Адамзат баласының өз-өзіне қол жұмсауын ғылыми тілде «суицид» деп атайды. Суицид дегеніміз – бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни, осы тұрғыдан қарағанда өзіне-өзі қол жұмсау адамның мінез-құлық актісі болып табылады.
Адам өмірінің ең басты құндылығы – тіршілік. Өмірге бір күннің ішінде мыңдаған адам келіп жатса, мыңдаған адам бақилық болып жатады. Көптеген адамдар талқаны таусылып, Жаратушы қалауымен өмірімен озатындарын айтпағанда, өз өміріне өздері балта шауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасатындары қаншама? Әлемді алаңдатып отырған осы мәселе соңғы жылдары өршіп келеді. Қазіргі таңда әлемде өз-өзіне қол жұмсау салдарынан өмірден өтетіндер саны көп екен. Олардың қатарында кәмелет жасына толмағандар да баршылық. Ауыр жағдайдың қайткенде алдын аламыз? Қазіргі таңда біздің қоғамдағы ең күрделі сауалдың бірі осы.
Кеше аудан әкімдігінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселелері бойынша кең көлемдегі мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудан прокурорының орынбасары Сәбит Нұрахым, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерхан Зияханов, аудан имамы Марат Асанов, дәрігерлер мен психолог мамандар, адами әлеутті дамыту бөлімінің өкілдері, тәрбие ісіне жауапты мектеп мұғалімдері, ата-аналар комитеті және кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ісі және олардың құқығын қорғау бойынша құрылған комиссия құрамы қатысты.
Жиында қаралған негізгі мәселе – жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың себеп-салдары мен онымен күресу тұрғысында атқарылатын жұмыстар бойынша аудан прокурорының орынбасары С.Нұрахым хабарлама жасады.
– Аудан көлемінде 2018-2022 жылдар аралығында өз-өзіне қол жұмсаудың 92 дерегі анықталған. Оның 14-і жасөспірімдер. Осы тұрғыдан алғанда мектеп психологтары, мұғалімдер ата-аналармен тығыз байланыс орнату керек. Баланың мінезінде қандай да бір өзгеріс байқалса, соған орай шара қабылдауы тиіс. Мектепішілік есепте тұратын балалар туралы полиция бөліміне хабарлану керек. Мұнан бөлек арнайы мамандарды қатыстыра отырып семинар, тәжірибе алмасу өткізу де дұрыс, – деді аудан прокурорының орынбасары.
Мұнан соң аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Е.Зияханов та хабарлама жасады.
Сондай-ақ, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының психолог маманы М.Баймұханбетова баламен жұмыс істеу және өз-өзіне қол жұмсауға себеп болатын жағдайлар мен оның алдын алу әдістерімен таныстырды.
– Ақпараттық идеологияның тасқындаған заманында, оның ішінде балаларымыздың санасын улайтын ғаламторда түрлі саяси ақпараттар мен бағдарламалар жүріп жатқаны белгілі. Мұндай кезде ата-ана, мұғалім және атқарушы билік өкілдері мен басқа да жасөспірімдермен жұмыс істейтін мамандар белсенді жұмыс істеуі керек. Мектептердегі психолог мамандардың жұмысын күшейтіп, дұрыс үйлестіру керек, – деді жиында сөз алған аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анафия Қадырбекова.
Сонымен қатар, басқа да қатысушылар жарыссөзге шығып, өз ойлары мен ұсыныстарын орта салып, талқылады.
Мәжіліс қортындысында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс жоспарлары пысықталып, тапсырмалар берілді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.