Қазақ халқының қолөнері – табиғи шикізатты пайдалана отырып, тұрмыста қолдануға ыңғайлы сәнді бұйымдар жасайтын өндіріс. Соның ішінде ою-өрнектің орны ерекше.
Апта барысында «Қасиет» әлеуметтік көмек көрсету орталығында қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, өнерді дәріптеу, үлгі тұту мақсатында «Шебердің қолы ортақ» атты іс-шара өтті.
Қазақтың қолөнері мен дәстүрін дәріптеу үшін К.Дошимова, Б.Ағманова, Қ.Әбдіханова, А.Әуелбекова, А.Бигелова, П.Таубаева, А.Нұрмамбетова, Г.Сейдалиева есімді әжелеріміз шараға арнайы келіп, өз өнерлерін ортаға салды.
Шарада алғаш болып сөз алған «Қасиет» әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ж.Қабылов: «Құрметті аналар, ақ жаулықты әжелер! Қарты бар елдің – қазынасы бар демекші, өздеріңіз секілді қазыналарымыздың өнерін насихаттап, ұмыт болған дәстүрді қайта жаңғырту үшін осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Болашақ жастар сіздерге қарап бой мен ой түзесе, сіздерден оларға қолөнердің қасиеті дарыса жақсы болмақ емес пе?! Неше күндер мен түндер көз ілмей, ерінбей тер төгіп, еңбек еткен өздеріңізге зор алғыс айтамын» - деп тілек білдірді.
Аталған шара әжелеріміздің ою-өрнек түрлерін (күн, жұлдыз, мүйіз, қосмүйіз, арқармүйіз, тұмар, төртқұлақ, құс қанаты, шетою, ирек) дәріптеп, оларды тұрмыстың қай бөлігінде қолданылатынын насихаттаумен жалғасты. Сонымен қатар өздерінің қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын (кеудеше, қалпақ, құрақ көрпе, жастық, бойтұмар, қуыршақ, белбеу т.б) көпшілікке таныстырды.
Қазақ халқының мақалдан кенде болмағанын дәлелдеген апаларымыз, қолөнер мен ою-өрнекке байланысты мақал-мәтелдер айтып, оның тарихымен бөлісуді жөн көрді.
Әжелереміз тек қолөнермен ғана шектелмей, «қыз-келіншек біткен ас үйге жақын болмақ» дегендей, өздері пісірген бауырсақ, күлше, нан, құрт-майымен дастарқанның сәнін кіргізді.
Шара соңында әжелеріміз әуелете ән салып, ауылдың алты ауызын шырқап, керемет көңіл-күймен шараның ажарын аша түсті.
Бота Болатова.