6 ақпан күні Түркияның оңтүстік- шығысындағы Газиантеп елді мекенінде 7,4 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04.17-де, 7 км тереңдікте болған.

Алдымен 6,4 және 6,6 магнитудалы екі жер сілкінісі Нурдагы және Ислахие ауданында тіркелген. Одан соң жерасты дүмпуі Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфа, Хатай, Османие, Шанлыурфа, Диярбакыр, Малатияда жарты сағат бойы толастамаған. Сондай-ақ Мысыр, Ливан, Сирия, Иракта да сезілген. Мұнан кейін 32 сілкініс тіркелген. Ең күштісінің магнитудасы – 6,6.

Қазір түрік елінде ең жоғары төтенше жағдай жарияланды. Барлық жерде іздестіру-құтқару жұмыстары мен залалды бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 10 ақпанға дейінгі аралықта 12 391-ге, жараланғандар саны 62 914-ке жетті, – деп хабарлайды Egemen.kz «Anadolu» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған қоса, Түркияға іргелес жатқан Сирия елі де зілзаладан қатты зардап шеккен. Сирияның Алеппо, Идлиб, Латакия, Хама қалаларында ондаған адам ғимарат қирандыларының астында қалды. Сирия үкіметі Алеппо, Хама, Латакия өңірлері ең көп зардап шеккенін айтады. Сирия қорғаныс министрлігі бұл аймақтарға армия тарту жоспарланып отырғанын хабарлады.

Жалпы, Түркия билігінің мәліметінше, елде кем дегенде 22 жерасты дүмпуі болып, 10 провинция зардап шеккен. Билік тұрғындарды көлікті пайдаланбауға, үйлерге кірмеуге, төтенше жағдайлар қызметіне орынсыз хабарласпауға шақырады.

Түркия президенті атап өткендей, бұл жер сілкінісі 1939 жылдан бері болған ең ірі апат болды.

Түркиядағы суық хабарды ести сала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдап, Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Осыған орай Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Түркияға  Қазақстанның құтқарушылары мен дәрігерлері аттанды.

Жер жаралып, су аққалы бері тек XX ғасырдың өзінде жұмыр жер үстінде ірілі-ұсақ мыңға жуық апаттар тіркелген екен.

Осылардың ішіндегі адамзат өмірінде айрықша орын алған бірқатарына тоқтала кетелік. 1908 жылғы 29 желтоқсандағы алапат жер сілкінісінен 125 мың  халқы бар  Мессина мен 56 мың тұрғыны бар Реджо-ди-Калабрия қалаларының жермен-жексені шығып, 100 мыңға жуық адам құрылыс қирандыларының астында қалған екен. Осыдан кейін тура он екі жылдан соң Қытайдың Ганьсу мен Шэнси аймақтарында жойқын зілзала тіркеліп, одан 200 мыңға тарта адам жан тәсілім болған.

Ал, 1923 жылдың 1 қыркүйегінде Токио қаласында жер сілкінісі тіркелген. Апат 700 мыңдай  үйлерді қиратып, 150 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған.  1950 жылғы Моңғолиядағы зілзаланың кесірінен ұзындығы 300-700 шақырым, ені  20 метр жер жарықтары тіркелсе, 1960 жылдың 22 мамырында Чилиде адам айтқысыз оқиға болды.  Екі мыңнан астам  адам осы жарықтардың ішіне құлап  қаза болды. Ондағы жер үсті жарықтарының ұзындығы 500 шақырымды, ені 20-30 шақырымға дейін жеткен екен.

1976 жылы (бір жылда ғана) үлкен ауқымда  әлемде алты  апат тіркелген. Гватемалада бүкіл халықтың алтыдан бір бөлігі үй-күйсіз қалса, Италияда 900 адам мерт болған. Дәл осы жылы  Индонезияның Серирит қаласының 50 мың тұрғыны қазаға ұшыраса, Қытайда 100 мыңнан аса кісі шығыны болды деп жазды сол кездің бұқаралық ақпарат құралдары.  Осы жылдың қарашасында Түркияның Муардие шаһарының маңындағы  200-ге жуық елді мекен толық қирап, алты мыңға жуық  адам көз жұмған екен.

Ғалымдардың пікіріне құлақ асатын болсақ, «Осындай алапат апаттар жер шарында шамамен 50 жылда  бір рет қайталанып тұратындығын, мұндай апаттардың орын алуының басты себебі – жер астындағы тұншығып жатқан қалдық энергиялардың көптігіне байланысты» дейді.

Айтпақшы, анау жылдары Жапонияда жер сілкінісі болғанда қалған ел «Енді қайтпек екен?» деп бір дүрліккен  болатын.  Біреулер «Бұл  апат  енді  Жапон экономикасын  елу  жылға  дейін  тұралатып  кетуі  мүмкін»  деп  жарыса жазып жатты. Сол Жапонияңыз бүгіндері  түк те  болмағандай,  алапаты артып, күннен  күнге  қарыштап  дамып  барады. 

Түбі бір Түрік елінің де алдағы уақыттары солай дами түсеріне сенімдіміз.

Oskenonir.kz