Бір күні, №1 балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінің директоры Абай Рамазанұлының хатшысы телефон соғып, сізді директор шақырып жатыр,-деді.

– Жарайды, қазір келемін, – дедім. Күтіп отыр екен.

– Кел, Бақытгүл, отыр, – деп алдыңғы орындықты көрсетті. Қал-жағдайымды сұрап, шақырған себебін айтты.

– Ұжымда кәсіподақ ұйымын құрайық, қызметкерлер менің сұсымнан қаймығып, ойларын айта алмай жүрген шығар, жағдайларын кәсіподаққа айтар, – деді. Қосылып күліп алдық. Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген қазақ ұлдарына тәлімін беріп жүрген Абай Рамазанұлы ағаның жүрегінің нәзіктігіне қайран қалдым.

Бірбеткей мінезі, ұстамды қалпы, қажыр-қайраттылығымен талай жерде қарсыласының сағын сындырған азаматтар елімізде жетерлік. Жақсы жанның ізгілік қасиетін, өзгенің жан сарайын жадыратар жақсылығы сөз болса, адамгершілік риясыз қасиеттері тарата айтылса, шәкірт тәрбиелеудегі төгілген ащы тері мен сол тердің нәтижесінде келген жүлделі жеңістері жайлы жазылса, ол бүгінгі оқырман үшін де, өскелең жастар үшін де үлгі өнеге болары хақ.

Бала кезінен спортты жанына серік етіп, асқарлы алпыстың ауылына жақындаса да одан қол үзбей, әртүрлі бәсекелерде аймақ атының шығуына ерекше үлес қосып жүрген ардагер спортшы – Абай Рамазанұлы 1960 жылы қараша айының 28-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Қарасай ауылында туып өскен. 1968 жылы Шардара қаласындағы Қасым Аманжолов атындағы орта мектебінің табалдырығын аттағаннан-ақ сабақта озат оқуымен қатар тәртібі де жұрт сүйсінерліктей болатын. Мұның басты себебі – оның спортқа деген қызығушылығы жоғарылығында еді. Өйткені, спортпен айналысқан адамдар үшін бастаған істі тастамау, тәртіп пен жауапкершілікті бірінші орынға қою қасиеттері қатты бағаланатын. Ол кісі үшін футболдың орны тіптен ерек болды. 1976 жылы мектеп құрама командасының қатарынан Шардара ауданының футбол құрама командасына шақырылып, мектеп қабырғасынан түлеп шыққанға, яғни, 1978 жылға дейін аудандық құрамда өнер көрсетті.

Алтын ұя мектебінен түлеп шығысымен кәсіп игеру мақсатымен Өзбекстан Республикасындағы Ташкент қаласындағы Топография техникумына оқуға түседі. Білім қуған жас сүйікті ісі спортпен айналысуды ешқашан тастаған емес. «Жігітке жеті өнер де аз» деп санайтын жас білім мекемесінің қабырғасында волейболмен айналысып, техникум құрама командасында ойнайды.

Білім ордасының дипломын қолына алысымен 1982 жылы еңбек жолын Шардара ауданындағы ЖМК 68-де мастер болып бастайды. Кәсіптің қыр-сырына біршама көзі де үйреніп, қолы да дағдыланғаннан кейін, өмірін спортсыз елестетіп көрмеген Абай ағамыз 1983 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне волейболдан жаттықтырушы болып қабылданады.

Еңбекпен бірге білімін шыңдауға Шымкент педагогикалық институтының спорт факультетіне оқуға түседі. Облыс құрамасы сапында өнер көрсетумен қатар 1983-2010 жылдар аралығында волейболдан Шардара ауданының құрама командасында да ойнады. Аудан құрамасымен бірге жылма-жыл Түркістанда өтетін КСРО мен Қазақ КСР-на сіңірген жаттықтырушы, волейболдан қазақтан шыққан тұңғыш КСРО-ның спорт шебері Октябрь Жарылқаповтың турниріне қатысып, бірнеше дүркін чемпион атанған.

1985-1994 жылдары аралығында Шардара орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарады. Қашанда адал әрі қажырлы еңбек иелері бірден көзге түсетіні шындық. Соншама жылдар бойы ерінбей жасаған жұмысының арқасында қатардағы мұғалімнен мектеп басшысы дәрежесіне жеткені – еңбегінің еленгені.

1994 жылы Абай Рамазанұлы Шардара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. Сол уақыттан бері ел сеніп тапсырған бұл жұмысты абыроймен атқарып келді. 2010 жылы волейболдан ардагерлер командасының сапында халықаралық турнирге қатысқан.

Саналы ғұмырын сүйікті спортқа ғана арнап қоймай, өз білген-түйгенімен өскелең ұрпақпен бөлісуді жөн көрген абзал азаматтың елеулі еңбегі ескерусіз қалған емес. Аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттары жетерлік.

Ауданда әлеуметтік әріптестік туралы келісім, ондағы басты қағида кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік – еңбек және экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оның жұмысын нығайтуға, жәрдем көрсетуге бағытталған міндеттемелерді орындауға атсалысуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларын халыққа насихаттауға ат салысып, кәсіподақ мүшелерінің қорғаны болып және олардың мүдделерін қорғауда еткен еңбегі мен үлесі үлкен. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуына аянбай еңбек етіп келеді.

Абай Рамазанұлы мектепте шәкірт жүрегінен жол тапқан нағыз ұстаз болса, отбасында 3 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты әке, асыл жар.

Бүгінде өзі тәрбиелеп, спортқа баулап өсірген үлкен ұлы әке жолын қуып, № 1 Шардара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директор қызметін атқарады. Ал, Абай Рамазанұлы №3 балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінде әдіскер болып қызмет атқарып келеді.

Бақыттың үлкені – өзі қанаттандырып, томағасын түрген, қияға қанат қақтырып, өмірдің қатпары мол сан тарау жолынан өз орнын адаспай тапқан шәкірттерінің жетістігін көргенде, ұстаз үшін осы екен!

Қазіргі заманда еңбек адамы дегеніміз, менің ойымша Абай Рамазанұлы сияқты таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды Еңбек адамы деп есептеймін. Аға, еңбеңіз еселене берсін! Мақтаныш тұтар шәкірттеріңіз көп болсын! 

Бақытгүл Биманова, «Қызмет» салалық кәсіподағының Шардара аудандық филиалының төрайымы.