, 1980 жылдан зейнеткерлікке шыққанша қайтадан «Октябрьдің 50 жылдығы», қазіргі Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық қызмет жасадым.

– «Бөтен адамның жетістігіне қуана білмеген адамға әлеуметтік өмірдің мақсаты да жат» демекші, Роза апа, ұстаздық қызметпен қоса, мектептің кәсіподақ ұйымына да жетекшілік жасапсыз. Осы турасында біраз жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз?

– Иә, қызым, ұстаз болу оңай емес. Ұстаздығыммен қатар орыс тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту тәжірибелерін аудандық, облыстық семинарларда ашық сабақтарыммен бөлісіп жүрдім. Гуманитарлық пәндерді терең оқыту ісі бойынша белсенділік танытып, мектептің гимназия статусын алуына қолымнан келгенше өз үлесімді қостым.

Ұстаздықтан бөлек қалам тербейтін қасиетім бар-тын. Жүректен шыққан өлең-жырларым «Ақ шағала жырлар», «Шардара әуендері», «Қызыр қыдырған күн» жинақтарына енді. Ағарту саласында да қажырлы еңбек етіп, сол үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттарымен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Аналар» республикалық қоғамдық журналының «Домалақ ана» медалімен марапатталдым.

– Роза Шығанаққызы, білім беру жолында оқушылар алдындағы ұстанымыңыз қандай болды, бүгінгі жас ұрпақ ұстаз ретінде нені сезінуі керек?

– Ұстаз болу –  үлкен жүректі ана болу. Жарты ғасырға жуық ұстаздық еттім. Ұстаз ретінде оқушының жан дүниесін айнадай етіп шығару үшін өзімді білім азығымен күнде айнадай етіп тазартып отыратынмын.

Мен ардагер ұстаз ретінде жас мамандарға айтарым, балаға берген білімің мен идеяларың, пікірлерің мен көзқарастарың оқушының қоғамда өз орнын тауып кетуіне жол ашатын үрдістер болуына септігін тигізетін дүние болуы керек. Сонда ғана берген білімдеріңнің нағыз нанын жейтін боласыздар. Оған сенімім мол.

– Керемет, Роза апай, сіздің ұстаздық тәліміңіз бен тәрбиеңізге шүбәм жоқ. Енді осы бір тұста отбасы-ошақ қасы демекші, қазан қайнатып, оқтау ұстап, шаңыраққа келін болып түскен күндеріңізден сыр бөліссеңіз?

– Қандай қыз болмасын ерте ме, кеш пе, әке үйінің оң жағындағы қызық дәуренмен қоштасып, бір шаңырақтың отын түтететінін біледі. Алла маңдайыма жазып, көшеде бірге ойнаған, мектепте бірге оқып тәмамдаған өзімнің сыныптасыма тұрмысқа шықтым. Мектепте жүргенде бір-бірімізге ғашық едік.

Алғаш келін болып түскенім әлі есімде. Тым жаспын. Не бәрі 16-да. Бір күні қолымнан ас әзірлеу келмесе де, тырысып-бағып, жолдасыма, қайын іні, қайын сіңлілеріме жұмыртқа қуырдым. Үстел басына әкелгенім сол-ақ екен, олар бір түртті де қайта аузына алмады. Не болды екен деп, өзім дәмін тартсам, жігітімді қатты жақсы көріп қалсам керек, тұзын басым қылыппын. Сонда жолдасым мені ұялмасын деді ме, әлде қалай білмедім, «Мынаның дәмдісін-ай, тегі» деп асап-асап жегені есімнен кетпейді. Кейін уақыт өте келе бәрін де үйрендім. Үлкен әулет болған соң, тамақты ошаққа көбірек етіп дайындайтынбыз. Ашық мінезді қыз болғанымнан ба, әулетке тез сіңісіп кеттім.

«Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» – деп Асқар Сүлейменов айтқандай, аталарың мінезді жігіт болды. Өзіне тән жігіттік мінезімен мына мені, апаларыңды ғашық қылған. Екеуміз бір ауылда туып-өсіп, бір-бірімізді танып, отау құрдық. Міне сол көтерген шаңырағымызға биыл 53 жыл болыпты. Отбасының беріктігі – шынайы сүйіспеншілік. Отбасымыздың беріктігі – бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуіміз. Жарымның махаббатына дақ түсірген емеспін. Шаршап келгенде не тамақ үстінде оған ешқашан проблема айтпайтынмын. Оған ұнамайтын әдеттен аулақпын. Үйдегіні сыртқа, сырттағыны үйге тасымау керек.

Бүгінгі күні Шыныбай Қожамбетовпен екеуміз 2 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеп, олардан 14 немере, 5 шөбере сүйіп отырған салиқалы ата, ардақты әже болып отырған жайымыз бар.

Ал жастарға келсек, адам үйленгенде «бақытсыз боламын», «ажырасып кетеміз» деп үйленбейді. Үйлену оңай, үй болу қиын. Жас жұбайлар отау құрып, үлкен өмірге аяқ басқан соң қиын-қыстау кезде қолды бір-ақ сілтемей, керісінше некелерін қиғанда берген сөздеріне адалдық танытып, қателіктеріне көз жұма қарап, жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, бір-бірін сол бар қалпында қабылдап, бірге қуанып, бірге мұңая білсе нағыз отбасы сонда құралады. Екеуі бірдей дәрежеде болып, бір-бірін ұғынса, отбасы нығая түседі.

– Апа, үлкен шаңырақтың салмағының маңызды әрі жауапкершілігі ауыр екендігін келін ретінде, жұмсақ жүректі ана, аяулы жар, ардақты әже ретінде қалай түйіндейсіз және бүгінгі қоғамның басты кемшілігін әйел-ана ретінде қалай пайымдайсыз?

– Иә, Бота қызым, айналайын, өте орынды сұрақ. Қара шаңырақ – мұрагерлік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бір әулеттің алғашқы түтін түтеткен үйі. Шаңырақтың берік болуы – жақсы келіннен. «Күйеуінің жүрегін жаулағысы келген келін енесінің жүрегіне жол таба білуі керек» деген даналық сөз текке айтылмаса керек-ті. Енемнің берген тәрбиесін мақтанышпен айта аламын. Ол кісі менің екінші анам болды. Қатты құрметтеп, сыйлайтынмын. Енемнен материалдық емес, моральдық көмек өте көп болды. Сол тәрбиенің нәтижесі болса керек, той-жиындарда, ел алдында құрметті келін, әулеттің бақ-берекесінің ұйытқысы болып, қадірлі азаматшасы атандым. Қайын інілеріме, қайын сіңлілеріме ақылшы жеңге болып, абысындарыммен бір ошақты бөліскен отбасы болдық. «Қонақ келсе, құт келеді» демекші, біздің шаңырақта есіктен кірген адамға «сен кімсің?» деп сұрайтын әдет жоқ. Құдайы қонақты құт санап, дәм-суымды беріп, күліп шығарып салатынмын. Шаңырақтың қасиеті – қонақ үзілмеуінде емес пе?

Бірақ, бүгінгі қоғамда шаңырақтың қасиеті былай тұрсын, өткенін білмейтін жастар бар. Баласына өмірдің не екенін ұғындыра алмайтын әкелер мен аналар бар. Көпке топырақ шашпаймын, әйтсе де ол шындық. Жасы жеткеннің бәрі қария емес. Немересіне ас қайыртып, бата үйретпейтін, жаңа түскен келіннің жылын сұрап, табаққа түскен еттің қамыры «готовый» екенімен алысатын, сөзінің пәтуәсі жоқ, арзан батасы бар қариялар да жоқ емес. Бесік жырын айта алмайтын келіндердің,  немересіне ертегі айта алмайтын әжелердің көбейіп, дәстүрді сыйламайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанынан қорқамын.

Алла тағала аналардың жүрегінің қуатын арттыра берсін, жастарымыз салиқалы ұрпақтан болсын дегім келеді.

– Тамаша сұхбатыңызға рахмет, Роза апай. Сізді қатар келген қос мерекемен құттықтаймыз.

Сұхбаттасқан Бота Болатова.