Қазыбек Иса Жарылқасынұлы – ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

Биылғы жылы Қазыбек Жарылқасынұлы асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Адам өмірі ұзақтығымен емес, маңыздылығымен өлшенеді. Әңгімемізге арқау  еткелі отырған азаматымыз осы жасқа жеткенше не атқарды, не бітірді? Ағалық жасқа халықтың қамын ойлап жетті ме, жоқ әлде бастың қамын күйттеп жетті ме? Сол үшін кейіпкеріміздің өміріне тереңірек көз жүгіртейік...

Қ.Жарылқасынұлы 1962 жылы 23 сәуірде Түркістан облысы, Жетісай ауданы (бұрынғы Киров ауданы) «Бірінші май» ауылында дүниеге келген. Бұл кезең күллі әлем халқы көз тіккен Шардараа су электр станциясы құрылысының бітіп, жапан далаға жан бітіп жатқан кезең болатын. Алып құрылыстың алғашқы перзенті.

Шардара ауданында «Восход» күріш кеңшары 1964 жылы құрылып, мүлгіген өлкеде тіршілік нышаны біліне бастады. Жарылқасын ақсақал ақ күрішті өлкеге алғаш қоныстанғандардың бірі болса, үлкен ұлы Қазыбек осы ауылда алғаш мектеп табалдырығын аттаған.

Иә, осы жылдары болашақ ақынның тырнақалды туындылары да мектеп қабырғасындағы қабырға газетіне жариялана бастаған болатын. Қоссейіттегі мектепте жетінші сыныпты тәмамдаған соң, отбасының «Қызылқұм» кеңшарына қоныс аударуына байланысты Қазыбек онжылдықты Қызылқұм орта мектебінде бітіреді.

Жас ақынның жыр әлеміне құштарлығының артуына осы мектептің әдебиет пәні мұғалімі Нұрғали Ыбырайым ағай да мол септігін тигізді. Содан да болар Қазекең туған өлкесіне әр сапарында ағайына арнайы бұрылып, шәкірттік ізетін көрсетіп, сәлемдесіп, сұхбаттасып кетеді.

Қазыбек Жарылқасынұлы 1984 жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет графика факультетін бітірген соң, Шардара ауданы, Қызылқұм орта мектебінде еңбек жолын бастайды. 1991 жылы қаңтар айында Алматыдағы демократиялық басылым – «Жас қазақ» газетіне бөлім меңгерушісі болып, 1993 жылы «Өркен» газетінде бөлім редакторы, 1998 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациясында вице-президент болып қызмет етеді.

2000 жылғы 2 мамырдан бастап «Жас қазақ үні» газетінің тұңғыш Бас редакторы-директоры, 2003 жылы «Жас қазақ үні» газеті Бас директоры-Редакторлар кеңесінің төрағасы болып еңбек жолын жалғастырды. Сол жылы Qazaquni.kz ақпараттық порталын ашты. 2013 жылдан «Қазақ үні» ЖШС Президенті – «Қазақ үні» газеті Редакторлар кеңесінің Төрағасы, 2012 жылдан «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық Партиясы Төрағасының орынбасары, 2019 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болды. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінің депутаты.

Қазекеңе Тәңірім қос өнерді қатар берген. Бірі қылқаламнан туындайтын сурет өнері болса, екіншісі жүректен туындайтын сөз өнері, өрісі байтақ, өресі биік өлең-жыр өнері.

Біріншісімен көрерменнің көңіліне жылы сезім ұялатса, екіншісімен қазақ поэзиясына сүбелі сыйын қосып жүрген жыр жампозы, арқалы ақын десек, сірә да артық кетпеспіз.

Үшінші мыңжылдықта адамзат баласының ой-санасы ояна бастағаны болар, оның үстіне омандай отыз жылымыздың босқа кеткені тағы бар, әйтеуір, мына кезеңде саясат сахнасы талайдың тамашасына айналды ғой.

Біздің жерлесіміз бұл тұрғыдан келгенде де әрдайым парасат биігінен көрініп келеді. Жарылқасынұлының мінберде көтерген қай мәселесі болса да өзекті, қандай ұсыныс тастаса да көңілге қонымды, қолдауға тұрарлық.

Қазыбек осы дәрежеге жеткенше сан мәрте күресті, сан мәрте тіресті. Талайдан тауы шағылды, бірақ сағы сынбады, сансырап кетпеді. «Ағаштың аласасы бар, биігі бар. Адамның адалы бар, сұйығы бар», дейді бұрынғылар. Дұшпансыз өмір қызық та болмас, бәлкім.

Сонау бір шақта:

Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,

Кетіп қалдым бір күнде...

Немкеттілеу ағайын,          

Неге кеттім, білдің бе? – деп, ағайын-туысқа шамалы назын білдіріп кеткен азамат ақын арада аз ғана уақыт өткенде,

Маңдайын күнге күйдірген,

Табанын жерге тілдірген,

Қайран ел, қазақ ақысын,

Қайтару үшін жүрмін мен, – деп ел тағдыры үшін, тіл тағдыры үшін саясат майданында аянбай атсалысқан Алаштың айбарлы азаматына айналды.

Қазыбек Жарылқасынұлы – бар күш-жігерін жалқыға емес, жалпыға арнаған бүгінгі заманға, бүгінгі қоғамға ауадай қажет саясат саңлағы.

Азамат адалдығынан айнымаса атақ, абыройдың өзі-ақ іздеп келеді. Жоғарыда өкімет тарапынан алған бірді-екілі төсбелгілерін айтып өттік қой. Әйтсе де, қатар жүрген досымыздың қалың елдің аманатын арқалап, әрдайым жадымызда ұстап, Алладан амандығын тілеп жүрейік.

Жауыңды кескілермін де,

Қас етпен ешкімді ешкіммен.

Бағың боп естілермін де,

Сорың боп естілмеспін мен, - деп Төлеген ақын айтқандай, Алаштың бағына туған ардакүрең азаматтың сорына күйінбей, бағына сүйініп отырайық.

 «Өзі білмесе де кісіге ақыл айту – қазақтың сүйікті ісі» деген Оралхан ағаның керемет сөзі бар. Кей-кейде әлеуметтік желіде халық қалаулысына сын тағып жататын, арзымайтын жерден мін тауып жататын да жерлестеріміз жоқ емес. Ай, бәрі де аман болсыншы, бәріміз аман болайық. Қазақ елі аман болсын. Алаш жұрты ауызбіршілік пен ынтымағынан ажырамасын ағайын.

Мінекей, әділдіктің ақ туын ұстаған Қазақтың Қазыбегі, Жарылқасынның жарқыраған ұлы асқаралы алпысқа да келіп қалыпты.

Алаш арысының мерейтойын екі дүниеге есігі, ер Түріктің бесігі – Түркістан тойласын. Осындай перзенттің игі қадамына түксиіп тұрған Мұрынқарақ пен алшысынан жатқан Балақарақ мейірлене қарасын. Тұлғасына қарап Ұзын ата атанып кеткен – Шермұханбет Дүрман атамыздың, шоқтығы биік Шоңай мергеннің, Құла ат мінген Құлажан батырлардың әруағы желеп-жебеп жүрсін деп тілейік.

Мемлекет және қоғам қайраткері Иса Қазыбек Жарылқасынұлын алпыс жасымен барша жерлестері шын жүректен құттықтаймыз.

Шалқар теңізінен шабыт алған Шардараның шарболаты дүниенің төрт бұрышын шарлап келіп, төрт қақпасына тіреле бергей.

Болса да мылтықсыз майдан,

Білесің халқым кім үшін.

Көкейде берік бір байлам,

Күн үшін емес, тіл үшін.

 

Сескенбей қазір бола ма,

Дос үшін қорқасың да бір.

Сыр айтқан ақын далаға,

Майданның ортасында жүр.

 

Сағынып келген ұлыңа,

Өріліп өлең жауды жыр.

Алмасын Тәңір қырына,

Тілейік аман-саулығын.

 

Ізгі ниетпен Ә.Айдаров.