2022 жылғы 3 наурызда №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шыққан. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін.
Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» – деген болатын. Осы мәселеге орай, аудан әкімі Қайрат Жолдыбай апта барысында ел Президентінің Жарлығына сәйкес 10 ауылдық округтің және қала тұрғындарымен кездесіп, ІІІ тоқсанда атқарған жұмыстарымен таныстырды, олардың талап-тілектерін тыңдап, қордаланған түйіткілді мәселелерге қанық болды.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесу жиынын 12 қыркүйек күні Достық, Ақшеңгелді, Сүткент және Қызылқұм ауылдық округтерінен бастады. Аудан басшысының халықпен кездесуіне аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысы, сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, денсаулық, білім саласының басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиындарда аймақ басшысы аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, кездесу өткен төрт ауылда алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, әр ауылдың тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
«Кездесудегі мақсатымыз – тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі, ауылдардағы проблемаларды жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Аудан халқының ең басты күнкөрісі – диқаншылық. Сондықтан, жердің жағдайын жақсарту бойынша барынша жұмыс жасаймыз. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа ин-фрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жалғасады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сіздермен әр тоқсан сайын кездесіп, есеп беріп тұрамыз. Сондықтан әрқайсысыңыздың мәселеңізді тыңдап, оны шешу бойынша тиісті жұмыстар істейміз» – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында әр ауылдық округ бойынша мәселелер айтылып, сауалдар қойылды.
Атап айтқанда, Достық ауылындағы емхананың қоршауын жөндеу, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, ауыз су сапасын арттыру, жекеменшік ағын су каналдарын тазалау мәселелері айтылса, Ақшеңгелді ауылының тұрғындарымен кездесуде ағын су каналдарын жөндеу, интернет мәселесі, конкурспен жер алу мәселелері көтерілді.
Сүткент ауылында тұрғындар абаттандыру, емхана құрылысы, мақта бағасы, 2,5 пайыздық несие алу жолдары, ауыз су, каналдарды бетондау, газ құбырының мәселесі, ақылы қоғамдық жұмысқа тұру, атаулы әлеуметтік көмек алу, егістік және жайылым жер мәселелерін алға тартты.
Қызылқұм ауылынан жайылымдық жер, мал өлексесін тастау орнының мәселесі, электр бағаналарын реттеу, каналдарды бетондау, ветеринар мәселесі, азық-түлік бағасын төмендету бойынша әлеуметтік дүкен ашу, ағын су бағасы туралы мәселелер күн тәртібіне шықты.
Мұнан бөлек жеке қабылдау барысында да біршама мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі әр елді мекендердегі проблемалық мәселелерден хабардар екенін жеткізіп, олардың шешу жолдары мен мерзімдерін түсіндірді.
Есепті жиындардың екінші күнінде аудан әкімі Алатау батыр, Ұзын ата, Көксу және Қоссейіт ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесулер барысында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталған аудан әкімі ауыл тұрғындарының сауалдарын жеке-жеке тыңдап, ауылдардағы қордаланған мәселелерге тоқталды.
Сондай-ақ, көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, мәселелерді шешу бойынша толыққанды жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
– Әр ауылдық округтегі қордаланған мәселелерді жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Жол төсеу, ауыз су, ағын су, құрылыс, жарықтандыру секілді жасалауға тиісті жұмыстарды ауыл әкімдері жыл басынан бастап сіздермен ақылдасып, тиісті нысандардың сметасын жасаса, ауданнан, облыстан немесе республикадан қаржы бөлдіру бойынша барынша жұмыс істейтін боламыз.
Мақсатымыз халыққа есеп берген кезде құр сөзбен емес, нақты іспен нәтижеге жұмыс жасау.
Сондықтан бірінші кезекте ауыл әкіміне тиісті ұсыныстарыңызды айтып, тығыз жұмыс жасасаңыздар. Бұдан бөлек, біз тоқсан сайын өздеріңізбен кездесіп, мәселелерді ортаға салып, оны шешу бойынша тиісті жұмыс атқарамыз» – деді Қайрат Жолдыбай.
Сонымен қатар әр ауылдық округтегі кездесуден кейін жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселесін тыңдады.
Есепті жиынның үшінші күніндегі кездесулер Қ.Тұрысбеков, Жаушықұм ауылдары мен аудан орталығында өз жалғасын тапты.
– Қ.Тұрысбеков ауылын газ көзіне қосу алыс емес. Тиісті құжаттамалық жұмыстар жүргізілді, енді газға жауапты тараптарды күтіп отырмыз. Ағымдағы айдың соңына дейін көгілдір отын келеді деп күтілуде.
Ал Жаушықұм ауылын газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Алдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бүгінгі күні Жаушықұм ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын.
Сонымен қатар Шардара қаласын кезек-кезеңімен газ көзіне қосудамыз. Оған қоса қала халқын кәріз жүйесімен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.
Алдағы уақытта Шардара қаласы мен ауылдық округтерді табиғи газбен қамтамасыз етуді аяқтау, шағын және орта бизнесті, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – деді Қайрат Жолдыбай.
Аудан әкімі кездесулер барысында қойылған әр сұраққа жеке-жеке жауап беріп, мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдер мен мекемелерге тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, әр тоқсан сайын аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, мәселелерді бірлесіп шешу бойынша қарқынды жұмыс істейтінін жеткізді.
Айта кетсек, 2023 жылдың 8 айында жергілікті бюджетке 2 625,9 млн теңге түсіп, жоспар 90,4 млн теңгеге немесе 103,6% артық орындалса (жоспар 2 535,5 млн теңге), шығыстар бойынша жоспардағы 7 101,7 млн теңгенің 7 095,9 млн теңгесі немесе 99,9% игерілді. Есепті мерзімде 12,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 106,9% құраса, жыл соңына дейін 19,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 103,2% жеткізілетін болады. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 13,7 млрд теңгені (135,7%) құраса, жыл соңына дейін 41,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Бүгін таңда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына 4 ауылдық округ енгізіліп, 233 азамат несие алуға ниет білдірген.
Шардара ауданындағы 25 елді мекеннің 18 елді мекені ауыз сумен қамтылған (қамтылу деңгейі 95,97%). Бүгінде Ұлттық қор есебінен «Қызылқұм ауылының ауыз су беру торабы құрылысы» жүргізілуде. Нысан осы жылдың желтоқсан айының соңында пайдалануға беріледі. Жоба аяқталған кезде аудан бойынша құбыр суымен қамтылған халықтың үлесі 98,0% құрайтын болады. Сондай-ақ, аудандағы 25 елді мекеннің 9 елді мекені және Шардара қаласындағы 9 шағын аудан табиғи газ жүйелерімен қамтылған (қамтылуы 77%). Бүгінгі таңда Шардара қаласындағы 5 шағын ауданды және 2 ауылдық округтегі 3 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан халқының 97,7% табиғи газбен қамтылады.
Шардара қаласы тұрғындарының 27% кәріз жүйелерімен қамтылған (қолданыстағы канализация желісінің ұзындығы 36 шқ).
Шардара қаласын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында құны 906,9 млн теңгені құрайтын қаланың Қызылжар, Майқала, Абай, Ақбала шағын аудандарының кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген соң қала тұрғындарының 51% сарқынды су желісімен қамтылатын болады (қосымша 31 шқ желі іске қосылады). Алдағы 2024-2026 жылдары Шардара қаласының тұрғындарын толықтай сарқынды су желісімен қамту жоспарланған.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.