Кешегі кеңестік дәуірде болып өткен Ауған соғысы біздің жүрегімізге ауыр жара салды. Біз сол қан майданның ортасында от пен оқтың астында жүрдік. Әрбір күні, әрбір сағатта, әрбір минут-секундта жанымыз шүберекке түйілгендей еді. Қазір «Бұл соғыс анандай мақсатта, мынандай мақсатта болды. Дәріптеп керегі жоқ» деушілер де табылуда. Бірақ біз сол кезде Отан алдындағы антымызға адалдық таныттық.
Майдан даласына аттанған ешбір жауынгердің титтей кінәсі жоқ!
Сол соғысқа біздің жерлестеріміз де, яғни, шардаралық азаматтар да қатысты. Оның әрбірі батырлығымен көзге түсті. Олардың арасында 2 жауынгер – Мұхтар Оразбеков пен Темірян Сұлтанғараев Ауған топырағында ерлікпен қаза тапты. Соғыстан аман-сау келгенімен сонда алған жарақаттардың зардабынан бертін келе 13 сарбаз өмірден өтті.
Жауынгерлердің ерлігі – ұрпақ жадында ұмытылмауы тиіс. Сондықтан амал жоқ, халық жүрегіне Ауған соғысы салған ауыр жараның ауызын ашуға тура келеді бүгін. Себебі, биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жылдың жүзі болып отыр.
Жалпы, Ауған соғысы жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Еліміз ес жиып, етек жиған соң, өзінің өткеніне көз жүгіртіп, барлығын байыппен тарихтың сын таразысына салды. Сөйтіп, кеңес үкіметі кезінде көп айтыла бермеген қазақстандық интернационалист жауынгерлердің жалынды ерлігіне ерекше көңіл бөліне бастады. Шүкір дейміз.
Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тікелей бастамасымен бірнеше іс-шара қолға алынды. Бұл – өте қуанарлық және құптарлық іс болды. Сол секілді, жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі сияқты басқа да бірқатар жауапты құрылымдар тарапынан әлеуметтік көмектер ұйымдастырылып келеді. Мұның бәрі де ел ішінде «ауғандық ардагер» атанып кеткен біздерге деген үлкен құрмет пен ыстық ықыластың белгісі деп білемін.
Аудандық мәслихаттың шешімімен Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың, ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына, аудан шегінде тұратын Ауған соғысының жауынгерлеріне біржолғы әлеуметтік көмек төленіп тұрады.
Мұнан бөлек аудандық аурухана қызметкерлеріне әріптестерім атынан алғыс айтқым келеді. Мұның сыртында жекелеген кәсіпкер азаматтар денсаулығы сыр берген достарымызға қол ұшын беріп тұрады.
Сол кездері Шардарадан 100-ден астам жауынгер Ауған соғысына қатысса, қазір 34-іміз сапта жүрміз. Олардың тұрмыстық деңгейі анықталып, медициналық-профилактикалық тексеру жүргізу және кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Бірнеше Ауған соғысының ардагері сауықтыру орындарында ем қабылдады.
Ауған соғысының ардагерлері сеніп тапсырған міндеттері мен өздерінің интерноционалдық борыштарын абыроймен атқарып, қазіргі күндері еліміздің жастарын Отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде үлгі көрсетуде.
Құрметті Ауған соғысы ардагерлері, төл мерекелеріңіз құтты болсын!
Мырзахан Жұмалиев, Шардара аудандық «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі» қоғамдық
ұйымының төрағасы.