Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметке айырықша маңыз беріп жүктеген тапсырмасының бірі – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау. Соңғы деректерге қарағанда елімізде 1 миллионнан астам адам несиелерін төлеу мерзімін бұзып, төлем қабілетінің жоқ екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан бұл заңның қабылдануы маңызды.

Біз осы орайда Шардара ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің жетекші маманы Нұрпейіс Әділбекұлы Асановпен сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Нұрпейіс Әділбекұлы,  2022 жылғы 30 желтоқсанда ҚР Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды мақұлдады. Аталған Заң қашан күшіне енеді және кімдердің несиесі кешіріледі?

– Бұл көптің көкейінде жүрген  сұрақ. Адам болған соң қарыз алмай тұрмайсың. Кейде уақытында қайтара алмай, өсімі өсіп кететін жағдайы да кездеседі. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы»  Заңға қол қойды. 2023 жылдың қаңтарында қабылданды. Қаңтар-ақпан айларында қаржы министрлігі, Цифрлік даму министрлігімен бірлесіп,кезең-кезеңімен ұйымдастыру-техникалық шараларды жүргізетін болады.

Атап айтқанда, бүгінгі күні жұмыс атқарып жатқан банкроттық басқарушылар, аудиторлар, заң кеңесшілері мен кәсіби бухгалтерлер тарапынан қаржылық басқарушылар тізілімі қалыптастырылады.

Қазіргі таңда ақпараттық жүйенің прототипі әзірленіп, оның тестілеу мен жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады. Егер азаматтардың 5 млнға дейін қарызы болса, сотсыз банкроттық жариялай алады. Ал берешегі 5 млн-нан асқандарды тек сот шешеді. Барлық  рәсімді тек  борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

– Бұл рәсімдер қалай жүзеге асады, оқырманға түсінікті болуы үшін тарқатып айтып берсеңіз?

– Аталған заң бойынша рәсімдер 3 түрлі жолмен жүзеге асады.

Біріншісі: соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.

Екіншісі: сот банкроттығы.

Үшіншісі: төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.

Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Бірінші рәсім: Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.

Бұл рәсімді қолдану үшін келесі шарттар орын алады:

Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;

  1. өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі тиіс;
  2. мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы;
  3. банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізу;
  4. банкроттық 7 жыл бойы қолданылмау қажет.

Сонымен қатар, Заң жобасымен:

- 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін;

- 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.

Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін  болады.

5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

Екінші рәсім: Сот банкроттығының мақсаты –  банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.

Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.

Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

– Нұрпейіс Әділбекұлы, сот банкроттығы рәсімін кімдер, қалай  жүзеге асырады?

– Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, оның ішінде: заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар.

Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

– Барлық нәрсенің пайдасы мен зиянын тигізетін тұстары да бар, сондықтан банкроттықтан кейін пайда болатын салдар туралы тоқталсаңыз?

– Азаматтарды  5 жылға несиелер мен кредиттер алу шектеуі, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы болады, 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектері есептен шығарылмайды.

Негізгі заң жобасынан басқа, 5 Кодекс пен 11 Заңдарға өзгертулерді көздейтін ілеспе заң жобасы қаралды.

Азаматтық кодексіне Қазақстан Республикасының азаматына қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдерін қолдануды көздейтін нормалармен толықтырылатын болады.

Азаматтық іс жүргізу кодексінде қамтылған ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер тізбесі азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы туралы іспен толықтырылатын болады.

«Микроқаржы ұйымдары туралы», «Банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қаржы басқарушысына азаматтардың мүлкі және міндеттемелері туралы мәліметтер алу құқығын беретін толықтырулар енгізілетін болады.

 Сондай-ақ, «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Заңына нақтылау сипатындағы бірқатар толықтырулар бар.

– Сенат депутаттары мақұлдаған үшінші заң жобасын да қысқаша  айтып өтсеңіз?

– «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының мақсаты – заң нормаларын бұзғаны үшін тиісті әкімшілік жауапкершілігін белгілеу.

Мысалы азаматтың кредиторлар алдында өзінің міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында банкроттық туралы арызбен әдейі өтініші үшін көлемінде айыппұл көзделген;

- сондай-ақ соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы шеңберінде жалған мәліметтер бергені немесе мүлікті (ол туралы ақпаратты) жасырғаны үшін көзделген;

Сонымен қатар, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тәртібін бұзғаны үшін қаржы басқарушысына жауапкершілік енгізіледі.

Жалпы, ұсынылып отырған нормалар осы саладағы заңды қатаң сақтауға бағытталып,  азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналады.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Орынша Қалшабекова, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.