Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында полицияның сервистік моделіне көшу, «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру тапсырылған.
Осыған орай таяуда аудандық әкімдік ғимаратында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихат төрағасы Арман Қарсыбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы, аудан прокуратурасы, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар, дін және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әділханұлы сервистік полиция қызметінің іске асу тәсілдері бойынша баяндама жасап, таныстырды.
«Негізінен алғанда сервистік полиция – полиция қызметіндегі қоғамға бағдарланған тәсілді басқару стилі, мәселелерді шешуге және қоғаммен серіктестікке бағытталған ұйымдастырушылық стратегия. Сервистік полиция қоғамның қауіпсіздік моделінің элементтерінің бірі болып табылады.
Оның негізі құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп анықтау және шешу үшін мемлекеттік институттар азаматтармен тұрақты әрі жақын түрде жұмыс істейді.
Жобалық топтың зерттеулер жүргізуі заманауи шетелдік аналитикалық құрал – «САРА» моделі көмегімен жүзеге асырылады.
1-кезең – сканерлеу (мәселелерді анықтау және басымдық беру).
2-кезең – талдау (жиналған деректерді өңдеу). «Қылмыстылық үшбұрышы» бойынша талдамалық зерттеу.
3-кезең – шара қолдану (мәселелерді жою жөніндегі шешімдерді әзірлеу), қаржылық шығындар мен тәуекелдерді ескере отырып, ұсынымдарды іске асыру жоспары.
4-кезең – ассесмент (қолданылған шаралардың тиімділігін бағалау) –халықтың қауіпсіздік сезімі туралы сауалнама алу.
Сервистік модельдің негізгі үш басым бағыты (векторы) айқындалған:
Бірінші бағыт – полицияның азаматтарға қолжетімді болуы.
Екінші бағыт – құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді анықтау, оларды жоюға бағытталған шараларды қабылдау арқылы құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Үшінші бағыт – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде халықпен тығыз серіктестік және ашықтық.
Осы мақсатта полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту және полиция мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шаралар қабылдау болып табылады.
Бұл өз кезегінде құқықбұзушылықтың алдын алу, ашу және шақыртуларға дер кезінде баруға мүмкіндік туғызады және құқықбұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында полицияға келіп түскен барлық хабарламаларға талдау жүргізіліп, олардың алдын алуға бағытталған нақты шаралар атқарылады.
Сонымен қатар, қоғамдағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бірлесе жұмыс атқаруды талап етеді.
Жаңа сервиске көшу – қылмысты азайтуда, қоғамдық тәртіпті қалыптастыруда мемлекеттік органдардың жергілікті халықпен бірлесе жұмыс жасауы арқылы жүзеге асырылады.
Бізде де сервистік модельді қалыптастыра отырып, сіздерді Шардараны қауіпсіз ауданға айналдыру, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы қоғам болып жұмыс атқаруға шақырамын» – деді Ш.Әділханұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.