Әрбір отбасының дана қариясы, ақылшы әжесі атанып отырған қазыналы қарттардың қоғамдағы алар орны ерекше. Ардагер деп ардақ тұтып жүрген қарт адамдар қашан да елдің тыныштығы мен бірлік-берекесін тілейді. Сондай жандардың бірі, бірегейі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібеков ағамызбен мереке қарсаңына орай кездесіп, әдемі сұхбат жүргізген болатынбыз. Ағамызбен болған тәлім мен тағылымға толы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Тоқсанбай аға, бүгінгі таңда аудандық ардагерлер кеңесін басқарып отырсыз. Осы өзіңіз басшылық етіп отырған ұйымның тыныс-тіршілігімен таныссақ. Қанша ардагер бар, алғашқы басшылары кімдер?
– Ауданымызда ардагерлер кеңесі 1987 жылы наурыз айында құрылды. Ең алғашқы төрағасы болып 1987-2000 жылдары Г.М.Гершензон келді. 2000 жылдан 2017 жылға дейін Тәңірберді Ағманұлы басқарды. 2017 жылдың қаңтар айынан өзімнің басқаруымда.
Ауданымызда 7000-ға жуық ардагеріміз бар. Оның 90 пайызы тіркелген. Ал Ардагерлер үйіне тұрақты келетін 60-қа жуық қарттарымыз бар. Ардагерлеріміздің күнделікті жиналып, бас қосатын, бос уақыттарын тиімді өткізетін олар мұнда шахмат, дойбы, теннис ойнап, газет-журналдар оқиды. Одан бөлек ауданда ұйымдастырылатын мәдени ізгі шаралардан да тыс қалмайды. Сенбілікке шығу, ағаш отырғызу, мерекелік шараларға атсалысуды ардагерлеріміз өскелең ұрпақ алдындағы өнегелі борышымыз деп біледі. Олардың саны күн санап артып жатыр. Сонымен қатар өлке тарихына қатысты лекциялар оқылып, мешіт имамдарымен имандылық тақырыбында кездесулер ұйымдастыруды мақсат етіп жолға қойғанбыз.
– Аудандық ардагерлер кеңесі жанында «Әжелер алқасы», «Әкелер мектебі», медиаторлар жұмыс істейтінін білеміз. Олардың негізгі атқаратын жұмыстары қандай?
– Иә. Орынды сұрақ. «Әкелер мектебі» қазіргі таңда өз деңгейінде тұрақты жұмысын атқарып жатыр. Төрағасы ардагер ұстаз, ақын Нұрғали Ыбырайым.
Бұл ұйымның негізгі атқаратын міндеті – мектептерде балаларға әке рөлінің қандай екенін көрсету, қоғамдағы әке рөлін көтеру, балалармен тәрбие бағытында жұмыс жасау. Бұрынғы әкенің қаталдығы, әкенің рұқсатынсыз дастарқан басына отырмау, батасыз ас қайырмау, үлкеннің жолын кеспеу секілді тәрбиелік мәні бар жұмыстармен айналысу.
Ал «Әжелер алқасының» біршама игілікті істерге бастамашы болып жүргені баршаңызға аян. Атап айтсақ, әйелдердің білім-білігін көтеруге атсалысады, «дөңгелек үстел» мәжілістері, конференциялар, семинарлар ұйымдастырып, әр сала мамандарының өзара тәжірибе алмасуларына мұрындық болады. Бұл алқамыздың мақсаты – келешек ұрпаққа ұлттық педагогика негіздерін сіңіре отырып, тілін, дінін, салт-дәстүрін, елін-жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеу. Аудандағы үлгілі отбасы және өнегелі азаматтардың жарқын істерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету. Сонымен қатар біз бұрынғы билерді бәрін алып тастап, орнына медиаторларды қойдық. Олардың негізгі атқаратын жұмысы – зорлық-зомбылық, ажырасу, жалпы сотқа дейінгі амалдарды жүргізу.
– Тоқсанбай аға, өткенде бір жиында республикалық ардагерлер кеңесінің 35 жылдығы мен «Қарттар күні» мерекесін қосып өткіземіз дегенді тілге тиек етіп едіңіз. Сол ұсынысыңызға дайындық қалай болып жатыр?
– Иә. Аталмыш республикалық ардагерлер кеңесінің 35 жылдығы сол наурыз айынан бері аталып келе жатыр. Көптеген аудандар түрлі шаралар өткізді. Біз осы мерекені аудан әкімшілігімен келісе отырып, 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен қосып өткіземіз деп жоспарлаған болатынбыз. Дайындық басталып та кетті. Аудан көлемінде аудан әкімі, мәслихат хатшысы, қала әкімі және зиялы қауымдардың қатысуымен ардагерлер арасында түрлі деңгейдегі шараларды өткізетін боламыз. Сонымен қатар үлкен көлемде салтанатты жиын ұйымдастыруды күн тәртібіне бекіттік. Ал жүруге шамасы келмейтін, үйден шығып, өздігінен әрекет жасай алмайтын ардагерлерімізге өзіміз ат басын бұрып, басымызды иіп, мерекемен құттықтап, кіріп шығамыз деп ниеттеніп отырмыз.
– Аға, бүгінгі таңда қарттарымызға мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының салты екені хақ. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осының айқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жолдауында көтерілген міндеттерінің бірі – зейнетақы мөлшері жылдан-жылға артып келеді. Бізде соғыс ардагерлері жоқ. Тыл ардагерлері бар. Оларға мемлекеттен берілетін арнайы бірреттік жәрдемақының мөлшері де ұлғайды. Сонымен қатар медициналық көмек көрсету деңгейі де жақсы. Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес, бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпауымыз керек.
– «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деген бабалардан жеткен тәмсілді бүгінгі жастар қаншалықты қаперіне алып жүр, қалай ойлайсыз?
– Қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған, ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген халық. Бүгінгі күннің жастары сол дәстүрден сусындап өскен ұрпақ. Қарияның батасынсыз, даналығынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, ешбір іс дұрыс басталмаған. Ардагерлеріміздің, яғни, қарттарымыздың қаншама жылдық еңбегін елемей, жасаған жұмысына баға бермей, жасы жеткен кісіні «атынан аударып тастау» жас өскінге жараспайды. Қарияның өмірлік тәжірибесін жастар санасына сіңіріп, керегін алып, керек емесін күресінге тастасын. Қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үздік үлгілі, өнегелі тәрбие, елжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бастауында қашанда қазыналы қарттарымыздың тұрғанын бүгінгі жас ұрпақ ұмытпайды деп ойлаймын!
– Аға, сұхбатымыздың әдемі өрбуі барысында өзіңіз әке, ата ретінде жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Қазір жассыңдар, өмір шексіз болып көрінеді. Қазақ айтады ғой, "Ғұмырың қамшының сабындай ғана" деп. Менің жасыма келгенде білесіңдер. Бұл өмір зу етіп өтіп кетеді. Басқаға уақытың жетпейді. Бәріміз қартайған кезде қамқорлық керек болады. Сондықтан еліміздің жастары мұқтаж жандарға, қамкөңіл қарттарымызға көмек көрсетсе деймін. Үйлерінде жалғыз отыратын, ешкімі жоқ қариялар бар. Солардың тізімін алып, анда-санда бір барып, "қалың қалай, ата?" деп батасын алса, бәрімізге жақсы емес пе?!
Мен қарттар үйінің көбейіп жатқанын естісем, қабырғам қайысады. Қазақта мұндай бәле болған жоқ. Әкесін, қартайған шешесін үйінде ұстайтын. Кіші баласын отау иесі деп айтқан. Қазақта баласын жетімдер үйіне беру болған жоқ. Мұндай жетімдер үйі Қазақстанда болмауы керек. Жетім балалар үйіндегі балаларды асырап алу қажет. Қазақстанда жалғызбасты қаншама қарттар бар. Олар дүкенге барып келе алмайды. Солардың хәлін біліп, батасын алып тұрыңдар.
– Аға, сұхбатымыздың осы бір тұсында бүгінгі күндері ерекше көңіл-күймен еске алатын керемет қызықтарыңыз бен әсерлі оқиғаларыңызды бөлісіп отырсаңыз?
– Мен «Нұр Отан» партиясының 14-ші төрағасы болдым. Партияда жүріп, оның аудан бар, облыс бар, Алматы, Астана қаласындағы жалпы 12 сьезіне қатыстым. Партияда партиялас достарым бар-тын. Солармен бірге қызықты күндер өтті. Қазір енді «Amanat» болып өзгерді ғой. Жақында тағы бір сьезі болады деп жатыр. Соны естіп, бұрынғы кездерім есіме түсіп, ойыма небір қызықты оқиғалар келіп жатыр. Одан бөлек кеңшарда бірнеше жыл директор болдым. Бес жылдай ферманың меңгерушісі болдым. Сол уақыттарда малшы қауымдармен, шопандармен етене жақын болып, араласып көп жұмыс жасадым. Ең қарапайым, иманды кісілер деп әлі күнге оларды еске аламын.
– Сұхбатымыздың соңында аудан ардагерлеріне арнап, «Қарттар күні» мерекесінде айтар ақ тілегіңіз болса?
– Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Құрметті ардагерлер, сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыз өскелең ұрпаққа азық. Мен үшін әрқайсысыңыздың орныңыз бөлек. Себебі, әрбіріңіздің ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты бірге тәрбиелеп, ізбасар өсіріп шығардық. Бүгінгі күні еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Сіздерді өз басым жүрегі үлкен, парасаты кең азамат ретінде құрметтеймін. Қандай жағдай болмасын қолтығымнан демеп, біріңіз ағалық, біріңіз інілік ізеттілік таныттыңыздар. Сіздерге өз атымнан үлкен алғысымды айтамын. Сіздерді алда келе жатқан Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің мәртебесі биік, ел-жұртымыздың береке-бірлігі таси берсін!
– Тәрбиеге толы сұхбатыңызға рахмет аға. Сізді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтай отырып, жұмысыңызға сәттілік, отбасыңызға амандық тілейміз.
Қай уақытта болмасын қоғамнан ойып тұрып алатын өз орны бар қарияларымыз әрқашан аман болсын!
Сұхбаттасқан Бота Өсербай.