Наурыз мейрамы қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені "діни мейрам" деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салған еді. Көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды. Жыл басы мерекесі 1991 жылдан бері елімізде мемлекеттік мәртебеге ие болып, тұрақты түрде тойланып келеді.
Биылғы Наурыз мерекесі шалғайда жатқан шағалалы да шежірелі Шардара өңірінде өзгеше реңмен өтті. Наурызды атап өту тұжырымдамасына сәйкес 10 күн бойы түрлі іс-шаралар жүзеге асырылды.
19 наурыз күні Ұлыстың ұлы күніне орай, талантты жастарды қолдау, жастарға салт-дәстүріміз бен әдеп ғұрыптарымызды насихаттау, мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтыбақан аясында» атты кеш өтті. Шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Жұмасұлтан Бердешов ашып, жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
Кеште аудан өнерпаздары әсем ән шырқап, мың бұралған бишілер өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, интеллектуалды ойындар ойналып, көңілді әзілдер сахналанды. Сонымен қатар жастар арасында гір көтеру, арқан тарту, жерден көтерілу спорт түрлерінен тартысты бәсекелер өткізілді. Ойындардың қорытындысы бойынша Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов іс-шараға белсене қатысқан жастарды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Кеш соңы ән шашуға ұласып, аудан тұрғындарын мерекелік көңіл күйге бөледі.
20 наурыз күні Әуежай алаңында жалпыхалықтық Наурыз мерекесі аталып өтті.
Думанды шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрмаханбет Сапаров пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков бастаған топ, алдымен аудандық дербес бөлімдер, ауыл әкімдіктері мен мемлекеттік мекемелердің тіккен киіз үйлерін аралап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Аралау барысында 200 адамдық мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған жандарға жайылған дастарқанға барып, мерекемен құттықтап, 100 жанға әлеуметтік себеттер үлестірілді.
Сондай-ақ, әр киіз үйде қазақы салт-дәстүрге тән тұсау кесер, қыз ұзату, ұршық иіру, жүн түту секілді ғұрыптарды тамашалап, қолөнер, сурет сынды көрмелермен танысты.
Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралап болған соң Н.Сапаров аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан қалың жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Халқымыз үшін Наурыздың орны ерекше. Наурыз – жанға шуақ, жүрекке жылулық сыйлайтын мереке. Наурыз – жылдың басы ғана емес, жаңару мен жаңғырудың айқын белгісі. Ауданымыз жылдан жылға қарыштап дамып келеді. Мұндағы игі істердің бәрі аудан халқының ауызбіршілігімен жүзеге асуда. Қазақ халқының қастерлі мерекесі тағы да құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын – деді Н.Сапаров.
Сонымен қатар, мерекеге орай мемлекеттік мекемелердің киіз үйлері мен салт-дәстүрлерге негізделген мәдени шаралары арнайы бағаланып, үздік шыққандар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, мерекеге орай мемлекеттік мекемелердің киіз үйлері мен салт-дәстүрлерге негізделген мәдени шаралары арнайы бағаланып, үздік шыққандар арнайы марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда «Үздік киіз үй» номинациясы бойынша бас жүлдені «Шардара су электр станциясы» АҚ жеңіп алса, 1 орынды №16 колледж, 2 орынды Орман және табиғатты қорғау мекемесі, 3 орынды аудандық орталық аурухана ұжымы иеленді.
Сонымен қатар, мерекелік безендіру мен дәстүрді дәріптеуге атсалысқан әр мектеп ұжымына Алғыс хаттар табысталды. Бұдан бөлек Наурыз мерекесін 10 күн бойы тойлау іс-шарасында белсенділік танытқан бөлімдер мен мекемелерге аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар тапсырылды.
Шардара төріндегі айырықша мерекеде концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздардың орындауында Наурыз, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар дәріптелетін әндер шырқалды. Ауданға, облыс және республикаға танымал әншілер өнер көрсетті.
Таң алакеуімде салтанатты түрде бастау алған мерекелік шара біршама уақыт жалғасып, концерттік бағдарламалар мен театрландырылған көріністер, ұлттық спорттық ойындарынан, соның ішінде қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту, асық ату, аударыспақ, теңге ілу, ләңгі тебу сынды сайыстар өткізілді.
Рүстем Пердебек.