Дайрабай Мамашұлы 1963 жылы 4 сәуірде дүниеге келген. Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтын инженер-экономист, «Қайнар» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1987-1988 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінде экономист болып бастаған. Еңбек жолында Маңғыстау облысы, Ералиев аудандық халыққа қызмет көрсету комбинатының директоры, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы «Алтын әскер» РМК Маңғыстау филиалының директоры, «Казимпэкс-Ақтау» терроризммен, экстремизммен және басқа қылмыстармен күресуде құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерге көмектесу қорының директоры, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының директоры, Маңғыстау облысы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметтерін атқарған. Еселі еңбегінің нәтижесінде түрлі марапаттарға ие болған.
Еліміздің спорт және мәдениет саласының өркендеуіне қосқан үлесі ретінде жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу тақырыбына жазылған бірнеше әндердің сөзін жазған. Ол әндерді көптеген эстрада жұлдыздары республикалық деңгейде орындап жүр.
Біз сөз еткелі отырған Үсіпбаев Дайрабай Мамашұлының есімі шардаралықтарға етене таныс болса керек. Осы өңірдің, оның ішінде сырлы Сүткенттің тумасы. Сүткенттегі орта мектепті бітірген соң институт қабырғасында білім алды. Қолына дипломын алған соң туған жерінен шалғай жерлерде түрлі қызметтер атқарды. Шалғайда жүріп Шардарасын, сары даласын сағынғанда қолына қалам алып, сезімін қағазға түсіріп жүрді. Бірақ әлдебіреулер секілді «өлең жазамын, ақынмын» деп өзеуремеді, кеудесін кермеді. Сонымен бірге «шетте жүр екенмін» демей Шардарада ұйымдастырылатын іргелі істердің бел ортасында жүрді. Үндемей-ақ үлкен істер тындырғанына талай куә болғанбыз.
Дайрабай ағамыз таяуда асқаралы 60 жасқа толып, Алматының төрінде «Анаға тағзым» атты ән кешін ұйымдастырды. Кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – Бағдат Сәмединова, Тамара Асар, Ұлықпан Жолдасов, Құрмаш Маханов, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Өмірқұл Айниязов, Абай Бегей, Әділ Сламхан секілді бас-аяғы 30-ға тарта әнші Дайрабай ағамыздың сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, тыңдармандарға рухани ләззат сыйлады.
Кеш барысында қоғам қайраткерлері, ақындар, Дайрабай ағамызбен қызметтес бір топ азаматтар сөз алып, мерейтой иесі туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кештің қандай дәрежеде өткенін ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламентінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, жерлесіміз Қазыбек Иса бір ауыз сөзбен әдемі айшықтап жеткізді.
«Жолда келе жатып радиодан біраз ән тыңдадым. Әндердің бәрі цифрлардан құрылғандай әсер етті. Бірінде: «Алты жарым, жеті жарым, сегіз жарым» деп жатса, енді бірінде: «Біреу, екеу, үшеу, төртеу, санап тұрсам он екі. Он екінің ішіндегі ең сұлуы менікі» деп соғып жатыр. Мән де жоқ, мағына да жоқ. Ал Дайрабайдың әнге жазған мәтіндеріне мән берсеңіз ондай күлдібадам дүние жоқ. Мәтіндері негізінен туған жер, Отан, ел мен жер, ата-ана қадірі, махаббат тақырыбында. Сондықтан мен айтар едім – Дайрабайдың ән кеші цифрлық емес, сиқырлы ән кеші болды» деген Қазыбек Жарылқасынұлы үзеңгілес інісіне «Ақ жол» партиясы атынан алтын медаль табыс етті.
Осы газеттің бас редакторы, ақын, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің» төрағасы Сәбит Лаханов та Дайрабай Мамашұлының азаматтық істерін айтып, алғыс білдірді. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихаттың төрағасы Арман Қарсыбаевтардың құттықтауларын жеткізіп, аудан әкімінің қолдауымен таяуда ғана жарық көрген шардаралық ақындардың «Шежірелі өлке шайырлары» атты антология мен ауданымыздың сонау ежелгі ғаырдан бермен қарайғы тарихы қатталған «Құм қойнауындағы қазына» атты тарихи кітаптарды тарту етті.
Дайрабай Мамашұлы «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы қатаң ұстанған жан. 2008 жылы ауданның 40 жылдық мерейтойланған. Республикалық деңгейде мүшәйра ұйымдастырылды. Сол мүшәйраның Бас жүлдесін (автокөлік) осы Дайра-ағамыз тіккен. 2014 жылы өзі туып-өскен Сүткент ауылының 70 жылдық мерейтойы өтті. Осы мерейтойға орай ағамыз демеушілік етіп, көлемі 20 баспатабақ болатын түрлі-түсті үлгіде кітап бастырып әкелді. Тарихы сонау ерте ғасырлардан тамыр тартатын Сүткент жайлы тарихи кітап қазір шардаралықтардың төрінде тұр. Мұнан бөлек сол күні өз қаражатына мерейтойлық мүшәйра ұйымдастырғаны бар. Ақындардың алды 200 000, арты 100 000 теңгеден сыйлық алып, бір жырғағаны әлі естен шыққан жоқ.
Асқаралы 60-қа толған азамат жайлы айта берсек көп нәрсе айтуға болады.
Д.Үсіпбаевпен қанаттаса қызмет етіп жүрген батыстағы ағайындар атынан сөз алған азаматтар да мерейтой иесінің кісілік кескін-келбетін аша түсердей әсерлі естеліктер айтты.
Ән кешіне арнайы ат арылтып барған шардаралықтар «Осындай кешті Дайрабайдың туған жерінде де ұйымдастырса артық болмас еді» деп қимай тарасты.
Өз тілшімізден.