Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні қазан айының екінші жексенбісі болып бекітілген. Осыған сәйкес аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мүгедектігі бар жандарға құрмет көрсетіп, мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттар тапсырды.

Аудан басшысы қамкөңіл жандарға ыстық лебізін білдіріп, мемлекет тарапынан әрдайым қамқорлық жасалатындығын жеткізді.

Мүгедектерді оңалту саласы бойынша қазіргі таңда Шардара ауданы бойынша 3196 мүгедектігі бар азамат тіркелсе, оның 472-сі балалар.

Сондай-ақ, жеке оңалту бағдарламасына сәйкес I-топтағы 62 жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар жан бөлімге есепке алынып, оларға жергiлiктi бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жеке көмекшілер қызмет көрсетедi. Одан бөлек ауданда ымдау тілін қажет ететiн II-ІІІ топтағы 35 жанға 2 ымдау тiлi маманы қызмет көрсетеді.

Айта кетсек, 2022 жылдың 8 айында жалпы аудан бойынша 576 мүгедектігі бар жандар міндетті гигиеналық кұралдармен қамтамасыз етiлдi.

Жүріп-тұруы қиын,  протез, ортопедиялық құралдарды қажет ететін 94 мүгедектігі бар жандарға 171 құралға жолдама берілген. Сонымен қатар, санаториялык-курорттық ем қабылдауға бюджеттен тиісті қаржы  қаралып, 923 мүгедектігі бар азаматтарға санаторияларға жолдама беріледі. 21 мүмкіндігі шектеулі азамат 74 тифлотехникалық  және 25 мүмкіндігі шектеулі азамат 57 сурдотехникалық құралмен қамтамасыз етiлдi.

Бұдан бөлек, «Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету кағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлігінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығына сәйкес, бүгінгі таңда 180 азамат  инвотакси қызметiн алды.

Екі аяқты пенденің Жасаған иемізден кемтарлық пен мүгедектікті сұрап алмайтыны шындық. Десек те, жер бетіндегі адамдар қауымының барлығының бірдей он екі мүшесі сыңғырлап, төрт аяғынан тең басып тұруы мүмкін де емес. Туабітті кемтарлықтың өзі аз емес десек, тосыннан соғар ауру мен дерт атаулары әртүрлі соғыстар мен запыранды зауалдар адамзатты тіптен де бүтін қалдырмайды. «Тұяғы бүтін тұлпардың, қанаты бүтін сұңқардың» жоқ болатындығы сондықтан.

Сонымен бірге, кемтарлық пен мүгедектік ұлт пен ұлысты, мемлекет пен қоғамды таңдамайтыны тағы бар. Мынау бай, мынау кедей деп те жіліктемейді. Әлемде он екі мүшесі түгел жұрты бар мемлекетті күндіз шаммен іздеп таба алмайтынымыз рас. Алайда, мемлекет те, қоғам да жоғарыдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ұпайларын түгендеуге, солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға міндетті.  Мемлекет басшысының өз Жолдауларында қаузап отырғаны да осы адамшылық пен мейірімділік, ізгілік пен имандылық.

Жігерлеріңіз мұқалмасын!

Рүстем Пердебек.