Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Сырдың сұлу бойында орын тепкен бұл қаланың ірге тасы 1964 жылы құралған. Ауданның өткеніне көз жүгіртер болсақ, айтып бітпейтін тарих қойнауы жатыр. 60 жылдық тарихы бар бұл өңір күннен күнге дамып, көркейіп келе жатыр. Әйтсе де, қаланың шырайлы шырқын бұзушылар да жоқ емес.
Қабырғаларға жазулар жазып, мүсіндерді қиратуды «вандализм» дейміз. Осы әрекеттерге барушыларды «вандалдар» деп атайды.
Вандализм дегеніміз не? Жалпы вандализмнің шығу тарихы тым тереңде. Сонау 450 жылдары Рим империясында пайда болған. Түп мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Рим империя болып тұрғанда мәдениеті осал тайпалар Римнің архитектуралық құрылыстарын қиратқандарға қатысты айтылған термин. Сонан бері мыңдаған жылдар өтсе де дәлдүріштердің әлі де бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап-ақ қарайықшы...
Шардара қаласының қақ ортасында орналасқан «Тұңғыш Пезидент саябағы» ауданымыздың рухани байлығына тұнып тұр десек қателеспейміз. Онда Ұлы Отан соғысында кеудесін оққа тосқан жаужүрек батыр аталарымыздың аттары тасқа қашалып жазылып, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы атанған жерлестерімізге ескерткіш орнатылған, ауданымызды өз қолдарымен құрған, ауданның экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлері жайлы бұрыштар ұйымдастырылған. Мұндағы серуендеуге арналған жолдар мен жарық бағаналары, шамдары, спорттық жаттығу алаңшасы, барлығы мемлекеттің құзырында болып табылатын дүниелер. Арайлап атқан таңның атысымен, нұрланып бататын кешке дейін саябақта арнайы күзетшілер мен бағбандар қызмет етеді.
Осындай құнды дүниелер мен ерен еңбекті бағаламай, бардың қадіріне жете алмай, оларға зақым келтірілген жәйттерді көргенде жүрегіңіз ауырады. Кіреберістегі қақпадағы арнайы белгілерге дейін жыртып, бүлдірген. Мұндай оспадарлыққа кімнің дәті жетті екен?! Саябақ ішіндегі жарық шамдарының арнайы қаптаушасының бірін қолды еткен, енді бірін сындырып кеткен. Осы саябақ ішіндегі спорттық алаңдағы құрал-жабдықтардың да тас-талқанын шығарған.
Мұнан бөлек, осындағы түнгі демалыс орындарында болғандар өздерінен қалған қоқысты, қоқыс жәшігіне салмай, сол жерге шашып кететінін талай байқағанбыз.
Бұл тәртіпсіздікті кімдер істеуі мүмкін? Жасөспірімдердің (кәмелетке толмағандардың) жүріс-тұрысы қатаң бақылауда. Жасы 40-тан асқан жігіт ағалары мұндай сорақылыққа бара қоймас. Жастары 20 мен 30-дың арасындағы азаматтардан шықты ма екен? Кінәлілерді құзырлы орындар іздестіріп, таба жатар. Біздікі – осындай оспадарлықтың алдын алуға шақыру.
Бұл жердегі құрал-жабдықтың бәрі халықтың еңбек ақысынан төленіп отыратын салықтың есебінен салынатынын білсеңіздер екен. Сол мүлікке қол салып, білгенін істегендер өз еңбектерінің не болмаса ата-аналарының еңбегін бағаламаған болып табылады.
Вандализм – мәдениетке деген ең ауыр қастандық. Сондықтан оған қарсы күресті де қатаңдату керек. Әйтепесе мұның соңы неге апарарын кім білсін?
Мадина ЕРАЛЫ.