Қазыбек-ей, беренім, дара тұлғаң,
Мен де өзіңдей Қызылда жаратылғам.
Менің кеудем – керімсал көрігіндей,
Сенің кеудең – толқындар аласұрған.
Әділеттің жолынан ығыспаған,
Азаматсың еңсеңді тік ұстаған.
Мен де өзіңдей жусанның исі аңқыған,
Ауасымен Қызылдың тыныстағам.
Балықкөзін аралап көз жаулаған,
Сен аунаған шағылға мен де аунағам.
Айырмамыз сен - қазақ ақиығы,
Мен - бір бейбақ, артымнан сөз қаулаған.
Жүр, Қазеке, ойланып тұрасың ба?
Мініп қайтсай құйғытып құласына.
Сені қайдам, талғамың қандай еді,
Мен өлердей құмармын жуасына.
Кететұғын гүл қуып құла түзге,
Асықты екен несіне мына күз де?
Қадау-қадау сойдиған қандымдары,
Төсей қоймас желегін, сірә, бізге.
Баяғыдай Қособа, Оқпанбелі,
Сені ақындық бәйгеге қосқан жері.
Шарпымады десем мен жалған болар,
Замананың жайсыздау соққан желі.
Келесіде Қазеке, елге кеңдер,
Шөлін бассын жырыңа шөлдегендер.
Ақын болып, тәйірі, жарыта ма,
Күн аунаған Қызылды көрмегендер?!
Қасқыр ақын.