Сырттағы қандасын Отанына шақырып отырған жер бетіндегі үш мемлекеттің бірі – Қазақстан. Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы аптасында тәй-тәй басқан баладай тәлтіректеп тұрса да, шетте қалған қазаққа қол бұлғаған мейірімді халық – Қазақстан. Азаттықты аңсай-аңсай әбден зарыққан қазақ халқы бүгінгі күні Тәуелсіздігін алып, Республика күнін қайта тойлағалы отыр. Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Амангелдіұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бақытжан аға, сұхбатымыздың басын Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылғанынан бастасақ?
– Бұл мерекенің мәртебесі қайтарылғаны мені ғана емес, бүкіл исі қазақ жұртын қатты қуантты. 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін тап осы Республика күніне қайтаруды ұсынғанын білесіздер.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Меніңше, Республика күні мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни, 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни, 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.
– 13 жылдан соң қайта оралған Республика күнінің тарихы мен маңызына тоқтала кетсеңіз?
– Республика күні алғаш рет мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев қол қойған болатын. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы кеңесінің №307-ХІІ жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып жария етілді. Ал, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Шынында да 13 жылдан соң қайта оралған бұл мерекемізде ұмыт болған тарихымыздың түп тамыры жатыр. Оны ұлықтауға құқылымыз.
– Ұлттық мереке деп жатырмыз ғой, аға. Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы қандай?
– Қазіргі таңда ұлттық, мемлекеттік, кәсіби, тағы басқа атаудағы мерекелер жетерлік.
Ұлттық мереке деген өзі аты атап тұрғандай Қазақстанның дамуына, өсіп-өркендеуіне елеулі ықпал ететін, ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларға толы мереке. Ал мемлекеттік мереке – қоғамдық саяси маңызы бар оқиғаларға арналған. Бұрын мемлекеттік мереке болған Республика күні ұлттық мереке болып ортамызға қайта оралды.
– Аға, осы бір тұста ұлттық мерекемізге деген бүгінгі жастардың көзқарасы қалай екенін білгім келеді?
– Иә, өте орынды сұрақ, Бота. Жастардың арасында бұл мерекенің маңызы мен тарихын білмейтін, білмек түгілі мұрнына иісі бармайтындары бар. Қайта оралғанына шынымен де қуанатыны да бар. Бізге әрине екінші нұсқа дұрыс. Өйткені бұл мерекені тек демалыс деп қабылдайтын жастардан елдің ертеңін көре алмай тұрмын. 25 қазанда не оқиға болды, мереке неліктен ұмыт болғанын білу тек жастардың ғана емес, барша қазақ елінің міндеті деп білемін. Тарихты білмейтін адамнан қазақтың исі аңқымайды. Сондықтан оңайлықпен келмеген бұл мерекемізді қуана қарсы алуымыз керек. Жастар да бұл ойымды меніңше құптайды деп ойлаймын.
– Аға, сұхбат соңында қазақстандықтарға айтар ақ тілегіңіз болса?
– Қаншама жас боздақтарымыздың жазықсыз өлім құшқаны барлығының жемісті нүктесін қойған бұл декларация қазақ елінің Қазақстан Республикасы болып тұтас бір мемлекет болуына жол ашты. Бұл декларацияда қазағым деп шырылдаған ұлы Абай атамыздың, Абайды танытып, «Абай жолын» жазған, қазағым деп қазағыма үн қосқан Мұхтар Әуезовтың, қазақ тілі үшін алаңдап, қазақ мектептері салынсын деп жан ұшыра еңбек еткен Ахмет Байтұрсыновтың, кешегі халық жауы деп репрессияға ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің, сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы бастаған Әлия, Мәншүк батыр қыздарымыздың, тәуелсіздік алуымызға бірден бір себеп болған Желтоқсан оқиғасының қатысушы жастарының, жазықсыз өлім құшқан боздақтардың жалынды үні бар. Солардың арқасында қазақ елі Қазақстан Республикасы болып бойын тіктеді. Сондай қиындықтармен қол жеткізген Республика күні құтты болсын, тұғырымыз мықты, ел іші тыныш, ынтымақты болып, Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!
– Сұхбатыңызға рахмет, Бақытжан Амангелдіұлы!
Тағы да Республика күні құтты болсын!
Сұхбаттасқан, Бота Нұрполатқызы.